Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Қысқы демалысты қайда өткізесіз?

Дата: 11 января 2019 в 10:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Қысқы демалысты қайда өткізесіз?

Бұл күндері қала тұрғындары қысқы спортқа ден қоя бастайды. Біреулер бос уақытында шаңғы тепсе, енді бірі қала сыртындағы туристік базаларға барып демалады. Ал оқушылар шаһардағы мұз айдындарына барып, жаңа жылдан кейінгі қысқы демалыстарын тиімді әрі көңілді өткізіп жүр.

Бүгінде қала сыртында орналасқан 7 демалыс орталығы бар. Осы орайда біз ақтөбеліктер жиі баратын орталықтарға барған едік.

 «Таудың» таза ауасы

Қала сыртындағы жайлы отбасылық демалыс орталықтарының бірі  — «Тау» демалыс базасы. Бұл жерге күн сайын таңғы сағат 11-ден бастап келушілердің саны көбейеді. Тәулік бойы күзетілетін аймақта таза ауада тынығуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алаңда 15 адамға арналған 6 коттедж үйшік, мейрамхана мен ойын-сауық орындары, монша, арнайы автотұрақ бар. Демалушылар таудан сырғанап, мұз айдынында коньки тебе алады. Сондай-ақ қалың қарда жүретін көліктерге мініп, көңілді уақыт өткізеді. Ал көктем және жаз айларында атпен серуендеу де қарастырылған.

Аталған демалыс базасының әкімшісі Индира Жабағинаның айтуынша, әсіресе сенбі, жексенбі күндері бұл жерге 300-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары жиналады.

— Демалыс базасына кіру тегін. Мұз айдынына конькилерді жалға алу құны бір сағатқа 500 теңге. Таудан сырғанауға арналған тюбингтер сағатына 2 мың теңгеге беріледі. Ал, үйшіктерді жалдау бір тәулікке 35 мың теңгені құраса, таңертеңнен кешке дейін 25 мың теңге. Мейрамханадан тамақтанып, демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік көп. Бағалары да қолжетімді деп ойлаймын. Демалушылар негізінен сенбі, жексенбі  күндері өте көп болады, — дейді Индира Жабағина.

Біз барғанда демалыс базасында алаңсыз демалып жүрген қала тұрғындарын көрдік. Жиналғандардың дені — жастар. Олардың бірқатарын әңгімеге тартқан едік.

Меруерт АБДУЛЛАЕВА, студент:

— Әрине, студенттер үшін ең керемет кезең қысқы демалыс екені сөзсіз. Мен де қысқы сынақтарымды ойдағыдай аяқтап, отбасыммен жаңа жылды қарсы алдым. Әр маусымдағы демалыстардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мен үшін қыс мезгілінің қызығы осындай демалыс базаларына келіп, бойыңды сергіту.

 

Сергей КУЛЕМИН, қала тұрғыны:

— Біз достарымызбен алғаш рет «Тау» демалыс базасына келіп тұрмыз. Бұл жер туралы көп естідік. Келгенімізге өкінген жоқпыз. Барлық қызметтері ұнады.

Жылдамдықпен таудан сырғанау ерекше сезімге бөлейді. Тауға шыққанда да өзіңді өте еркін, тәуелсіз сезінеді екенсің.

Достарымызбен бас қосқанда түрлі ойын-сауық, тамақтану орталықтарына барып жатамыз ғой. Бірақ қыста таза ауада тыныққанның жөні бір бөлек.

Азат АМАНГЕЛДІ, қала қонағы:

— Біз Алматы қаласынан бірқатар группаластарымызбен жиналып, осында келдік. Ақтөбе әдемі аппақ қарымен, суық болса да, жағымды ызғарымен қарсы алды. Бір аптаға жуық уақыттан бері қаланың көрікті жерлерін аралап, демалысымызды ерекше өткізіп жатырмыз. 

 

 

Дана ТАСПАҚОВА, қала тұрғыны:  

— Шынында мұндай демалыс орталықтарына баруға жиі көңіл бөле бермейміз. Алайда, қаланың қарбаласынан тыс уақыт тауып, бір сәт отбасыңмен осындай жерлерге келсең, ерекше демалып қаласың.

 

 

Жақсылық КАРИМОВ,  қала қонағы:

— Мен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласынан осындағы досыма қонаққа келдім. Ақтөбе өте сұлу шаһар екен. Бірнеше күннен бері қаланы аралап жүрмін. Өз басым белсенді демалысты ұнатамын. Бүгін коньки мен шаңғы тепкенді жақсы көретіндіктен осында келдік.

 

 

Әсел ТОҚТАРБАЕВА, оқушы:

— Маған отбасымен бірге демалған ұнайды. Қысқы демалыс кезінде мұз айдындарына да барып, коньки тебемін. Көпшілікпен бірге уақыт өткізген өте көңілді. Бұл жерде конькиді жалға алу бағасы да қолжетімді екен. Барлық балаларды қысқы демалыста коньки тебуге шақырамын.

 

Мұз айдыны, шаңғы, шана…

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Green Land» демалыс базасы көптеген туристер үшін сүйікті орынға айналды.  Мұнда қыс мезгілінде тұрғындарға мұз айдыны, шаңғылар мен шаналар, қонақүй мен VIP монша бассейнімен қызмет көрсетеді.
Қарғалы өзенінің көркем аймағында орналасқан «Нефтяник» демалыс базасы да конькимен сырғанау, шаңғымен серуендеу, т.б. қызметтерді ұсынуға дайын. Бұл демалыс орталығы көпшілікті таза ауасымен ғана емес, таулы жерлердің жанында орналасуымен қызықтырады.

Қыста таза ауамен тыныстап қайтуға болатын тағы бір демалыс орны — Ақтөбе қаласының маңындағы Кірпішті ауылында орналасқан «Береке» ойын-сауық орталығы. Мұнда жайлы дәмхана, конькимен және шаңғымен сырғанау, бильярд және бассейн орталықтары бар. Сондай-ақ арнайы демалу бөлмелерінде тынығуға болады. Сағатына 200 теңгеден спортзал, 2 сағатқа 500 теңгеден дойбы, шахмат, үстел теннисі ойындарын ойнауға мүмкіндіктер қарастырылған.

Ақтөбеде тұрғындардың шетелде және ел ішінде тынығуын жүзеге асыратын көптеген туристік фирмалар жұмыс істейді. Қала маңындағы демалыс орталықтары туралы толық ақпараттарды visitaktobe.kz сайтынан біле аласыз.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Жанна Бүркітбаеваның айтуынша, облыста 10 туроператор жұмыс жасайды. Оның екеуі ішкі туризммен айналысса, қалғандары басқа елдерде көрсетілетін қызметпен айналысады. Биылғы жылы республикалық тасжолының бойында қызмет көрсететін 20 сервистік демалыс орталығы ашылмақ.

 Р.S. Қысқы демалысыңызды жоспарлап жүрсеңіз, жоғарыда аталған демалыс орындарына барып, демалып қайтуыңызға әбден болады. Таза ауамен тыныстап, қарға аунап, балалықты еске түсіріп, шанамен сырғанаңыз. Демалысыңыздың көңілді өтері анық.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.