Менингит жұқтырған бала емделіп жатыр

Дата: 06 декабря 2018 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Екінші желтоқсан күні Ақтөбе қаласындағы мектептің бірінде оқитын 2002 жылы туған оқушы  менингококк инфекциясын жұқтырып, тіркеуге алынды. Эпидемиологиялық тексеру кезінде баланың 25 қарашадан бастап ауырғаны белгілі болды. Сол уақыттан бері жөтел,  мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы сияқты симптомдар пайда болып, ол ұзаққа созылған. Өкінішке қарай, науқас  дәрігердің кеңесінсіз дене қызуын түсіретін препараттар қабылдаған. Алайда ауру басылмаған соң науқас бала облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қазіргі таңда стационарлық ем алып жатыр. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, бактериологиялық зерттеу қорытындысында  науқастың қанынан (ПТР) менингококк инфекцияның қоздырғышы анықталды. Ал науқаспен қарым-қатынаста болған 39 адамға бактериологиялық тексерулер жүргізіліп жатыр. Барлығы медициналық бақылауға алынған.

Аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін профилактикалық шаралар қолға алынды. Жалпы менингококк инфекциясы — жұқпалы ауру, ол ауа тамшылары арқылы бір адамнан екінші адамға беріледі. Қоздырғыш сыртқы ортада тұрақсыз, күн сәулесінен және дезинфекциялау кезінде тез өледі. Облыс аумағында 11 айдың ішінде алты адам инфекция  жұқтырған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі төрт бала бар. Аурудан сақтану үшін тұрақты түрде спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану керек. Салқын күні жылы киініп жүрген жөн. Аурудың алғашқы, яғни мұрыннан су ағу, тамақ қырнап ауыру, құрғақ жөтел,  дене қызуының 38-40С дейін көтерілуі, бас ауыру секілді белгілері байқалса, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетінше емделу аурудың асқынуына, соңы қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін.

К.ҚОПАЕВА.