Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Әр елде бала туғанда берілетін жәрдемақы қандай

Дата: 25 января 2019 в 12:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Әр елде бала туғанда берілетін жәрдемақы қандай

Таяуда еліміздегі көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының және бала туу мен бір жасқа дейін баланы күту үшін берілетін жәрдемақының өскені хабарланған еді. Осыдан кейін Қазақстандағы көпбалалы аналарға және бала туу мен бір жасқа дейін берілетін жәрдемақы жайлы қызу талқылана бастады. Бүгінде кез келген мемлекетте аналар мен балаларға түрлі жәрдемақы мен жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, ана капиталын қалыптастыру мақсатында мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр.

Бір мемлекетте баланы жалғыз асырап отырған анаға немесе әкесіне жәрдемақы төленіп, жеңілдіктер берілсе, басқа елдерде көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларға ерекше назар аударылады. Дегенмен әрбір дамып жатқан елде ана мен балаға қажет мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр деуге болады.

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі әр елде бала туғанда берілетін жәрдемақы қандай екенін және ана капиталының әр елде қалай бағаланатынын анықтап көрді. 

Қазақстан

Жәрдемақының бірінші түрі — бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы — 16 100 теңге.

Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақының мөлшері — 95 950 теңге. Төртінші балаға — 159 075 теңге. Соңғы үш жылда Қазақстанда жәрдемақы 38 пайызға өсті.

Жәрдемақының екінші түрі — бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін әлеуметтік қолдау. 

Бірінші баладан төртінші балаға дейін ай сайын беріліп отыратын жәрдемақы орташа есеппен 14,5 мың теңгеден 20,5 мың теңгеге дейін. Ал анасы ол уақытқа дейін жұмыс істеген болса, ол жәрдемақының екі түрін алып отыруға құқы бар екен. Біріншісі — бала қарауға, бала күтіміне берілетін жәрдемақы — соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы. Ол орташа есеппен 2018 жылы 32 361 теңге болды. Әлеуметтік қолдау мақсатындағы жәрдемақының екінші түрі — жүктілік пен бала босануға берілетін жәрдемақы, оның мөлшері анасының соңғы бір жылдағы орташа табысына байланысты.

Ресей

Ресейде бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызына тең екен. 

Сондай-ақ, анасына сомасы шамамен 2 582 248 теңге болатын «ана капиталы» сертификаты беріледі. Осы сертификатты иеленгендер оны мына мақсаттарда қолдана алады екен: зейнетақы қорына сала алады, баспана жағдайын жақсарту мақсатында, яғни ипотеканың алғашқы төлемі ретінде, сондай-ақ, баланың білім алуына жұмсай алады.

Ресми дереккөздерге сүйенсек, 2018 жылдан бастап Ресейде балаларға бірден бірнеше жәрдемақы беру қарастырлыған. Кейбір жәрдемақылар бір жолғы жәрдемақы ретінде берілсе, қалғандары айына бір рет беріліп отырады. Сондай-ақ, жәрдемақы мөлшерінің әр өңірде әр түрлі болуы мүмкін екені айтылады.

Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы 

Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері — 93 262 теңге (16 350 рубль). Ол бірінші бала болсын, екінші немесе одан кейінгі бала болсын осындай мөлшердегі жәрдемақы беріледі. Егіз туған жағдайда жәрдемақы екі еселенеді екен.

Сондай-ақ, мұндай жәрдемақыны 2018 жылы ата-ананың біреуі ғана ала алғаны айтылады. Оны жұмыс істеген және жұмыс істемеген де ата-ана алған.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын бала күтіміне берілетін жәрдемақы

Жәрдемақы соңғы екі жылдағы табысқа байланысты есептеледі. Осылайша, бірінші балаға кем дегенде 17 483 теңге (3 065 рубль) берілсе, екінші балаға кем дегенде 34 971 теңге (6 131 рубль), көп дегенде 131 878 теңге (23 120 рубль) беріледі.

Қырғызстан

Қырғызстанда жаңа заңнамаға сәйкес, бала 16 жасқа толғанға дейін оған жәрдемақының үш түрі беріледі екен. Бірақ олардың сомасы әр түрлі.

Біріншісі бала туғанда бір жолғы жәрдемақы ретінде 21 629 теңге (4000 сом) төленеді. Екіншісі, анаға көмек көрсету мақсатында бала 3 жасқа толғанға дейін ай сайын 3 785 теңге (700 сом) беріледі. Ал жәрдемақының үшінші түрі көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Ол жәрдемақы отбасында үш немесе одан көп баласы бар аналар алады. Жәрдемақының мөлшері — 2 703 теңге (500 сом).

