Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ұжымдық шарт үшін 275 миллион теңге жұмсады

Дата: 18 января 2019 в 12:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ұжымдық шарт үшін 275 миллион теңге жұмсады

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кәсіпорынның өткен жылғы әлеуметтік міндеттемелері мен өндірістік бағдарламасының  орындалу мәселесі бойынша жиын өтті.

Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ бірқатар облыстық басқарма, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшылары, зауыт ұжымы қатысты.

«Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС — еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған инновациялық кәсіпорын. Зауыт қызметінің негізгі бағыты — жоғары жылдамдықты теміржол магистральдарын салуға арналған рельстер шығаруды ұйымдастыру және де отандық кәсіпорындарды әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өніммен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, аталған кәсіпорынның қызметі еліміздің және шекаралас мемлекеттердің өнеркәсіптік, тұрғын үй құрылысы кәсіпорындарының өнеркәсіптік сұрыптық прокаттағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиынды ашқан сөзінде Бердібек Машбекұлы облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтыр облыста Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың берген тапсырмалары толығымен орындалған. Жергілікті билік халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толықтай жүзеге асырыпты. Облыс әкімі аймақтың мұндай жетістікке жетуіне зауыттың, ондағы жұмысшылардың да үлесі зор екенін атап өтті.

— Рельс-арқалық зауытының жұмыс жасағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда бұл зауыт жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтып келеді, барлық міндеттемелерді орындайды. Оның ішінде, жұмысшылар қатарын сақтау, олардың еңбекақысын төлеу, әлеуметтік пакеттер сияқты өзге де жауапкершіліктерге үлкен мән береді. Бүгінгі күні зауыт басшылығымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Мұнда маңызды деген ешқандай мәселе жоқ. Біз өз тарапымыздан қолдаудың қандай мүмкіндігі болса, беруге дайынбыз. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Біз үшін зауыт жұмысшыларының жалақыны уақтылы алып, өзге де әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуі маңызды, — деген Бердібек Сапарбаев тек зауыт емес, барлық кәсіпорын үшін Елбасының Жолдауда жалақыны өсіру мәселесіне қатысты айтқан тапсырмасын орындау міндетті екенін атап өтті.

Бүгінгі күні бұл зауытта еңбек ететін жұмысшылардың орташа тізімдік саны —

794 адам. Орташа айлық жалақының мөлшері — 237,1 мың теңге.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы мен кәсіпорынның өндірістік қызметінің нәтижесі жөнінде рельс-арқалық зауытының бас директоры Валерий Обилец есеп берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні зауыт өнімдері елімізден бөлек, алыс-жақын шетелге шығарылады. Өткен жылы рельс-арқалық зауытына 47,5 миллиард теңге жалпы көлемі

170 819 тонна өнім өндіру міндеті қойылды. Алайда былтыр аталған өндіріс орнында

149 020 тонна өнім өндірілген. Бұл — 87,2 пайыз. Өндірістік бағдарламаның толықтай жүзеге асырмауының себебін зауыт басшысы өндірістің баламалы жеткізушіге ауысуымен түсіндірді.

Содан соң зауыттың кәсіподақ төрағасы Ақниет Алданазаров өндірістегі ұжымдық міндеттемелердің орындалу барысын баяндады. «Өткен жылдың нәтижелері бойынша ұжымдық шартта көрсетілген талаптар бойынша оң өзгерістер көп. Жыл қорытындысы бойынша жұмыс беруші ұжымдық шарттың талаптарын орындау үшін 275 886 109 теңге жұмсады. Оның ішінде кәсіптік, қайта даярлауға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға 10 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды», — деген кәсіподақ төрағасы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылған іс-шараларға жеке-жеке тоқталды.

Кездесу барысында облыс әкімі зауыт жұмысшылары тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.

Жиынды қорытындылаған сөзінде облыс әкімі Елбасының Жолдауында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, кәсіпорын басшысына одан әрі өндіріс көлемін арттыру, өндіріске жаңашылдық енгізу, жоғары білікті мамандар даярлау, зауыт қызметінде қазақстандық қамтуды ұлғайту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

— Біз үшін ең маңыздысы — өндірістік көрсеткіш. Өндірістік көрсеткіш өткен жылдың көрсеткішінен төмен болмауы тиіс. Оның үстіне сіздердің зауыттарыңыз инновациялық, заманауи технологиялы өндіріс орны саналады. Басқа кәсіпорындармен салыстырғанда сіздерде еңбекақы жоғары төленеді. Алайда инфляция деңгейіне байланысты еңбекақы да өсірілуі қажет, — деген облыс әкімі зауыт басшылығына Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысуды міндеттеді.

Жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін өңірлік деңгейде әрі қарайғы келісілген іс-әрекеттер мен өзара түсіністік үшін облыс әкімдігі, кәсіпорын басшысы және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында меморандумдарға қол қойылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями