Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Біз біргеміз!»

Дата: 14 января 2019 в 10:42

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

«Біз біргеміз!»

Өткен жұма күні Өнер орталығында облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Біз біргеміз!» атты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов, танымал xирург, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон коми­теті төрағасының орынбасары Дәме­жан Сәдуақасова, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жұмажан Қожжанов, Қазақстан Мүгедектер Одағының төрағасы Әли Аманбаев, т.б. қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Біз біргеміз!» акциясы биыл ерекше ұйымдастырылды. Шараның бас кейіпкері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан еліміздің ең жоғары марапаты — «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасын алған «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова болды.

Салтанатты шара «Неге мен?» театрландырылған қойылымымен басталып, сахнадағы үлкен экран арқылы Елбасының Тәуелсіздік мерекесінде Құралай Байменоваға «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасын табыстаған сәті көрсетілді.

Шарада «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова сахнаға шығып, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.

— Біз осыдан көп жыл бұрын жергілікті биліктің қолдауымен «Біз біргеміз» жобасын бастадық. Соның арқасында бүгінгі күнге дейін талай мүмкіндігі шектеулі жанға қолдау көрсетіп, оларға рухани күш-жігер, материалдық көмек бердік. Өмірде қиындыққа тап болған жандардың армандарына қанат жалғадық. Ал бүгін, міне, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қолдауымен үлкен залда осынау салтанатты шараны ұйымдастырып отырмыз. Себебі бүгін біз бәріміз біргеміз! Мен өз өмірімде мынаған көз жеткіздім: армандар орындалады!

Бүгін менің кеудемде Қазақстанның халқы, Елбасымыз лайық деп таныған үлкен марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасы жарқырап тұр. Бұл марапатта  тек менің ғана емес, осы отырған барлық адамның үлесі бар деп ойлаймын. Сондықтан сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін!

Сондай-ақ менің 25 жылдық еңбегімді бағалап, жұлдызымды жаққан облыс әкімі Бердібек Машбекұлына ерекше алғысымды айтамын! — деді Қ.Байменова.

Бұдан кейін сахнаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шығып, Құралай Байменованы марапатымен құттықтап, шынайы тілегін жеткізді.

— «Өмір деген — күрес» деп бекерден-бекер айтылмаған. Адам өмірге келгеннен кейін оның ащысына да, тұщысына да шыдауы керек. Тағдырдың берген қиындығын жеңуі керек. Бүгін біз өмірдің талай қиындығына мұқалмаған жандарды көріп, олардың өмірге деген құлшынысы зор екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.

Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінгі күннің қиыншылықтарына қиналған адамдар оны қалай жеңу керектігін Құралай Базарбайқызынан үйренулері керек. Біз талай азаматтардың өз мүмкіндігіне қарамай еңбек етіп жатқанын білеміз. Біз осындай азаматтарға үнемі қамқорлық көрсетуіміз керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Құралай Базарбайқызы көптеген адамның өмірден өз орнын табуға жағдай жасап, нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар отбасылы, баспаналы, балалы болып жатыр.

Қазақта «Бірлік түбі — тірлік» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бүгінгі шараның «Біз біргеміз!» деп аталуының өзінде көп мән бар. Егер осындай азаматтарды қолдасақ, олармен бірге болсақ, онда біз алмайтын асу болмайды. Мен облыс басшылығы атынан мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, оларға демеушілік көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге, кәсіпорын, шаруашылық басшыларына ерекше алғысымды айтамын. Өткен жылы осы азаматтардың қолдауымен 500 мыңнан астам ақтөбелікке 6 миллиард теңге көмек көрсетілген.

Ал Құралай Базарбайқызына айтарым, марапатыңыз құтты болсын! Бұл — сіздің еңбегіңіз. Сіздің еңбегіңіз жанса, біз үшін үлкен қуаныш, — деген облыс әкімі Құралай Байменоваға автокөліктің кілтін табыс етті.

Сондай-ақ облыс басшысы «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы, «Қазақ саңыраулар қоғамы» Ақтөбе облыстық филиалы, «Қазақ соқырлар қоғамының» Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны және «Растемка» Ақтөбе облысы бойынша аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшілеріне 200 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Шарада сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов, танымал xирург, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәме­жан Сәдуақасовалар Құралай Байменованы марапатымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті.

Салтанатты шарада «Мен сенің жаныңдамын!» атты бейнефильм көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар ортада әртүрлі киім үлгілерінен дефиле ұсынды. Сондай-ақ өз өмірлерінде басына түскен қиындықтарды жеңе білген, бүгінде облыста әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген жандар — Гүлмирам Сражова, Зинаида Телеушева, Виктория Кваша, Шахан Жолдасбаевтар жиналғандарға ақ тілектерін арнап, қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.

Кеш барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Д.Айтжановтың «Кеш жарық, Ақтөбе!» әнін орындап, «Жалын» халықтық би ансамблі ортада «Сылқылдақ» биін биледі.

Сондай-ақ шарада мүмкіндігі шектеулі болса да өнерді ерекше сүйетін жандар — Рустам Наурызбаев, Назым Жұрынбай, Алтынбек Жаңбырбаев, Эрик Ибрагимов, Асылгүл Бердалиева, Жанат Жалғас, т.б. өз өнерлерін көрсетті.

Шара соңында кеш кейіпкері Құралай Байменова облыс әкімі табыстаған автокөліктің кілтін «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігіне тарту етті.

Айта кету керек, бүгінде облыста уақтылы әлеуметтік қолдау көрсетілетін мүмкіндігі шектеулі 27 мыңға жуық адам бар. Өткен жылы 12 мыңнан астам мүгедек адамға әртүрлі қолдау, көмек көрсетілген. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау үшін 1,8 млрд теңге қаржы бөлінген.

Сондай-ақ өткен жылы облыс көлемінде жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы аясында елімізде алғаш рет балаларға арналған жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері, 220 орындық «Нектар» арнайы (түзету) балабақшасы, церебральды сал ауруына, сүйек-бұлшық ет жүйесі және аутизм ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған орталық ашылды. Жалпы былтыр облыста жүзеге асырылған жобалар аясында 508 мыңнан астам тұрғынға 6,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.