Аспалы төбенің құлауын арнайы комиссия тексереді

Дата: 06 декабря 2018 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбеде мектеп төбесінің бір бөлігінің құлауына қатысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе қаласының білім бөлімі хабарлады.

Қалалық білім бөлімінің мəліметінше, 30 қараша күні қаладағы №40 мектептің акт залының киім ауыстыратын жеріндегі аспалы төбенің бір бөлігі құлаған. Сол уақытта аталған жерде болған тоғыз оқушы жедел түрде қауіпсіз жерге шығарылды. Мұғалімдер болған жағдай туралы дереу ата-аналарға хабар беріп, мектептің медицина қызметкері оқушыларды тексеріп, ішкі ережеге сəйкес жедел жəрдем бригадасын шақырған.

— Балалар облыстық балалар клиникалық ауруханасына профилактикалық тексеруге жеткізілді. Олардың денсаулық жағдайларының тұрақтылығына көз жеткізген ата-аналары балаларын үйлеріне алып кетті. Ал денсаулығына байланысты бұрыннан есепте тұрған бір оқушы ауруханада қалдырылды. Ол дәрігер бақылауында болады, — дейді білім бөліміндегілер.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласының білім беру мекемелерінде мұндай жағдай алғаш рет орын алып отыр. Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген жəне  жыл сайын мұнда косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Аспалы төбенің не себептен құлағандығын Ақтөбе қаласының əкімдігі құрған арнайы комиссия анықтамақ. Аталған мəселе Ақтөбе қаласы əкімінің жеке бақылауында  болады.

 А.МӘЛІКҚЫЗЫ.