Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Жастарға ерекше көңіл бөлінеді

Дата: 08 февраля 2019 в 01:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Жастарға ерекше көңіл бөлінеді

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тұрғындар алдында есеп берді. Кездесуге қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты.

І. Испанов қаланың  өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен бірге биылғы алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды.

— Ақтөбе — агломерацияға айналатын, жедел дамып келе жатқан орталық.  Жаңадан құрылған Астана және  Алматы аудандарының әкімдіктері қаланы басқару тәсіліне тиімді өзгерістер жасауға негіз болды. Бұл құрылымдар қаланың әлеуметтік, білім, спорт және мәдени даму мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді, — деді қала әкімі.

Қалада электр қуаты, газ, ауызсумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық индикаторлар бойынша көрсеткіштер жақсарған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 168,6 млрд теңге болып, 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 109,6% құраған. Бүгінгі күні жалпы құны 7,5 миллиард теңге болатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.  Олар — биыл  іске қосылатын қуаты 5 миллион шаршы метр болатын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның керамикалық плиталар мен керамогранит өндірісі зауытының құрылысы, жылына 200 дана тіркеме техникасын өндіретін қуаты бар «Технодом СТ-KZ» ЖШС-ның өндірісі. Екі жоба жүзеге асқан кезде 270 жұмыс орны ашылады.

Осы және өзге де мәселелерге тоқталған шаһар басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Сұрақ қоюшылар көп болды. Оның ішінде жастар әртүрлі мәселелерді ортаға салды. Қала әкімі жастардың мәселесі бірінші кезекте көтерілетінін,  Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесі қарсаңында жастардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Тұрғын Төлеген Ермеков қалалық Мәдениет үйіндегі өнерпаздардың проблемасын көтерді. Кейінгі жылдары өнер үйіне талантты жастар көптеп келіп жатыр. Алайда ансамбльдерге ұлттық аспаптар жетіспейді. Қала әкімі бұл мақсатқа 8 миллион теңге  қаржы қажет екенін, оны қарастыратынын айтты. Сондай-ақ жиында жас мұғалімдер баспана мәселесін көтерді. Қала әкімінің айтуынша, биыл 150 пәтер мемлекеттік мектептерде істейтін мұғалімдер мен жас мамандарға берілмек. Қазіргі күні облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма осы проблемамен айналысып жатыр. Ал Құршасай ауылының тұрғыны Жаңбырбай Жиенқұл донорларға берілетін бір реттік ақының мөлшерін көбейтуді сұрады.

— Мен тұрақты донормын. Еңбегімді сатпаймын. Өткенде қан орталығынан қоңырау шалды. Ақ қан ауруына шалдыққан балаға жедел түрде тромбоцит керек екен, 40 минутта жетуімді сұрады. Мен 1500 теңге төлеп таксимен келдім. Тромбоцит алу қарапайым қан тапсыру емес. Оны алғаннан кейін адам әлсіреп, екі-үш күн бойы жұмысқа жарамсыз болып қалады. Ал осындай көмегім үшін 632 теңге төлейді. Әрине, мен бұл ақшаға зәру емеспін, тіпті алмауыма да болады. Менің таксимен келуіме жағдайым көтереді. Бірақ мен сияқты өзге донорлардың бұған әлеуметтік жағдайы көтермеуі мүмкін. Сондықтан донорларға ең болмаса жол шығынын көтеретіндей ақы төленсе. Қалалық мәслихатта осы проблема қаралса, — деді.

Қала басшысы мұның орынды ұсыныс екенін, мәслихат депуттарымен бірлесіп проблеманы шешуге ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ тұрғын ауылдық жерлерде қоқыс сұрыпталмайтынын, пластикалық бөтелкелерді жинау үшін арнайы контейнер қажет екенін жеткізді. Қала әкімінің айтуынша, қазір қалада 93 мектеп бар. Барлығына пластикалық қалдықтарға арналған контейнер қойылған. Алдағы уақытта Ақжар-2, Жаңақоныс секілді ауылдық жерлерге де орналастырылады.

Жиында жарықтандыру, көшелерді жөндеу және жеке мәселелері бойынша шағым айтқан да тұрғындар болды. Қала басшысы барлығының сұрағын мұқият тыңдап, жауап берді. Кейбір мәселелерді орынбасарлары мен жауапты мекемелерге тапсырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями