Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Премьералар ұсынылатын күн алыс емес

Дата: 11 января 2019 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Премьералар ұсынылатын күн алыс емес

Жаңа жылда Ахтанов театры көрермендерін жаңа спектакльдермен қуантпақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да қазақтың көшпелі мәдениеті жөнінде сыр шертетін қойылымды сахналау жоспарланып отыр.

«Көрерменге арналған…»

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың директоры Нұрхан Кәдірбаевтың айтуынша, өнер ошағында жаңалық көп. Және бұл репертуарға ғана қатысты емес.

— Жыл біз үшін жақсы жаңалықтармен басталып жатыр. Алға қойған жоспарларымыз көп. Ұжымға енді қосылған жастарымыз да біршама. Бір қуантарлығы — барлығы «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер. Атап айтсам, шығармашылық топ жыл соңында Мейірбек Шәкенов, Дархан Дәулетияр, Рахат Төрежанов, Нұрсұлтан Есетов, Серік Қонысбаев, Нариман Костыр деген 6 жігітпен толықты. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы театрларда жетекші рөлдерді сомдап, көрермендердің көзайымына айналып үлгерген өнерпаздар да бар. Сондықтан «өзімнің туып-өскен жерімнің театрында жұмыс істеймін…» деп талаптанған жас әріптестерімізді қуана қабылдадық. Енді қатарымызға актриса қыздар да келіп жатса, бұған тек қуанатынымыз анық.  Өйткені «Жас келсе — іске» демекші, үлкен өмірге енді аяқ басқандардың өздерімен бірге әкелетін жаңалығы көп болады. Соған сенеміз…

Өздеріңізге белгілі, былтыр қыркүйек айында театрға көркемдік жетекші болып тағайындалған белгілі театр және кино актері Данияр Базарқұлов отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетті. Сол себепті, желтоқсан айынан бері бұл лауазым бос тұр. Театрдағы көркемдік кеңестегілермен ақылдасып, бір шешімге келерміз…

Ең бастысы — біз көрерменге арналған, солардың сұранысын қанағаттандыратын спектакльдерді ұсынсақ дейміз. Бұған дейін жоспарлаған, фестивальге қатысу үшін арнайы сахналаймыз деген «Қыз Жібекті» кейінге шегергеніміз сондықтан. Әйтпесе, байқау жұмысы деп ұсынуға лайықты «Черная бурка», «Ромео мен Джульетта» сынды қойылымдарымыз бар, — дейді өнер ұжымының басшысы.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында қазіргі таңда 60 артист жұмыс істейді. Бұл — қазақ және орыс труппаларында еңбек ететін актерлердің саны. 

«Мұқағали», «Мөлдір махаббат» және «Күйеуіңізді сатыңызшы…»

Нұрхан Кенжебайұлы өз сөзінде осы маусымда көрерменге жол тартатын спектакльдерге тоқталды. Көп ұзамай ұсынылатын қойылымдардың қатарында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған поэтикалық драма да бар. Жоспар бойынша қазақ поэзиясының көрнекті өкіліне арналған туындының премьерасы ақпан айында өтпек. Бұл түсінікті де, жаңа спектакльдің «тұсаукесері» ақынның туған күні — 9 ақпанға орайластырылып отыр.

— Қоюшы-режиссері — Мейрам Хабибуллин. Ақынның өмірі туралы айтылып, арасында сөздеріне жазылған әндері орындалатын, өлеңдері оқылатын поэтикалық драма, әсіресе, оқушыларға керемет әсер қалдырады деген үміттеміз. Өйткені олар тап осы мезгілде мектептегі оқу бағдарламасы бойынша Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысады ғой. Балаларға танымдық тұрғыда аз да болса пайдасы тисе біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Поэтикалық драманың тақырыбын «Мұқағали» деп қойдық, — дейді ол.

Одан бөлек, қазақ труппасы С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасын ұсынса, орыстілді актерлер М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы…» («Продайте мужа») комедиясын сахналағалы отыр.

— «Мөлдір махаббатты» жас режиссер қойғалы тұр. Астанадағы жоғары оқу орнының бірінде 4-курста оқиды. Өзі хабарласып, «Алғашқы жұмысымды сіздерден бастайын» деген соң бетін қайтармадым. Әрі бізге де жаңа леп керек.

Сондай-ақ, Санкт-Петербор қаласындағы режиссермен әріптестік байланыс орнатпақшымыз. Антон Зайцев бізге бірнеше спектаклін ұсынып отыр. Труппамен соларды сарапқа салып, «ақтөбелік көрермендерге ұнайды-ау» дегенді таңдап алып, ресейлік маманды осында шақыртпақ ойымыз бар, — деп ағынан жарылды Н.Кәдірбаев.

