Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Дата: 06 декабря 2018 в 11:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткенаппарат жиынында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары таныстырылды. ҚР Президенті әкімшілігімен келісе отыра облыс басшысының өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып Марат Лұқпанұлы Тоқжанов тағайындалды.

— Әлеуметтік сала — үлкен сала. Бұл салада жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі халықтың көңіл күйіне, қоғамдағы саяси жағдайдың тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жауапкершілік пен талап қатаң болады. Негізінен мемлекеттік, республикалық, облыстық бағдарламалардың барлығы дер кезінде және сапалы орындалуы керек. Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Туған жерге тағзым», «Анаға тағзым», «Бақытты бала» бағдарламалары мен жобалары, Елбасының Жолдауында айтылған алдағы жылы жүзеге асырылатын Жастар жылы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай іске асырылатын жұмыстардың, басқа да мақсат-міндеттердің барлығы уақытында және сапалы орындалуы тиіс, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жаңа орынбасарына сондай-ақ білім беру және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту, мәдени-демалыс қызметін жандандыру, дене шынықтыру мен спортты дәріптеу, ардагерлерге, зейнеткерлерге, мүгедектер мен аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін әлеуемттік көмекті күшейту, қоғамдық ұйымдарды дамыту және тағы басқа салаларда істелуге тиіс міндеттерді тапсырды.

«Сіздің әлеуметтік саладағы үлкен тәжірибеңіз қойылған міндеттерді сапалы шешуге мүмкіндік беретініне сенемін. Осының бәрі ақтөбеліктердің әлеуметтік әл-ауқатын дамыту үшін маңызды», —  деді облыс басшысы.

Марат Тоқжанов 1965 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясы мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 1990 жылы Жезқазған облысының Сәтбаев қаласындағы мектеп-интернатының мұғалімі болып бастаған.

1990-1999 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының саяси тарих кафедрасының ассистенті, «Ақжайық ЛТД» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің археология институтының ғылыми қызметкері болды.

Әртүрлі жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында, Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мемлекеттік материалдық қор бойынша комитетінің бөлімінде, ҚР Әділет министрлігінің ішкі әкімшілендіру департаментінің бақылау бөліміндебасшылық қызметтерді атқарды.

2004 жылы Теміртау қаласындағы әділет басқармасына басшылық қызметке тағайындалады.

2007-2017 жылдар аралығында Орал қаласы әкімінің орынбасары, БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі, БҚО білім басқармасының басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы, БҚО әкімі аппаратының басшысы және БҚО әкімінің орынбасары болған.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап соңғы тағайындауына дейін ҚР кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары болды.

МаратТоқжанов облыс әкімі тапсырған міндеттерді өзіне артылған жауапкершілік шеңберінде дер кезінде, сапалы орындау үшін бар күшін салатынын айтып, өзіне сенім білдіргені үшін алғысын айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.