Шаңғыроллер, мототрасса және этноауыл

Дата: 14 января 2019 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласында салынып жатқан бірнеше құрылыс нысанын  аралады.

Ол  таңертеңгілік Кірпішті ауылындағы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған  шаңғы  жарысына қатысуға келген ақтөбеліктермен кездесті. Сайысқа   250 адам қатысты, олардың ішіндегі ең жасы — 5 жастағы Софья Гетмаченко, ал ең ересегі — 65 жастағы спорт ардагері  Валерий Григорьев.

Шаңғышыларды құттықтаған әкім осы тамаша үлгіні жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, ақтөбеліктерді салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға шақырды:

— Құрметті бауырлар, қадірлі жерлестер! Бүгінгі   шаңғы жарысы  Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналып отыр.

Әрбір ақтөбелік қаланың көркеюіне, дамуына үлес қосуы керек десек, соның бірі — бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Ол үшін әрбір ата-ана әуелі  өздері үлгі көрсетіп, балаларын да спортқа қатыстыруы керек. Бала да, қария да  қатысқалы отырған осы шаңғы жарысы ақтөбеліктер арасында бұқаралық спорт түрлерін дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға жақсы үлгі болады деген ойдамын.

Мен дәл бір жыл бұрын  келгенімде,  сіздер  осы жерден барлық талапқа сай келетін шаңғыроллер салу жөнінде ұсыныс жасадыңыздар.  Бұл  ұсынысты жан-жақты қарастырғанымызда, жергілікті бір компания осы заманауи шаңғыроллер құрылысын салып беруге уәде етті. Сөйтіп,  барлық талапқа сай, ұзындығы 14 шақырым қыста да, жазда да жұмыс істейтін  шаңғыроллер жолы бар кешеннің құрылысын бастады.

Соңғы жылдары Ақтөбеде спорт инфрақұрылымдарын дамыту, тұрғындар арасында қысқы спорт түрлерін насихаттау бағытында  қарқынды жұмыстар қолға алынды. «Олимп» хоккей модулі мен Мұз сарайы пайдалануға берілгеннен бастап,  хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балалар саны артты. Біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек.

Әрбір ақтөбелік өз балаларын спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстанып, ата-аналық, азаматтық борышын адал атқаруы тиіс, —  деді облыс  әкімі.

Айта кету керек,  «Олимп» хоккей модулі мен Мұз сарайы қолданысқа берілгеннен бастап, Ақтөбе қаласының 1300 мектеп оқушысы  хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаумен  айналысып жүр.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов осы жерде облыс басшысына  жанында әкімшілік-тұрмыстық кешені бар шаңғыроллер жолының құрылысы жөнінде баян етті.  5 жолдың жалпы ұзындығы  — 14 шақырым.

Облыс әкімі Кірпішті елді мекеніндегі «Extreme» саябағында да  болды. Бұл жерде спорттың техникалық түрімен әуестенушілер  тәжірибелі нұсқаушылардың бақылауымен мотокросс, квадрокросс, эндуро, маунтинбайкпен және т.б. айналыса алады. Саябақ  аумағында әкімшілік ғимараты  мен ұзындығы 1,8 шақырымдық трамплині бар мототрасса орналасқан.

— Бұл — Қазақстанда  теңдесі жоқ жоба. Бұнда жаттығу жиындарын өткізуге барлық мүмкіндік бар. Жазда   мотокроспен айналысса, қыста  қарда жүретін көлікпен жүреді. Алдағы уақытта маунтинбайк, картинг, автоспортты  дамыту жоспарымызда бар. Саябақтың ашылуы өңіріміздегі техникалық спорт түрлерін дамытуға   түрткі болары сөзсіз, —  деді Ақтөбе қаласы  дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

Биылғы жылдың сәуір айында бұнда  мотокросс бойынша Қазақстан кубогының кезеңін  өткізу жоспарлануда.

— Қажетті техникасы бар және спорттың экстремалды түрімен айналысқысы келетін  облыстың кез келген тұрғыны  осы жерде  техниктер мен  жаттықтырушылардың кәсіби көмегін ала алады. Алдағы уақытта 5 пен 10 жас аралығындағы  балалар үшін топ ашу жоспарымызда бар, — дейді  облыстық мотокросс  федерациясының жетекшісі Александр Новиков.

Осыдан кейін облыс әкімі  К.Нокин көшесінде салынып жатқан  «Елек» сауда үйінің құрылыс барысымен танысты. 250 сауда орны бар  нысанның жалпы аумағы 8 мың  шаршы метр.

Бұдан кейін облыс басшысы  этноауыл құрылысына байланысты көшпелі мәжіліс өткізді. Оның аумағында мәдени орталықтар мен этномәдени стиліндегі мейрамханалар орналасып, ақтөбеліктер  мен қала қонақтары түрлі ұлттардың салт-дәстүрлері және  мәдениетімен танысып, ұлттық асханалардың тағамдарынан дәм тата алады.

Бүгінде Ақтөбе облысында 90-нан астам халық пен этнос өкілдері тұрады, 18 этномәдени бірлестік  жұмыс істейді.

Облыс басшысы Батыс-2 шағын ауданында  жаңадан салынып жатқан 150 орындық  балабақша құрылысын барып көріп, жұмыс сапарын аяқтады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.