Ақтөбе Момын Байғанинді ақтық сапарға шығарып салды

Дата: 18 января 2019 в 12:32


Ақтөбе Момын Байғанинді ақтық сапарға шығарып салды

Кеше Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ғимаратында  күйші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Момын Байғанинді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен күйшінің шәкірттері, туған-туыстары қатысты.

Қоштасу рәсіміне жиналғандардың алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, күйшінің отбасына, туған-туысқандарына қайғырып, көңіл айтты.

— Алла Тағаланың, тағдырдың әркімге өлшеп берген мерзімі бар. Ең бастысы, сол мерзімді, өмірді адам қалай сүреді? Қазақтың атын шығарған, белгілі жыршы, композитор Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момын ағамыз әкесінің жолын жалғастырып, өз өмірінде қазақтың өнерін жастардың бойына сіңіріп, 50 жылдан астам уақыт домбыраны жанына серік етті. Ағамыздың ең үлкен қасиеті — қарапайымдылығы, жүрегінің тазалығы. Мен өз басым бұл кісімен екі-үш рет кездескен болатынмын. Сонда ол ағынан жарылып, үйіне барған кезде күйін тартып, жылы лебіздерін айтатын. Ең негізгісі, Момын ағамыз ұлы тұлғаның баласы болса да, қарапайым өмір сүріп, барға шүкіршілік етіп, «елім, ұлтым» деп өмірден өтті. Әрине, бүгінгі заманда 81 жас көп емес. Алайда ағамыздың артында үлкен мұра қалды, балалары, немерелері бар. Біздің тілейтініміз, отбасында Манар апай мен балалары, немерелері ағамыздың көрмеген қызығын көрсін дейміз. Алдағы уақытта отбасыларыңызда тек жақсылық, қуаныш болсын!

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, иманыңыз жолдас болсын! Жерлестеріңіз сізді әрдайым естерінде сақтайды. Қош болыңыз, аға! — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін қаралы қауым алдында сөз сөйлеген Момын Байғаниннің әріптесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Қайырғали Қожамбаев күйшінің өмірде қарапайым, халық алдында беделді, сыйлы адам болғанын айтып, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұқан Өтепов күйшінің өмірдегі жетістіктері, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі туралы айтса, Момын Байғаниннің кенже баласы Ерболат Байғанин ұрпақтары әрдайым әке есімін ұлықтап өтетінін жеткізіп, жиналған қауымға отбасы атынан ризашылығын білдірді.

Қоштасу рәсімінен соң Момын Байғаниннің мүрдесін жерлеу үшін жиналған қауым зиратқа аттанды.

Данагүл ТАУАНОВА.

Поделитесь новостью с друзьями