Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Астана» саябағына «Алматы» саябағы қосылады

Дата: 08 февраля 2019 в 01:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Дүйсенбі күні «Геолог» мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Алматы ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиында өткен жылғы атқарылған жұмыстар баяндалып, биылғы жылға қойған міндеттер талқыланды.

Кездесуде алдымен қала әкімі Ілияс Испанов есеп беріп, өткен жылы ашылған екі ауданның дамуына тоқталды.

— Ақтөбе қаласы — 253 187 гектар аумақты қамтитын, қарқынды дамып келе жатқан облыс орталығы. Бүгінде қаламызда 480 мыңнан аса халық бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес қаламыздың агломерация орталығы ретінде бұдан әрі дамыту мақсатында бес ауылдық округтің негізінде қала аумағында екі аудан құру туралы шешім қабылданды. Бұл өзгерістер қосымша материалдық ресурстарды талап еткен жоқ, мұның бәрі қолданыстағы штат пен ішкі резервтер есебінен жүзеге асырылды. Жаңадан құрылған Астана және мен Алматы аудандарының әкімдіктері қаланы басқару тәсілін айтарлықтай жақсартты. Бұл құрылымдар қаланың әлеуметтік, білім, спорт және мәдени даму мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді.

Ал 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерді қолдау картасына жалпы сомасы 20,3 миллиард теңге болатын 13 инвестициялық жоба және 1050 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінгі күні жалпы құны 7,5 миллиард теңге болатын және 270 жұмыс орны ашылатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар биылғы жылы іске қосылады, — деді І.Испанов.

Оның айтуынша, биылғы жылы Ақтөбе қаласы аумағында Азиялық даму банкінің қаражаты есебінен 2856 гектар суармалы жерді пайдалану жоспарлануда. Бүгінгі күні 17 845 гектар немесе егістік жердің 100,8 пайызы сандық жүйеге енгізілген. Сондай-ақ биыл жылыжай кешендерін салу үшін бөлінетін жер алқаптарын 10 гектарға дейін ұлғайту және екі сүт-тауарлы фермасы, мал жемдейтін алаң салу жоспарлануда.

Өткен жылы Өрлеу ауылын ауызсумен қамтамасыз ету желілерінің құрылысы басталса, биыл су құбыры іске қосылмақ. Сонымен қатар Белогорка ауылын ауызсумен қамтамасыз ету желілерінің құрылысы басталмақ. Өткен жылы облыс орталығында «Астана» саябағы ашылса, биылғы жылы «Алматы» саябағының құрылысы  жоспарлануда. Ал қала жолдарын жөндеуге 4 млрд теңге бөлініп отыр.

Өз есебінде шаһар басшысы қаладағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, кәсіпкерлік, тұрғын үймен қамту, спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

Қала әкімінің айтуынша, биыл қала аумағында футбол орталығы, роликті шаңғы трассасы, жеңіл атлетика алаңы және басқа да бірқатар спорт нысандарының құрылысы басталады. Ал Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай шаһарымызда көптеген мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

— Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай біз шаһарымыздың іс жүзінде еліміздегі ең үздіктердің бірі болып, барлық жаңалықтарды қабылдауына және ел дамуымен бірге ілгері жылжуы үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Ол үшін әрбір тұрғын қаланың дамуына, көркеюіне өз үлесін қосуы керек. Ал үлес, ең алдымен, өз ауламыз бен көшемізді көркейтуден басталады. Сондықтан биылғы қаламыздың мерейтойын жақсылап атап өту үшін сіздерді жұмыла еңбек етуге, қолдау көрсетуге шақырамын, — деді І.Испанов.

Бұдан кейін кездесуде Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев өткен жылы аудан бойынша жүзеге асырылған жұмыстар мен жобалар туралы баяндап, есеп берді.

Сұрақ-жауап кезегі келгенде Алматы ауданының ақсақалдары белсенділік танытты. Атап айтсақ, зейнеткер Серік Тұрекешев Ақжар-1 ауылының аумағындағы 16 бау-бақшада тұратын 400-ден астам бала қысы-жазы автобуспен №40, №53, Мұхтар Арын атындағы орта мектептерге қатынап оқитынын, алдағы уақытта осы жерге мектеп салынса және Ақжар-1 ауылынан Қарғалы ауылына қарай өтетін күре жол бойы жарықтандырылса деген тілегін жеткізді. Ал зейнеткер Қази Бейімұлы Қарғалы ауылындағы Солнечный, Степной, Дружба көшелерінен аялдамаға жету көктемде қар еріген кезде тұрғындарға қиындық тудыратынын, сол себепті ескі көпір қайта салынса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ ақсақал қала әкіміне Солнечный көшесіндегі бірқатар үйлердің ауласына орналасқан жоғары вольтты электр желісінің мәселесін шешуді сұрады.

Аталған сауалдарға қала әкімі былай деп жауап берді:

— Бүгінде қала аумағында 334 бау-бақша кооперативі бар. Өткен жылы 30-дан астам бау-бақша кооперативіндегі үйлерге «жеке тұрғын үй» статусы берілді. Алайда бау-бақша кооперативіндегі тұрғындардың мәселесіне келсек, алда атқарылатын жұмыс көп. Қазіргі таңда аудан әкімдіктері мен қалалық жер қатынастары бөлімі осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бау-бақшаға үй салу, оларға газ, су тарту, жалпы азаматтарды тіркеу мәселесінде белгілі бір тәртіп орнатуымыз керек. Ал мектеп мәселесіне келсек, бүгінгі өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы Білім министріне бұдан былай мектептерді салу мәселесі жергілікті атқару органдарына берілсін деген тапсырма берді. Яғни болашақта жергілікті билік тұрғындардың қажеттілігіне қарай мектептердің салынуына жағдай жасайды. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады. Сәуір айында өтетін санақтан кейін сол бау-бақша коллективіндегі тұрғындар мен балалардың санын қарап, тым болмаса бастауыш мектеп салу жайын қарастырамыз. Ал жолдарды жарықтандыруға келсек, биыл бұл жұмыстарды қолға аламыз. Жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру мәселесін шешеміз. Сондай-ақ көпір мәселесі де біздің назарымызда болады.

Кездесуде сондай-ақ қоғамдық көліктердің жүру бағыты, жастарды еңбекке тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, т.б. мәселелер бойынша тұрғындар өз сауалдарын қойды.

Кездесу соңында тұрғындар бірауыздан қала әкімінің есебіне жоғары баға берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.