Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Өз заманының өнегесі

Дата: 11 января 2019 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Ырғыз ауданындағы «Алтын Әсел» ЖШС басшысы Хамит Өтеуов өзінің еңбегімен қандай да ілтипатқа лайық. Оған биылғы жаңа жыл қарсаңында облыстың Құрметті азаматы атағы берілуінің өзін ауылдастары ырзашылықпен, қолдап қарсы алды.   

Елдің елеулі азаматы, өзінің есімін еңбекпен танытқан, жақсы істердің бастаушысы болып жүретін Хамит аға бүгінде жетпістің үстіне шықса да жастарға жол көрсетуден жалыққан емес. Оның басты мақсаты — ауылды көтеру, сол ауылды көркейтіп отырған ауыл шаруашылығын дамыту, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды ел игілігіне пайдалану.

Хамит Өтеуұлының бүгінгі күні де жарасымды жалғасып келе жатқан еңбек жолы кейінгі буын үшін өзіндік тағылымымен құнды. Біз сол тағылым сырларына және бір үңіліп көргенбіз.

Әке үлгісімен

Ырғыз өңірінің даңқты перзенттері қатарында өткен ғасырдың өнегелі тұлғаларының бірі болған Өтеу Құдайбергенов есімі ерекше аталады. Ол соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру, елді ортақ тірлікке жұмылдыру бағытында күн-түн демей еңбек етіп, ілгеріден көрінген. Ол басқарған «Қарасай» колхозының еңбекшілері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біледі. 1947-1948 жылдары шаруашылықта әр аналыққа шаққанда 130-133 қозы, 100 құлыннан алынады. Осы тұста жылқы саны 600-ге жетеді. Екі жыл ішінде осы колхоздан төрт Социалистік Еңбек Ерінің шығуының өзі толағай табыс иелерінің екпінді іс-қимылдарын танытса керек.

Өтеу Құдайбергеновтің 1950-1954 жылдардағы екі шақырылымда да КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануы елге ерекше бедел, мәртебелі мақтаныш әкеледі. Өтеу ақсақалдың Мәскеудегі депутаттық кезеңі туралы аңыз әңгімелер әлі күнге дейін ел ішінде сүйіспеншілікпен айтылады.

Сол тұстарда қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаев та халық қалаулысы болған екен. Қазақтың келбетті келген екі алып азаматының Кремль сарайында әңгімелері жарасып, қатар келе жатқанын көрген жұрттың бәрі таңдана қарайтын болған. Олардың бір-біріне шақшаларын ұсынып, насыбай атқандарының өзіне көргендер мәз болады екен.

Өтеу Құдайбергеновтің Кеңестер Одағының Маршалы Семен Михайлович Буденныймен достығы да өз алдына бір бөлек әңгіменің өзегі.

1951 жылы Одақта шығатын әскери «На страже» газетінің бас редакторы Н. Колбиннен Ырғыз ауданы Киров атындағы ұжымшардың төрағасы Өтеу Құдайбергеновке арнайы хат келуі де бір қызық оқиға болды. Онда «Тынық мұхит флотының теңізшілері сізді сүйікті Отанымыздың алдыңғы қатарлы адамы ретінде біледі. Олар сіздің қалай тұратыныңызды, жұмыс істейтініңізді, болашаққа жоспарларыңызды, сіздің жолдастарыңыздың қалай еңбек ететінін білгісі келеді. Теңізшілердің «На страже» газеті редакциясы сізден бізге хат жазуыңызды және мүмкіндік болса, суретіңізді салуыңызды өтінеді. Біз оларды газет бетінде қуана жариялаймыз» делінген.

Осындай өнегелі үлгілердің бәрі сол кездегі балаң Хамит үшін ілгеріге тартылған жол болғаны анық.

Алайда Хамекең «Әкедей болу қайда?» деп кішіпейілділік танытады әлі күнге дейін.

Қалай болғанда да Хамит Өтеуов — өз заманының өнегесі. Соның бастаулары әкеден тарағанына және ешкім күмән келтіре алмайды.

Шаруа адамы

Хамит ағаны білетіндер ол кісіні шаруа адамы деп есептейді. Кешегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзгерісті кезеңінде ол бұрынғы өзі басқарған шаруашылық негізінде «Алтын Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көшін түзеді. Аз ғана уақыттың ішінде бұл серіктестік облыста кеңінен танымал болды. Осы шаруашылықта асылтұқымды қой тұқымын өсіру жұмыстарының қолға алынуы нарық заманы талабына сай қимыл ретінде көрінді. Техникалық жағынан жоғары деңгейде жарақтандырылған бұл құрылымда қазіргі уақытта жетпістің үстінде адам еңбек етеді. Ал жазғы маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшыларға сұраныс тіпті арта түседі.

Шаруашылық орталығы орналасқан Құмтоғайда қазір 35 тұрғын үй бар. Олардың барлығы да қораларында мал ұстап, тіршіліктерін жасауда. Серіктестіктің негізгі жұмысшылары да солар.

Серіктестік жұмысшылары еңбекақыларымен бірге қажеттілігіне қарай мал азығын да ала алады. Ауылдағы мұғалімдер, медицина қызметкерлері де мұндай игіліктен тыс қалмайды. Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар да қамқорлық аясында.

Былтырғы күзде Құмтоғайда ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері көрмесі өткізілді. Осы шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Хамит Өтеуовтің ерен еңбегін көп алдында үлгі етті.

