2019-2021 жылдарға арналған бюджет жобасы қаралды

Дата: 06 декабря 2018 в 11:02 Категория: Новости экономики

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Өткен сейсенбі күні  облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың төрағалығымен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мен жұмыс тобының бірлескен отырысы өтіп, 2019-2021 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланды.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның хабарлауынша, 2019 жылғы облыстық бюджеттің кірісі 116,9 миллиард теңге көлемінде қаралды. Оның ішінде меншікті кірістер 35,4 миллиард теңге құрайды.

Егерде негізгі шығыстарды әкімшілік бюджеттік бағдарламаларға бөліп қарайтын болсақ, 18,8 миллиард теңге облыстық білім басқармасына бөлінді. Бұл қаржы мамандар даярлауға, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тапсырыстарын орындауға, тоғыз қала мектептерін байқаудан өткізу жүйесін, цифрлық білім беру инфрақұрылымын және басқаларын қаржыландыруға бағытталады.

Сондай-ақ 5 миллиард теңгеден астам қаржы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына бөлінеді.

— «Ақтөбе» футбол клубын қаржыландыруға, спортшылар мен жаттықтырушыларды ұстауға, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін спорт клубына, сондай-ақ облыстық құрама командалардың мүшелерін республикалық және халықаралық жарыстарға даярлауға 3, 368 миллиард теңге қаржы қаралған. 12 облыстық балалар-жасөспірімдер мектептерін ұстауға 1,970 миллиард теңге көзделген, — деп атап айтты басқарма басшысы Гүлқасима Сүйінтаева.

Облыстық  денсаулық сақтау басқармасына алдағы жылы 3,1 миллиард теңге бөлінеді. Мұның бір бөлігі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы алдағы жылы 7 миллиард теңгеден астам қаржы алады. Қаржының басым бөлігі мал шаруашылығы саласын субсидиялауға, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік  қолдау көрсетуге, асылтұқымды мал шаруашылығын  дамытуға қаралған.

Облыстық бюджеттен 4,1 миллиард теңге қаржыны  көліктік инфрақұрылымдардың басым жобаларын жүзеге асыруға бағыттау жоспарланған. Қалған облыстық департаменттер мен басқармалар сәл аз алады.

Тұтастай алғанда бюджет барлық салаларды қамтыған. Алдағы жылы бюджеттің барлық  кіріс бөлігі тиынына дейін аймақтың бірінші кезектегі міндеттерін жүзеге асыруға жоспарланған.

Бюджет жобасын талқылауға  халық қалаулылары белсене қатысты және көптеген сауалдар қойды. Бірсыпыра бағыттар бойынша депутаттар басқармалар мен департаменттердің басшыларынан егжей-тегжейлі есептерін талап етті.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова кейбір басшылардың шығыстардың есебіне келгенде жеңіл-желпі қарайтынын, мұндай жағдайда депутаттар  жобаларды қолдай алмайтынын, бұл өз кезегінде жоспарды жүзеге асыру мерзіміне әсер ететінін атап көрсетті.

Сондай-ақ  жұмыс тобы мен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында облыс аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланып, облыстық мәслихаттың бюджет, экономка, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комссиясының төрағасы Аркадий Нидің есебі тыңдалды.

Дидар БИРМАНОВ.