Рухани жаңғырудың жалғасы

Дата: 06 декабря 2018 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

«Нұр Отан»  партиясы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген тың жобаларды жүзеге асыру және облыстағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасының жабдықталу барысы туралы мәселе қаралды.

Кеңес отырысына «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелерімен бірге «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту, ішкі саясат басқармаларының және зиялы қауым өкілдері қатысты.

— Елімізде күн сайын жақсы жаңалықтар болып жатыр. Біз сол жаңалықтардың куәсіміз және соны орындаушымыз. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы күнделікті тақырыптардан бөлек, стратегиялық, перспективалық болашағы зор, ұзақ жылдарға арналған мәселелерді қозғап және соған біздердің барлығымызды жұмылдырады, жедел орындауға талпындырады, — деп әңгіме бастап, «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек басқосуға қатысушыларды қаралып отырған мәселелерді  кеңінен талқылауға шақырды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Нұртаза  Абдоллаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ардақ Төлебаев күн тәртібіне байланысты негізгі баяндамаларды жасады. Баяндамаларда және сөйлеушілердің сөздерінде қаладағы кітапханалардың материалдық-базасының  бүгінгі жай-күйі жан-жақты қозғалды.

Талқылау барысында кеңес мүшелері Президент мақаласындағы көтерілген өзекті мәселелерді   кітапханалардың, архивтердің жұмысымен байланыстыра әңгімеледі. Мәселен, Сабыржан Мұхтаров, Айшуақ Бақыт, Орал Байсеңгір, Нұрбақыт Барбосыновтар кітапханаларды жаңа кітап қорымен нығайту, цифрландыруға көшіру, саланың білікті кадрларын даярлау сынды проблемалық мәселелерді алға тартты. Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы Нәзира Табылдинова Елбасы мақаласындағы «Архив-2025» жобасын еске салып, «Мирас» аймақтық кеңесінің алдағы бір отырысында осы мәселелерді талқылауға ұсыныс жасады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.