Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбе — «Шренк қызғалдағының» отаны

Дата: 25 января 2019 в 09:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

«Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тау­ла­рының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бас­тап­қы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсім­діктер біздің жерімізде Тянь-Шань тау­ларының етегі мен шөлейт даланың түйі­сер тұсында пайда болған. Қазақ то­пырағындағы осынау қарапайым, сон­дай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көп­теген халықтың жүрегін жаулап, бір­­­тіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мың­нан астам түрі бар, олардың басым көп­шілігі — біздің дала қызғалдағының «ұр­пағы». Қазір Қазақстанда қызғал­дақ­тың 35 түрі өседі».

             Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қайталап оқыған сайын  қызғалдаққа байланысты ойлар есімнен шықпады. Өлкетанушы болғандықтан көп жерге барып жүргенімде,  жайқалған қызғалдаққа қызыға, сүйсіне  қарайтын едік.  Бірақ  осы бір мамыр туа қырат-белдерді сан түрге  құлпыртып жіберетін қыр қызғалдақтарының  шығу тарихы мен  табиғаты жөнінде ештеңе  білмейді екенмін.

«Ана тілі» газетінің  2018 жылдың 13 желтоқсанында жарияланған  Бағлан Махамедованың «Гүл патшасы — қызғалдақ» атты мақаласында кәдімгі  қызғалдақ туралы мол мәліметтер берілген. Қазақстанда қызғалдақтың 32 түрі  өседі екен. Ал табиғатта қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі болса, солардың бірі — Шренк  қызғалдағы. Шренк қызғалдағы қорғауға алынып,  Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген. «Ерекше әсем көркімен дараланатын  қызғалдақтың Отаны Қазақстан болып саналады. Бүгінде жер жүзінде  3 мыңнан астам түрі бар.   Олар біздің дала қызғалдағының ұрпағы», — дейді З.Махамедова. Зерттеуші ғалымдар біздің топырақта өсіп-өнген қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы  Түркияға, кейіннен Таиландқа  жеткенін анықтады. Отанынан басқа жерлерде тамырланған  қызғалдақ тұқымының   алыс шетелдердегі  жаңа түрлері өсіп-өнді.

Мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде  жұмыс істеп жүргенімде, «Табиғат» бөлімінде экскурсоводтар  қорғауға алынған өсімдіктерді таныстыра отырып:  «Біздің жерімізде Шренк қызғалдағы өседі. Ол қорғауға алынған», — деп үнемі айтатыны  есімде сақталып қалды.  Құлаққа тосындау естілетін Шренк сөзі ғана есімде қалғанымен, қыр  қызғалдағына не себепті «Шренк» сөзі таңылғанына  еш мән бермеппін.

Жаратылыстану ғылымында  кеңінен таныс Шренк қызғалдағының біздің даламызда өсетініне  көзіміз жетті. Қазақ топырағындағы қыр қызғалдағына не себепті Шренк атауы таңылғандығын білмек мақсатпен ғаламторды ақтара отырып, мына мәліметтерді таптым.

Александр Густов фон Шренк (1816-1876) Ресейдің Тула губерниясында туған,  өзі саяхатшы. Дерпт (Тарту)  университетінің доценті, минерология саласының білікті ғалымы. Санкт-Петербургтің Ботаника бағының тапсырмасымен 1839 жылдан бастап алыс аймақтарды зерттейді.

1840-1843 жылдары ботаник Мелсгаузенмен бірге қырғыз-қайсақ даласында зерттеулер  жүргізіп, біздің жерімізден көп гербарий жинағанда, ғалым солардың арасынан дала қызғалдағына ерекше мән берген.

Тиянақтай айтқанда, Александр Густов  фон Шренк Ресей Географиялық қоғамында Александр Иванович Шренк есімімен танылып, гербарийдегі дала қызғалдағына  осы кісінің құрметіне «Шренк қызғалдағы» атауы берілді. Көп кешікпей бұл термин халықаралық ғылыми айналымға енгізілді. Шренк қызғалдағы дүниежүзі бойынша қызғалдақтың өте сирек кездесетін түрлерінің санатына жатады.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев («Ана тілі», 29.11.-05.12.2018)

«Түп тамырымызға үңілуден туған толғаныс» атты мақаласында: «Біздің Ақтөбе де қызғалдақтың Отаны. Былай қарасақ, бәріміз күнде естіп, біліп жүрген қарапайым нәрсе сияқты. Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір жеміс пен гүлге ерекше назар аударып отырғанында үлкен мән бар» — деп бәрімізге ой салып отыр.