Шынында да, бұл ауылда мақтарлық іс көп. Сырттай қараған адамға селоның жинақылығы бірден көрінеді. Қаз-қатар салынған үйлердің аулаларына дейін тап-таза.

Шаруашылық басшысы ауылдағы ұсақ-түйек іске дейін мән береді. Сондықтан да мұндағы адамдардың өзі сергектік пен бір-біріне жанашырлық танытып жүреді.

— Ауылдың ажары — адамына байланысты. Елде тұрған әрбір адам мал өсіріп, оның игілігін көруі тиіс. Қазақ қашаннан айтқандай: «береке де, құт та — малда». Сондықтан мен ауылдастарымды үнемі еңбекке тартып отырамын,— дейді Хамит аға.

Хамит аға пен Айсұлу жеңгейдің жарасты шаңырағында да осы үрдіс өте берік сақталған.

Ескерткіш — елдіктің белгісі

Хамит аға елдің әл-ауқатының артуын, жағдайының жақсаруын бірыңғай тамағы тоқтықпен, көйлегі көктікпен есептемейді. Ең алдымен адам баласының жаны жүдемесе екен дейді, рухани азбаса деп ойлайды. Қанша дегенмен ауылда үлкендердің тәрбиесімен өсті ғой, оның үстіне кезінде ел басқарған Өтеу ақсақалдың баласы емес пе?!

Сондықтан да қай кезде болмасын ауылдастарының мерейі асқақ, жүздері жігерлі болып жүруін қалайды. Әрине, оның басты қозғаушысы еңбек екенін де жақсы біледі. Бұл ретте «жұмыс істеймін» деген жерлестерінің талабын қайтарған жері жоқ.

Ал сонау 2010 жылы Құмтоғай ауылында бірден еңселі екі ескерткішті тұрғызуы жас буынның жадына өткеннің өнегесін сіңіру, аға буынның асқақ арманын ұғындыру ниетінен туындаған-ды.

Алғашқы ескерткіш Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Оның да өзіндік себебі бар. Сұрапыл соғыс жылдарынан уақыт қанша алыстағанымен, оның зардабы оңайлықпен өшпейтіндігі білінді. Бұл, әсіресе, соғыстан соң дүниеге келген Хамит ағаның тұстастары үшін ойдан кетпейтін, санадан өшірілмейтін сұрғылт суреттермен сабақтас еді. Бұлар балаң кезінен жастары отыздың үстіне шыққан майдангерлерді көріп өсті. Сондай-ақ еңірегінде етегі жасқа толған аналардың соғыс аяқталғанына қанша жыл өтсе де, батысқа қарап ұлдарын күткен дәрменсіз күйіне талай куә болғанын қалай ұмытар. Жесір жеңгелерінің мұңды қабақтары қашан ашылар екен деп іштей уайымдайтындары да есінде.

Осының бәрі ел басқарған Хамит азаматтың көкейіндегі түйінін таппай жүрген бір сауалдай сезілетін. Ақырында өзгеше бір талант иесімен жолығуы оның ойының орындалуына жол ашты. Ол азамат — Өзбекстан Көркемсурет Академиясының мүшесі, сол елдің «Даңқ» орденінің иегері, қылқаламның шебері Жақсыбай Төлегенов еді. Тәуелсіздікпен бірге атамекенге оралған суретші Хамит Өтеуұлының ұсынысын түсіністікпен қабылдады. Мұның да өзіндік реті бар екен. Жақсыбай суретші сонау бала кезінен әжесі Бибігүлдің майданға кеткен жалғыз ұлы келер деумен өмірден өткенін көзімен көріпті.

Міне, осындай ой ортақтастығы, идея бірлігі елдік ескерткішінің дүниеге келуіне бастау болды. Содан бері де он жылға жуық уақыт өтіп барады екен.

— Соғыстан кейінгі бейбіт күнде дүниеге келген біздің өзіміз қазір жетпістің үстіне шықтық, — дейді Хамит аға.— Біздің немерелеріміздің өзі ат жалын тартып, азамат болды. Бірақ, олар бабаларының ел қорғағанын, көбісінің елге оралмай сырт жерде қалғанын, ең бастысы, ерлік иесі болғанын білуі тиіс. Ауылдағы ескерткіш бір жағынан соған қызмет етеді ғой деген ой менің жанымды тыншытады.

Құмтоғайдағы екінші ескерткіштің де ерекшелігі бар. Ырғыз ауданын соғыстан кейінгі жылдары Нұрқасым Бердіқұлов басқарған тұста бір-екі емес, жиырмадан астам адам Социалистік Еңбек Ері атанған екен. Солардың алтауы осы селолық округ аумағынан шыққан. «Еңбек даңқы» аллеясына сол дара тұлғаларға ескерткіш тақталар орнатылды.

Олар — Алмат Ырысбаев, Қызтуған Шегебаев, Жалпы Ордабаев, Оразбай Жұмабаев, Сағынбай Көшкінбаев және Хамиттің өз әкесі Өтеу Құдайбергенов. Мұндағы ойы — еңбектің қадірін жас буын білсін деген ниеттен туындаған.

Бүгінде көптеген ауылдардың қадірі кетіп, кешегі бір күндердегі сәулетінен айырылып қалғаны жасырын емес. Ал Құмтоғай жасарып, жаңара түсті. Елдіктің туын биік ұстаған Хамит ағаның бір қыры осы тірлігінен де анық байқалады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ырғыз ауданы.