Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбе өнер шеберлерінің халықаралық орталығына айналмақ

Дата: 01 февраля 2019 в 10:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбе өнер шеберлерінің халықаралық орталығына айналмақ

 «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады».

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Биылғы жыл айтулы даталар мен мерейтойларға толы жыл болғалы тұр. Соның ішінде әуелі Ақтөбе қаласының 150 жылдығын ерекше атап өту керек. Облыс орталығының тойынан бөлек, Елбасы жариялаған Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылмақшы. Бұның барлығы, әрине, ақтөбелік мәдениет және өнер мекемелері қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.

«Екеуіне екпін береміз…»

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан

Қорғанбаеваның айтуынша, Ақтөбеде өтетін кез келген шараның Елбасы қабылдаған бағдарламалық мақалалардың идеясымен астасып, үндесіп жатуы басты қаперге алынған. Соның ішінде, әрине, тарихты тануға деген талпыныстан туған жобалар аз емес.

— Жыл сайын өткізілетін мәдени іс-шараларды қоспағанда, биыл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына ерекше мән бере отырып, ұйымдастыру жұмыстарының ауқымын кеңейте түстік. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобалары бойынша 60-тан астам шара шымылдығын түргелі отыр.

Сондай-ақ, 9 аудан орталығы мен 1 облыстық кітапхана жанынан коворкинг орталықтар ашу, жаңа ғимаратқа көшкен облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру», «Өлке тарихы», «Ерлік жолы», «Этнография», «Тәуелсіздік жолымен» атты экспозициялық залдар жасақтау жұмыстары басталып та кетті. Халық шығармашылығын насихаттау мақсатында батагөй ақсақалдар сайысы, Сабантой мерекесі, «Үш жұлдызы Батыстың» республикалық патриоттық әндер байқауы, кәсіби өнер саласында «Классика – 2019» облыстық жас дарындардың фестиваль-байқауы, «Жібек жолы» республикалық эстрадалық әншілер байқауы, басқа да шаралар жоғарыда аталған бағдарлама аясында өткізілмек, — дейді ол.

Мәдени шараларды өткізу барысында мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмақ емес. Ерекше жандармен өткізілетін ірі жобалар қатарында «Шексіз өнер» атты шығармашыл жастар арасындағы республикалық биеннале, халықаралық «Өзгеше өнер өрнегі» деп аталатын мүгедек және ерекше жасөспірімдер фестивалі, кітапханалар ұйымдастыратын «Біз сіздермен біргеміз!» атты жылжымалы кітапхана жұмыстары, түрлі тақырыптағы әдеби-танымдық  кештер бар.

Былтырдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекі­тілген жаңа мейрам — Ұлт­тық домбыра күніне орай облыстық әкімдік Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып «Әдеби өлкетану» жобасын жүзеге асыруды жоспарға енгізген.

Ал «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін туысқан халықтардың көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтитын археологиялық, антропологиялық, генетикалық, т.б. ғылыми зерттеулер нәтижелері көрініс табатын «Ұлы дала жауһарлары» көрмесі көпшілікке жол тартпақ. Жоспарға сәйкес, шаһарда сақ дәуіріндегі «Алтын адамдардың», Берел жылқыларының, Ботай қонысынан табылған аңдардың остеологиялық материалдарының, көне жазу мәдениетінің көрмелері өткелі отыр.

Ұлы даланың ұлттық мұрасы ұлықталмақ

Ең бастысы — Ақтөбеде ауқымы кең, алыс-жақын елдердегі қазақтардың басын қосатын бірнеше халықаралық фестиваль ұйымдастырылмақшы. Айталық, «Ұлы дала сазы» циклымен халықаралық фольклорлық этнографиялық фестиваль-концерт ұсынылмақ. Оған түркі тілдес халықтардың домбыра, қылқобыз, шаңқобыз, сыбызғы, жетіген, сонымен бірге, әр ұлтқа тән аспаптарда (думбыра, қияқ, комуз, т.б.) ойнайтын дәстүрлі өнер шеберлері арнайы шақырылмақ. Олар жергілікті жыршы-жыраулар мен күйшілер, жалпы аспапшылармен Ақтөбе төрінде

ұлттық сарындағы музыканы бір жұма бойы әуелеткелі отыр.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыста жалпы саны 490 мәдениет және өнер мекемесі бар. Оның 40-қа жуығы Ақтөбе қаласында орналасқан.

Одан бөлек, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы  жобасына сәйкес, Ақтөбеге қолөнер шеберлері мен ұсталар жиналады деп күтілуде. Мәдениет майталмандары халықаралық деңгейдегі тас-темір мүсіндерінің симпозиумына, «Ұлы дала шеберлерінің ұлы мұрасы» дүниежүзілік қолөнер шеберлерінің және ұсталардың фестиваліне қатыспақ.

