Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Жастар жылында үш жүзге жуық шара өтеді

Дата: 14 января 2019 в 10:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Жастар жылында атқарылатын шаралар талқыланды.

— Мемлекет басшысы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Елбасы тапсырмасын орындау үшін біз өткен жылы өңірдегі жастар ұйымдарының бәрін жинап, кең көлемде «Жас барыс» форумын өткіздік. Форум барысында идеялар мен ұсыныстар тыңдалып, соның нәтижесінде жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілді. Жастар жылы аясында үш жүзге жуық шара өтеді. Ең бастысы, жас буын Отанды сүйіп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге қадам жасап жатқан  Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосу керек, — деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, бізде бүгінгі жастардың өзге мемлекеттердегі қатарластарынан кейін қалмауы үшін барлық мүмкіндік жасалып отыр. Мемлекет көрсетіп отырған көмекті тиімді пайдалану қажет. Біздің өңірде жастарға арналған мемлекеттік  бағдарламалар белсенді жүзеге асып жатыр. Мысал үшін, тек өткен жылы ғана «Дипломмен — ауылға», «Жасыл ел», тағы басқа бағдарламаларға жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді.

— Биыл бұл сома бір жарым миллиардқа өсті. Қажет болса, қосымша қаржы бөлетін боламыз, — деді облыс әкімі.

Жастар жылындағы негізгі бағыттардың бірі жастарды,  әсіресе орта және жоғары оқу орындарын бітіргендерді жұмысқа орналастыру болмақ.

— Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстанда кәсіби білім алу тегін берілетіндігін  мәлімдеді. Облыс әкімінің байламынша, Жастар еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарды игеруі қажет.

Көптеген спорт залдары мен кітапханалар, мәдениеттің өзге де ошақтары тиімді пайдаланылмайтыны да тілге тиек болды. Бұның бәрі құқықбұзушылықтың өсуіне алып келеді. Полиция департаментінің есептерінде жасөспірімдердің жиі көрінетіні де содан. Сондықтан Жастар жылында бұл мәселеге ерекше көңіл аудару қажет.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі  басқарма басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, облыста 14 пен 29 арасындағы 210 мың адам бар. Оның 115-і — облыс орталығында. Оның пікірінше, алты жоғары оқу орны бар Ақтөбені жастар қаласы деуге толық негіз бар.

Басқарма басшысы жастардың халықаралық әріптестігіне, волонтерлік қозғалыстарға, рухани жаңғыру аясында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге,  оларды кәсіпкерлікке баулып,  бойларына рухани-адамгершілік негіздерді сіңіруге басымдық берілетінін айтты.

Бұдан басқа БҰҰ Даму бағдарламасының қатысуымен жұмыссыз жастарға кәсіби бағдар беру бойынша жұмыстар атқарылмақ. Мысалы, бір жұмыссыз жас жергілікті кәсіпорынға жұмысқа тұрады. Оның үш айлық жалақысын БҰҰ Даму бағдарламасы төлейді. Осы уақыт ішінде ол өзін көрсете алса, кәсіпорынға жұмысқа алынады, егер олай болмаған жағдайда, БҰҰ Даму бағдарламасына өзінің әлеуметтік жобасын қаржыландыру үшін құжат тапсыра алады.

Әрбір ауданда жастар ресурстық орталықтарының жандана түскенін де атап өткен жөн.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған шараларға жастарды көбірек тарту туралы ұсыныс айтты.

Ұсыныс-пікірлерді тыңдай келе облыс әкімі Жастар жылының нақты нәижелерге қол жеткізуге бағытталуы керек екендігін айтты.

— Жасалған жұмыстардың тиімділігін анықтайтын нақты бағыттарды белгілеу қажет. Жұмыстың қорытындысы жастарды жұмысқа орналастыру деңгейінің артуы,  қылмыстың азаюымен көрінуі керек. Олардың бойындағы патриотизмді күшейтуіміз қажет. Мемлекет басшысының жастарды қолдау жөніндегі тапсырмасын күллі қоғамдық ұйымдарды ұйыстыра отырып, жоғары деңгейде орындауға тиіспіз.

                                                                                                                       Абат ҚАРАТАЕВ.