«Нұрлы жер»: 5 пайыздан 3,8 пайызға дейін

Дата: 06 декабря 2018 в 11:12

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

«Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.

Жақында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы журналистерді «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысымен таныстырды. Аталған бағдарлама бойынша бүгінде баспана аламын деушілерге қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға барынша мүмкіндік қарастырылған.

«Нұрлы жер» бағдарламасының «Жергілікті атқарушы органдар арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойыншаүйлер Алматы ауданының«Нұр Ақтөбе»тұрғын ауданында салынып жатыр. Жалпы алғанда «Нұр Ақтөбенің» өзі 5 шағын ауданнан тұрады. Бірінші ауданда 3-4 қабатты көп пәтерлі таунхаустар тұрғызылған, бірінші «А» ауданында 194 коттедж бар. Ең алғаш салынған 9 қабатты көп пәтерлі үйлер — екінші, қазір салынып жатқан 9 қабатты үйлер — үшінші және төртінші аудандарға бөлінген.

 

—  Пәтерлер аумағы 31,6-99,6 шаршы метр, ал коттедждердің аумағы 114 – 152 шаршы метр аралығында. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 100 000-135 000 теңге. Бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен, — дейді банк филиалының бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Зайытов.

Бұл баспаналарға ие болу үшін тұрғындар аталған банктің салымшысы болуы керек және депозитке үй бағасының кемінде 20 пайызын жинауы шарт. Оны бірнеше жыл бойы жинауға да, бірден аударуға да болады. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысудың басты  талаптары. Егер осы талаптар орындалып, төлем қабілеті расталса, ол адамға 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен несие беріледі.

—  Мысалы, аумағы 44 шаршы метр бір бөлмелі үй алғыңыз келді делік. Оның құны  5 280 000 теңге болады. Ол үшін банктегі депозитке 1 056 000 теңге жинау жеткілікті. Несиені ең көп дегенде 19 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Егер осы пәтерді алу үшін несиені 19 жылға есептесеңіз, бастапқы 8 жылда жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен айына 35 728 теңге төлеп тұрасыз, содан соң 11 жыл бойы 3.8% жылдық мөлшерлемемен 17 087 теңге төлейсіз, — дейді Мақсат Зайытов.

Баспасөз туры барысында аталған бағдарлама бойынша баспана алған азаматтармен де кездестік.

45 жастағы ақтөбелік полицей Қайрат Мұхтаров ішкі істер органында 25 жыл бойы еңбек еткен. Көп жылдар бойы жолдасымен, төрт баласымен пәтерден пәтерге көшіп жүрген үлкен отбасы отағасы пәтер алудың тиімді жолдарын ұзақ зерттегенін айтады.

— Осыдан алты жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, депозит ашып, осы жылдар аралығында үш миллион теңге қаражат жинадық. Екі жыл бұрын өзім жердің кезегіне де тұрғанмын. Қазір, міне, жер кезегінде тұрғанымыз да, банктен депозит ашқанымыз да тиімді болды: «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша арзан пайызбен несие алып, «Нұр Ақтөбеден» екі қабатты коттедж сатып алдық. Бұған дейін ай сайын пәтерге 60 мың теңге төлеп келдік. Біреуге төлегенше өз баспанаң үшін төлеген әлдеқайда тиімді ғой, — дейді ол. Қайрат Мұхтаровтың жолдасы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді екен, кішкентайлар — балабақшада. Сатып алған коттеджі кең — 152 шаршы метр, нағыз үлкен отбасына арналған.  Бағдарлама шарты бойынша отбасы 8 жыл бойы айына 100 мың теңгеден, кейінгі 11 жыл бойы 50 мың теңгеден төлейді. Отбасы жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алмақ.

Айта кету керек, жер алу үшін кезекте тұрған азаматтар екі қоянды бір оқпен ата алады: егер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шотында үй құнының 20 пайызы болса, төлем қабілеттілігін растай алса, осы коттеджге қол жеткізе алады. Ол үшін Жер қатынастары бөліміне арыз жазып, жолдама алып және банк филиалына қажетті құжаттарды тапсыру керек.

— Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағдарламалары халық арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осы жылдың алғашқы 9 айының нәтижесі бойынша жалпы қазақстандық ипотекадағы біздің банктің үлесі 62%-ға тең. Бүгінге дейін 26 000 азамат баспаналы болды, оның 6 000-ы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй алды. Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында 1400-ден астам отбасы осы бағдарлама шеңберінде баспаналы болды, тағы 300-ге жуық адам құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 1000 шақты адам баспаналы болады деген жоспар бар. Бұл елдегі әлеуметтік тұрғыдан ең өзекті мәселелердің бірі —  тұрғындарды  қолжетімді үймен қамтамасыз етудің тиімді жолмен шешіліп жатқанының дәлелі, —дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен беріледі. Яғни, пәтерлердің кем дегенде 50 пайызы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі, ал қалған 50 пайызыкезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына сатылады. Дегенмен, әкімдікте кезекте тұрған азаматтар да банк салымшысы болуы тиіс.

—  Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлер жеңілдетілген шарттармен берілетіндіктен, үміткерлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар: біріншіден, ол Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман болуы тиіс, екіншіден, өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік үйі тіркелмеген болуы керек, сондай-ақ үміткер Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болуы, төлем қабілеттілігін растай алуы қажет, — дейді Мақсат Зайытов.

Қараша айында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болғысы келетін кезекте тұрған азаматтар үшін тағы бір жағымды жаңалық болды:  Ақтөбе облысы әкімшілігі мен ТҮҚЖБ басшылығы арасында ерекше келісімге қол қойылды. Жоба аясында әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтарды қаржылай қолдау қарастырылған-ды. Бұл мақсатта жергілікті билік бірінші кезеңде бюджеттен 250 млн теңге бөлді. Аталған қаражат «Нұр Ақтөбе» ықшамауданындағы бір бөлмелі пәтерлерді сатып алуда бастапқы жарнаны төмендетуге жұмсалады. Бұл кемінде 500 отбасына қоныстойын тойлауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 30-дан астам салымшы несие бойынша растауларын алды.

— Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жылдық

5 пайызбен үй алу үшін депозитте үй құнының кемінде 20 пайызына тең бастапқы жарна болуы тиіс. Мәселен, аумағы 45 шаршы метр болатын пәтердің бағасы шамамен 5 млн теңге болады. Оны алу үшін депозитте 1 миллионға тең қаражат болуы керек. Ал әкімдік пен банк арасындағы келісімге сай, енді депозитте бір миллион емес, 10 пайыз, яғни 500 мың теңгеңіз болса жеткілікті, қалған 10 пайыз — 500 мың теңгені әкімдік бюджеттен бөліп береді. Оны заемшы 5 жыл ішінде ешқандай үстемақысыз қайтарады. Бұл бойынша Халықтық кеңсеге келіп, ақпарат алуға болады, — дейді М.Зайытов.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекеттік бағдарламалардан бөлек «Өз үйім» және «Өзге жобалар» атты банктің жеке бағдарламаларына қатыса алады.

Дерек бойынша, қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,2 миллионнан астам шот бар. Жыл басынан бері 285 197 жаңа депозит ашылған. Ал Ақтөбе облыстық филиалы жыл басынан бері тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 3 200-ден астам адамға несие рәсімдеген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.