— 1-20 қыркүйек күндері аралығында өтетін дәнекерлеу және тас мүсіні симпозиумының мақсаты — дәнекерлеу әдісін және Жасыбай бортастарында жасалған көлемді мүсіндерді насихаттау. Шара аясында қатысушылар Ұлы дала мұрасының бейнесін ашу, Орта Азия тарихын, дәстүрлерін, қонақжайлылық қасиеттері мен мәдени тұрмысын көрсету бағытында түрлі мүсіндер жасайды. Ашық аспан астында өтетін мәдени-көпшілік шара барысында шеберлер өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері мен қала қонақтарымен кездесіп, мүсін жасаудың дәнекерлеу тәсілі мен тасты кесу техникасымен таныстырады. Шеберлік сағаттарын өткізеді. Симпозиум аяқталысымен авторлардың қатысуымен көрме ұйымдастырылады, соңында туындылар облыстық өнер музейінің қорына тапсырылады. Жалпы саны 20-ға жуық мүсінші қатысады, — дейді ұйымдастырушылар.

Өз кезегінде «Ұлы дала шеберлерінің ұлы мұрасы» халықаралық қолөнер шеберлерінің және ұсталардың фестиваліне кәсіби зергерлер, қолданбалы-сәндік өнердің барлық түрлері бойынша  шеберлер шақырылады. Қазірдің өзінде алыс-жақын елдерден, республиканың өзге облыстарынан 40 делегат қатысуға ұсыным жолдапты. Ақтөбенің өзінен әзірге 10 шебер бақ сынауға ықылас білдірген.

Ескірмейтін естеліктер

Осы жылы Ақтөбе қаласында бірқатар тарихи тұлғалардың ескерткіші тұрғызылмақ. Демеушілердің көмегімен Едіге батыр, Жалаңтөс баһадүр, Бауыржан Момышұлы, Шәмші Қалдаяқовтың бейнесі тасқа қашалғалы отыр. Олардың ескерткіш-мүсінінің қайда орнатылатыны да белгілі. Мәселен, Едіге батырдың ескерткіші «Табыс» коммуналды базарының маңында, ал Жалаңтөс баһадүр Автовокзал аялдамасы тұсында, даңқты батыр әрі жазушы  Бауыржанның бейнесі Батыс-2 шағын ауданында бой көтермек. Сондай-ақ, Есет Көкіұлы, Бөкенбай батырлардың ескерткіштерінің салтанатты ашылуы биылға жоспарланыпты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының сөзінше, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын қоршауға, «Алмат тамы» кесенесінің жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындау үшін сұраныс жіберілген. Ал барлық құжаты дайын Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымындағы «Қыз әулие» күмбезін, Алға ауданындағы Шәкен ишан мешітін және Ойыл ауданындағы «Керуен сарай» тарихи-архитектуралық кешенін қалпына келтіру жұмыстары биыл іске асуы тиіс.

Айтулы даталар атаусыз қалмайды

Әлгінде айтқанымыздай, биыл — Жастар жылы, Ақтөбе қаласының 150 жылдығы, Кіші жүздің  атақты биі Әйтеке Бәйбекұлының 375 жылдығы, үш бәйтерегіміз —Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, қоғам қайраткері Телжан Шонанұлының 125 жылдығы. Бұл атаулы даталарды мерекелеу жұмыстары жыл бойы жалғаспақ.

Жерлес қаламгерлер — Ізтай Мәмбетовтің 90 жылдығына арнап «Мен туыппын ақпандатқан боранда» облыстық жыр мүшәйрасын, Тобық Жармағамбетов пен Сағи Жиенбаевтың 85 жылдықтарына орай республикалық конференциялар, «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» атты аймақтық жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастыру — жоспарлардың бірі.

Сонымен қатар, биыл Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония 75 жылдығын атап өткелі отыр. Осыған орай, халықаралық би күнінде «Аққу – 2019» облыстық би фестиваль-байқауы шымылдығын түрмек.

Тағы бір атаулы дата — Ақтөбе қаласының 150 жылдығының құрметіне халықаралық «Балауса» эксперименталды спектакльдер фестивалі, облыстық «Ән қанатында» хор ұжымдары фестивалі, республикалық «Өнерім — өрісім» отбасылық ансамбльдер байқауы , «Құтты мекен — Ақтөбе» атты ән фестивалі, т.б. өткізілгелі отыр. Бұдан басқа, «Айтқыштар — Ақтөбеде» атты ХIII республикалық әзіл-сықақ фестивалі, «Ақтөбе — жыр құшағында» атты Батыс Қазақстан аймақтық балалар жыр мүшәйрасы, «Ән тербеткен Ақтөбем» авторлық әндер байқауы, «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық  ән фестивалі шаһардың «туған күніне» арналмақ.

Ақтөбелік өнер ұжымдары шетелге гастрольге шығады

— Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» бөлімінде  «Электрондық архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құруға тапсырма бергені белгілі. Бұл ретте біздер Ресейдің Орынбор және Уфа қалаларының архивтерінен өңір тарихына қатысты құжаттарды іздеу, деректерді жинақтау үшін ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Жас археолог» үйірмесінің жұмысын жандандырмақшымыз.

Тағы бір жақсы жаңалық ретінде шығармашылық ұжымдарымыздың Ресей, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан мемлекеттеріне гастрольдік іссапармен шығып, қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттауды көздеп отырғанын айтуға болады, — дейді басқарма басшысы.

Мұнымен бірге, биыл «Ақтөбе айтыскерлері» монографиясы мен «Даламның дара жырлары» жыршылар антологиясы (аудиотаспа) жарыққа шықпақ. Бұл —  «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында қолға алынған шаруа.

  Айбек ТАСҚАЛИЕВ.