Бердібек Машбекұлы  жыл сайын облыстың түкпір-түкпірін аралап, ең алыстағы  ауылдарға сан рет барып жүргенде дала қызғалдағының жайқалған кездерін де көрген болар. Сондықтан Ақтөбе де қызғалдақтың Отаны деп бекер айтқан жоқ. Алысқа бармай-ақ, қаладан аттап шықсаң, жайнаған гүлдерге кез боласың. Әлі есімде, ертеректе Ақтөбе қаласының гербінде  қызғалдақ бейнесі тұратын. Мұның өзіндік себебі де бар еді.

Қазақстанда қызғалдақтың  құрып кету қаупі төніп тұр деген ғалымдардың жанайқайын құлағымыз шалады, бірақ ол туралы ойланып көрген емеспіз. Зерттеушілер біздің  даламызда қызғалдақтың  алуан түсті 3-4  түрі кездесетінін  айтады. Олай болса, зерттеушілерге бұрын кездеспеген түрлерін табуға мүмкіндік туып тұр.

Сәуір айының аяғынан  мамыр айының ортасына дейін небары 15 күндей ғана гүлдеп тұратын Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енген өте нәзік әсем гүлді қорғап жүрміз бе? Даланың нәзік өсімдігін қорғауды кім біледі? Ендеше, қазіргі таңда осы салада  не істеу керек деген сауал күн тәртібінде тұр.

Менің ұсыныстарым.

Біріншіден, көктемнің жаршысы, Наурыздың символы ретінде барлық аудан орталықтары мен елді мекендерінде биылғы Наурыз мерекесін безендіруде осы  қызғалдақ бейнесіне басымдық берілуге тиіс.

Екіншіден, Наурыз мерекесінен  кейін қызғалдақты қорғау мақсатында  барлық  аудан орталықтарында, ауылдарда, оқу орындары мен  мекемелерде  танымдық, жалпыхалықтық акция өткізу керек.

Үшіншіден, 9 мамыр — Жеңіс күнінен кейін «Қызғалдақтың  гүлдеуі», «Бәйшешек  гүл шашқанда», т.б. атаулармен  кең ауқымды шаралар, мерекелер ұйымдастырып және бұл мерекені жыл сайын өткізу дәстүрге айналуы тиіс.

Төртіншіден, облыста қызғалдақ қалың өсетін  аймақтар белгіленіп, қорғауға алынғаны жөн. Барлық бағыттағы тасжолдардың бойына   көрнекі белгілер орнату  орынды болар еді.

Ақтөбеде қызғалдақ стелласы бар. Мұнымен қоса, бәрімізге жете таныс ақ, сары, қызыл түстерімен,  жасыл жапырақтарымен бірге  гүлдер шоғы түзіліп, онысы түнде жарқырап тұрса, қаланың көркін ашып тұратыны сөзсіз.

Осы шаралардың ауқымын кеңейту үшін  республикалық, халықаралық фестивальдер өткізіп,  барлық өнер иелері — ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырып,  түрлі конкурстар өткізуге болады.

Қызғалдақ қазақтың кез келген қолөнер бұйымында бейнеленген. Әдеби тілімізде «қызғалдақтай құлпырған» деген сөз бар. Өңіріміздегі үлкен қорымдарда, әсіресе, Абат-Байтақ кесенесі жанындағы құлыптастарда  орта ғасырда тасқа қашалған қызғалдақ  бейнесі әлі  сақталған. Сондықтан да  басты үлкен көрме ежелгі этнографиялық ұлттық дүниелер көрмесі болуы тиіс.

Мен өз білгенімше жазып отырмын, бұл ұсыныстарға басқа азаматтардың да қосары бар шығар.

Жер-Ананың адамзатқа сыйлаған нәзік, сұлу қызғалдағын  қорғаудың мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру — біздің  басты мақсатымыз. «Гүлге  тиме, гүлді жұлма, гүл жайқалып өсуі үшін оған қамқорлық жаса», — деп  үлкендер бағыттап отырса, балалар осы табиғаттың тамаша туындысының бізге соншалықты қымбат екендігін сезіне түседі.

Ғасырларды көктей өтіп, ел асып, жер асып кеткен  даламыздың нәзік гүлінің тарихымен  қайта қауыша отырып, оны барынша аялауымыз керек екендігін естен шығармайық.

                                                  Рысжан ІЛИЯСҚЫЗЫ,

  облыс әкімдігі жанындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі.

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями