Тәрбие бастауы

Дата: 15 ноября 2018 в 10:22

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық балалар кітапханалары қызметкерлерінің қатысуымен «Мәңгілік елдің мәдени орталығы — балалар кітапханасы» атты семинар ұйымдастырды.

Семинарда «Электронды кітапхана: заманауи қызмет жүйесі», «Мектеп кітапханасы — рухани тәрбиенің бастамасы», «Балалардың кітап оқуы — елдің зияткерлік әлеуеті: проблемалары мен шешу жолдары» тақырыптары талқыланып, кітапханашыларға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.

Аталған кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова биыл қыркүйек айында өткен «Кітапхана — қоғамның көп функцияналды, көп деңгейлі әлеуметтік институты» атты бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі туралы баяндап, ортақ жетістіктерге жету жолында барлық кітапханашыларды өз үлестерін қосуға шақырды.

Сондай-ақ шараға қатысқан «Республикалық ғылыми-техникалық кітапханасы» АҚ Ақтөбе филиалының бас кітапханашысы Кенжебике Маханова кітапханалардағы кітап қорының сандық жүйеге көшуі туралы баяндады. №6 Хромтау мектеп-гимназияның кітапхана меңгерушісі Әлия Елеусізова баланы кітап оқуға тарту мақсатында жүргізген нәтижесі мол жобаларымен бөліссе, облыстық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі Камилә Ідрісова Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясынан алған әсерімен бөлісті.

Сондай-ақ шарада жылдың басында жазушы Ө.Қанахиннің  95 жылдығына орай жарияланған «Оқы, ақтөбелік өренім!» облыстық оқу марафонының жұмысы қорытындыланды.

Семинардың екінші бөлімі «Ұмытпас мені ғасырлар» жобасы аясында ұйымдастырылған «Байғанин оқулары – 2018» облыстық көркемсөз оқу сайысымен жалғасты. Сайысқа облыс бойынша 12-15  жас аралығындағы балалар қатысып, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Байқау  қорытындысы бойынша Шалқар ауданы №5 мектеп-лицейінің оқушысы Бекзат Құдайбергенов жеңімпаз атанды. Сайыс жүлдегерлері және қатысушыларға Алғыс хаттар, дипломдар мен сыйлықтар тарту етілді.

 Эльмира КАШКЕНОВА,

Н.Байғанин атындағы облыстық

балалар кітапханасының әдіскері.

Ақтөбе қаласы.