Өзбекстан

Өзбекстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 жасқа дейінгі балалары отбасылар мен 2 жасқа дейінгі баланың күтіміне берілетін жәрдемақының жаңа мөлшері бекітілді. 

Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы — 16 541 теңге (368 600 өзбек сомы).

Қабылданған жаңа заңға сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға (отбасындағы бала санына байланысты) мынадай мөлшердегі жәрдемақы бөлінеді: отбасында бір бала болса ай сайын 5 518 теңге (122 000 өзбек сомы), екі бала болса — 9 182 теңге (203 000 өзбек сомы), ал үш немесе одан да көп бала болса ай сайын 12 846 теңге (284 000 өзбек сомы) беріледі.

Ал бала екі жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақының мөлшері — 18 365 теңге (406 000 өзбек сомы).

Бұдан бөлек, ресми мәліметтерге сүйенсек, жағдайы төмен отбасыларға ай сайын 13 796 — 27 593 теңге (305 000 — 610 000 өзбек сомы) аралығында материаллдық көмек көрсетіледі.

Әзербайжан

Әзербайжанның заңнамасына сәйкес, онда бала дүниеге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақы — 24 164 теңге (109 Әзірбайжан манаты).

Әзербайжанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Фазиль Талыблының айтуынша, бала 1,5 жасқа толғанға дейін анасына ай сайын 9 754 теңге (44 манат) беріледі. 1,5 — 3 жас аралығындағы балаларға ай сайын 6 220 (28 манат) мөлшерінде жәрдемақы бөлінеді екен.


Суреттер pixabay.com және pexels.com сайттарынан

Беларусь

Беларусьтің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2018 жылдың 26 қазанындағы қаулысына сәйкес, 1 қарашадан бастап балаларға берілетін жәрдемақы өсті.

Сондай-ақ, ресми деректерге сүйенсек, Беларусьте күнкөріс деңгейі 0,3 пайызға артып, 37 709 теңгеге (214,21 беларусь рубліне) жеткен. Осыған байланысты әлеуметтік және балаларға берілетін жәрдемақы да өскен.

Бірінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы — 377 078 теңге (2 142 беларусь рублі);

Екінші және одан кейінгі балалар туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы — 527 768 теңге (2 998 беларусь рублі). Ал жүктілігінің 12-аптасына дейін денсаулық сақтау ұйымдарында есепке тұрған әйелдерге берілетін бір жолғы жәрдемақы — 37 709 теңге (214,21 беларусь рублі).

Ал бірінші балаға ай сайын берілетін жәрдемақы — 57 487 теңге (329 беларусь рублі)

Екінші және одан кейін туған балаларға — 65 700 теңге (376 беларусь рублі)

 АҚШ

Ең қызығы, АҚШ-та бала дүниеге келгенде оған ешқандай жәрдемақы берілмейді екен. Отбасының жағдайы төмен болған жағдайларда ғана балаға жәрдемақы беріледі. Онда тек салық бойынша жеңілдік алуға болады. 

Декреттік демалыс деген түсінік те жоқ. Бірақ ата-анасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда мемлекет оларға ақша түрінде немесе талон, жеңілдік түрінде көмек көрсетеді. Мысалы, азық-түлік сатып алуға арналған карталар, мектепте таңғы ас пен түскі асты тегін беретін талон, жол-күреге кететін ақшаны береді. Көбіне мұндай жеңілдіктер баланы жалғыз асырап отырған ата-анаға немесе туыстары асырап отырған балаға беріледі.

Германия

Германияда бірінші және екінші балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы — 83 248 теңге (194 еуро), үшінші балаға 85 822 теңге (200 еуро), ал үшінші және одан кейінгі балаларға ай сайын 96 550 теңге (225 еуро) көлемінде жәрдемақы беріледі.

Бір жолғы жәрдемақы қарастырылмаған.

Айта кетейік, соңғы ресми мәліметтерге қарағанда, Германиядағы төменгі күнкөріс деңгейі — 148 902 теңге (347 еуро). 

Франция

Францияда бала дүниеге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақы — 396 171 теңге (923,08 еуро), ал бала асырап алған жағдайда — 792 338 теңге (1846,15 еуро). Бұл жәрдемақының ата-анасының жалақысы 15 023 теңгеден (35 еуро) аспаса ғана берілетіні айтылады. 

Сондай-ақ, ай сайын Allocation de base атты жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері — 78 995 теңге (184 еуро).

Бұдан бөлек, ресми дереккөздерге қарағанда, Францияда баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға бала 20 жасқа толғанға дейін ай сайын 42 932 теңге (100 еуро) жәрдемақы беріліп отырады.  Көпбалалы отбасы мекенжайын ауыстырған жағдайда да 418 068 теңге (974 еуро) мөлшерінде жәрдемақы берілуі мүмкін екен. 

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями