Көрме қаңтарға дейін жалғасады

Дата: 15 ноября 2018 в 12:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Көрме қаңтарға дейін жалғасады

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты аймақтық кәсіби сессия өтті. Сессия «Музей» автоматтандырылған жүйесінің деректері негізінде «ашық кеңістік» форматында ұйымдастырылды. Шараға  ҚР Тұңғыш Президенті  — Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылым докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов және Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева қатысты.

Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов сессия қатысушыларына сәттілік тіледі.

— Бүгінгі күн  ақтөбеліктер үшін ерекше күн болды. Себебі қалада Елбасы кітапханасының «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі өтіп жатыр. Көрме ақтөбеліктерге айрықша  көңіл күй сыйлап, құнды жәдігерлермен танысуына  мүмкіндік бермек және бұл шара мұражайдың жаңа ғимаратының ашылуымен тұспа тұс келіп отыр, — деген Нұржауған Қалауов Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің, оның ішінде облыстың жылдан-жылға өркендеп келе жатқанын айтты.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов Ақтөбе өңірінің өзіне ыстық екенін, осы елде бірнеше жыл еңбек еткенін айтты. Сол кезеңмен салыстырғанда облыста жаңашылдықтардың орын алғанын, шалғай аудандарға тасжол салынып, көгілдір отын кіргенін, осындай жетістіктерге қуанышты екенін әңгімеледі. Сондай-ақ Елбасының көреген саясатының арқасында мемлекетімізде игі істердің атқарылып жатқанын айтып өтті.

— Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысының өмір жолына қатысты барлық жазбалар, деректер сақталған. Оның ішінде Елбасының ядролық қарудан бас тартуы және өзге де бейбітшілікке үндейтін қадамдары кеңінен насихатталады. Көрмеге қойылған аудио, видео жазбаларды жұртшылықтың тамашалауына болады. Мәселен, Атырауда өткен көрмеге 114 мың адам келсе, Оңтүстік Қазақстанда бір айдың ішінде 182 мың адам жәдігерлерді тамашалады. Ақтөбеде көрме келер жылдың қаңтар айына дейін жалғасады. Бұл — облыс тұрғындарының Елбасы кітапханасының көрмесін тамашалауына таптырмас мүмкіндік, — деді Әмірхан Рахымжанов. Ал Күләйша Ақтаева Елбасы кітапханасындағы барлық мұрағаттар электронды түрге көшірілгенін айтты. Жиында музей, кітапхана, мұрағат ісіндегі негізгі проблемалар сөз болды. Осы саланың мамандары, жоғары курстың студенттері, жас мемлекеттік қызметшілер пікірілерін ортаға салды.  Күләйша Ақтаеваның айтуынша,  мұражайдағы кейбір тарихи құжаттар, деректер жылдар бойы қозғалмайды. Көпшілік бәрі білетін құжаттармен ғана жұмыс жасайды. Ал өзге мәліметтер сол күйі тұрады. Сондықтан кейбір құнды материалдарды көпшілік пайдалануы, ол насихатталуы  керек. Жиында осы және өзге де мәселелер сөз болды.

Сондай-ақ Әмірхан Рахымжанов іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысқаны үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваға, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мейрам Дүйсенғали мен С.Бәйішев атындағы кітапхананың директоры Айгүл Мақсатқызына  ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтің Алғыс хатын тапсырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.