Жоба мен жоспар

Ахтанов театры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өтілген қазақтың көшпелі мәдениеті жөнінде сыр шертетін«Қазақтар» мен «Томирис» спектакльдерін де қоюды жоспарлап отыр. Бірақ бәрінің қаражатқа келіп тірелетінін айтқан театр басшысы идеяның нақты қашан іске асатыны белгісіз деп отыр…

Сонымен қатар театр артистері қазіргі таңда «Сахна сыртында» деген атаумен түрлі мекемелерде, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіп жүр. Әртүрлі саладағы һәм жастағы көрермендердің сан түрлі сұрақтарына жауап береміз деген қос труппа өкілдері сол арқылы арадағы байланысты нығайтпақ.

 ФЕСТИВАЛЬДЕР «ЖАУАТЫН» ЖЫЛ

Ақтөбенің мәдени өмірінде қалтқысыз қызмет етіп, кез келген мерекелік шараның басы-қасында табылатын облыстық халық шығармашылығы орталығының да биылға дайындаған сыйы көп. Соның ішінде жыл соңына дейін көптеп ұйымдастырылатын фестивальдерге тоқталуға болады…

— 2019 жылға арналған жоспар Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бекітілді. Көптеген ауқымды жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Солардың ішіндегі ең маңыздысы — халық шығармашылығының барлық жанрын қамтығын шаралар екені даусыз. Атап айтсақ, біздің орталықтың ұйымдастыруымен сәуір айында «Театр — өнердің ұлы  көші» облыстық театрлар  фестивалі, «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» облыстық халық шығармашылығы фестивалі, «Өнерім — өрісім» республикалық отбасылық ансамбльдер  байқауы, «Батаменен ел көгерер» облыстық батагөй ақсақалдар байқауы,қазан айында Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған «Көкжар жәрмеңкесі» аясындағы «Тары атасы — Шығанақ»  облыстық тары фестивалі, «Елім — айбынды әнім» облыстық әскери патриоттық әндер байқауы, басқа да мәдени-көпшілік шаралар өтпек, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ләйла Омарова.

Атаулы күндер, ақын-жазушылар, батыр бабаларымыздың мерейтойларына арналған байқаулар, мәдени шаралар да аз емес. Айталық, ақын Ізтай  Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Мен туыппын ақпандатқан боранда…» атты жыр мүшәйрасы, ақын Сағи Жиенбаевтың, жазушы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 85 жыл толуына, Қазақстанның халық  жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына арналған «Нұрлы жол жұлдыздары» облыстық көркемсөз оқушылар байқауы, «Мәңгілік сарын» республикалық  жыршы-жыраулар фестивалі, Әйтеке бидің 375 жылдығына арналған «Бабалар өсиеті — ұрпақ қасиеті» республикалық айтыс, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың рухына арналған «Үш жұлдызы Батыстың» республикалық патриоттық әндер байқауы, т.б. бар.

«Биыл Жастар жылы болғандықтан, әсіресе, жігіттер мен қыздармен жүргізілетін шараларға арнайы тоқталсам деймін. Осы бағыттағы тың жобалардың бірі — «Сүйерім, сүйенерім — Қазақ елі!» жастар жобасын және дәстүрлі «Жас дәурен-2019» жастар шығармашылығы фестивалін, «Bi-art-Aqtobe» облыстық би байқауын, «Burabai Summer Fest-2019» фестивалін, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Наурыз нақыштары»  шығармашылық фестивалін атап өтуге болады», — дейді әңгімелесушіміз.

Тағы бір жаңалық — биыл жерлес қаламгерлердің жинақтары жарық көрмек. Халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері осы жылда өңірдің танымал жыршы-жырауларының және жас таланттарға дейін қамтылған көлемді «Ұлы дала жырлары» анталогиясын (дисктер жинағы), «Ақтөбе айтыскерлері» монографиялық жинағын, Ақтөбе қаласы туралы өлеңдер жинағын және жергілікті 10 талантты қаламгердің кітабын шығаруды жоспарға енгізген. Бүгінде іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

— Бұл көлемді дүниелер жыршы-жырауларға, айтыскерлер мен ақын-жазушыларымызға көрсетілген ерекше құрмет деп есептейміз. Және бұның қалам ұстаған ақтөбелік қауымға үлкен қолдау болатыны сөзсіз, — дейді ол.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями