Туризмді дамыту — өзара тиімді ынтымақтастықтың бір жолы

Дата: 10 ноября 2018 в 15:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Туризмді дамыту — өзара тиімді ынтымақтастықтың бір жолы

 

Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы XV форумы өз жұмысын аяқтады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің шекаралық аймақтарында туризмді дамыту бойынша Бірлескен іс-әрекеттер жоспарына қол қойды.  

Форум екі күн бойы — 8 және 9  қарашада өтті. Шараның екінші күні Петропавлға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин келді.

Нұрсұлтан Назарбаев осында келгеннен кейін теміржол автоматикасы, теміржол көлігі үшін қауіпсіздік жүйесі мен байланыс, телемеханика, сондай-ақ цифрлы телевидение үшін құрал-жабдықтар, мұнай-газ кешені үшін өнімдер мен байланыс арнаулы құралдарын өндіретін Киров атындағы зауытта болды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин өзара кездесу өткізіп, туризм саласындағы қатынастарды дамытудың алдағы перспективалары мен ынтымақтастықтың түйінді мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентіне сәт сапар тілей отырып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің өткен сессиясының нәтижелі сипатын атап көрсетті.

Қазақстан Президенті осы форумның тақырыбының өзектілігін атап көрсете отырып, мәдени және экономикалық өзара іс-әрекеттер тұрғысында туристік салада ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Көрмеде

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын айтып, екі жақты қатынастардың жоғары қарқында дамып келе жатқанын атап көрсетті.

Сондай-ақ Ресей Федерациясының Президенті туризм саласында екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдету үшін ауқымды әлеует бар екендігіне тоқталды.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшыларына «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамыту жобасы таныстырылымы өтті.

Президенттер сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы әлеуметтік нысандардың іске қосылу барысы, тұрғын үй массивін газ жүйесіне қосу және инфрақұрылымдар желісін жөндеу нәтижелері туралы хабардар етілді.

Қазақстан мен Ресейдің Президенттері екі мемлекеттің туристік саласын дамытудың жаңа жоспарлары мен перспективасына арналған көрмені бірлесіп көрді.

Көрмеде екі елдің тұрғындары үшін туристік өнімдердің кең ауқымын қамтитын қазақстандық және ресейлік компаниялар таныстырылды. Шаралардың жақсы ұйымдастырылғаны және қатысушылардың көп болғаны атап көрсетілді.

Пленарлық мәжілісте

Екі мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығы  XV форумының пленарлық мәжілісі құрылысы осы шара қарсаңында аяқталған Оқушылар сарайының жаңа ғимаратында өтті.

— Құрметті форум қатысушылары! Мен сіздермен Петропавлда кездесіп, қауышқаныма қуаныштымын. Сіздерді жақын әріптес және серіктес, тату көрші ретінде зор қуанышпен қабылдаймыз. «Алыстағы туыстан жақындағы көршің артық» деген сөз бар.

Біздің форум өз жұмысы басталғаннан бері өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде көрсетті, біздің елдеріміздің саяси-экономикалық өзара әрекетінің маңызды институтына айналды. Бұл формат кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте үлгіге айналды. Өткізілген форумдар аясында біз 200-ден астам келісімдер мен келісімшарттарға қол қойдық. Аталған құжаттарды жүзеге асыру аймақтардың ғана емес, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның экономикасының тұтас салаларының дамуына да елеулі серпін береді, — деп атап көрсетті форум қатысушыларына арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінгі күні екі мемлекет арасында іс жүзінде экономиканың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықтың айқын желісі құрылымдалғанын атап көрсетті.

— Біз ЕАЭО, ҰҚШҰ, БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында көпжақты форматта өзара іс-қимылды қалыптастырдық. Ресей Федерациясы стратегиялық одақтасымыз, маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз болып отыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Биылғы жылдың 8 айы ішінде ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 11 миллиард доллардан асты. Жылдың соңына дейін ол 18 миллиард долларға жетуі мүмкін деп болжамдалуда. Бүгінгі күні 10 миллиард доллар құрайтын 60-тан астам ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 6 миллиард доллар құрайтын тағы да 57 жоба жүзеге асырылу барысында.

Мемлекет басшысы өтіп жатқан «Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» форумының өте маңызды және көкейкесті мәселеге арналғанын атап көрсетті.

Қазіргі жағдайда туризм әлемдік экономика өсуінің түйінді қозғаушыларының бірі болып табылады. Қазақстан мен Ресейдің бұл салада ынтымақтастығының ауқымды әлеуеті бар.

Қазақстан Президенті сондай-ақ қатысушыларды келетін туристер ағынын ұлғайтуға және 60 мыңнан астам жұмыс орнын құрылымдауға бағытталған Қазақстан Республикасындағы туризмді дамытудың бесжылдық бағдарламасын жасау барысы туралы хабардар етті.

— Екі жақты туризмді дамыту секілді ынтымақтастықтың маңызды бағытына жеке тоқталғым келеді. Ресейдегі сияқты Қазақстанда да демалысты өткізуге болатын, яғни аралап-көретін тартымды жерлер баршылық. Мәселен, ресейліктер, әсіресе, елдің Батыс Сібір бойы тұрғындары бізге жазда Бурабайға, Балқаш және Алакөл көлдеріне, қыста — Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына, тағы да басқа жерлерге демалуға келеді, — деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ шешілуі өкілетті органдардың араласуын талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Олардың арасында туристердің қолайлы жүріп-тұруы мақсатында шекаралық өтуді жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарын жетілдіру, Каспийдегі туризмді бірлесіп дамыту, ғарыш туризмінің қалыптасуына ықпал ету, тағы басқа жайлар бар.

— Қымбатты әріптестер, достар! Сіздерге осы форумда ыстық сәлемімді жолдаймын. Нұрсұлтан Әбішұлының айтқандарымен толық келісемін. Белсенді аймақаралық байланыстар біздің елдеріміз арасындағы достық пен өзара тиімді әріптестікті нығайтуда орасан зор роль атқарады. Біз жаңа ғана Қазақстан Президентімен екі жақты байланыстарды кеңейту бойынша ағымдағы жағдай мен қолда бар мүмкіндіктерді талқыладық. Инвестициялық құрамдағы жобаларға ерекше назар аудардық. Ресей мен Қазақстанның экономикасы барған сайын өзара байланысты және біріктіріле түскенін атап өттік, — деді өзінің жауап сөзінде Ресей Федерациясының Президенті.

Форум қорытындысы

Владимир Путин туризм өзара тиімді ынтымақтастық үшін мүмкіндіктері мол бизнестің болашағы бар саласы болып табылатынын атап көрсетті. Бұл ретте өңіраралық ынтымақтастық арнасы кеңейе түсуде.

Форум қорытындысында Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің шекаралық аймақтарында туризмді дамыту бойынша бірлескен іс-әрекеттер жоспарына қол қойды. Жалпы шаралар өткізу барысында Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, ұйымдары мен бизнес құрылымдары арасында туризмді дамыту және ынтымақтастық бойынша 75-тен астам екі жақты құжаттарға, меморандумға қол қойылды. Тараптар Қазақстан мен Ресейдің шекаралық аймақтарында 100-ден астам туристік маршруттарды бірлесіп игеруге келісті.

Форум қорытындысында мынадай құжаттарға қол қойылды:

— 2019-2021 жылдарға Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-әрекеттер жоспары;

— ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында аймақаралық және шекара бойы ынтымақтастығы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша перспективалық аймақтық бастамалар тізімі мен шаралар жоспары;

— «Қазақстан-Ресей» шекаралық ынтымақтастығы бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы ниеттер туралы меморандум;

— ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

— ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру келісімшартына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

— ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында 2006 жылғы 3 қазандағы ҚР және РФ шекаралық аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы Келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Шекаралық ынтымақтастық форумының аяқталуы барысында Қазақстан мен Ресейдің Президенттері білім беру процесінде инновациялық технологиялар пайдаланылатын оқу кабинеттері мен лабораторияларды аралап көрді. Мемлекет басшылары сондай-ақ оқушылардың жұмыстарымен танысып, шәкірттермен әңгімелесті.

Ақтөбе мен Челябі ынтымақтастық туралы келісім жасады

Сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен РФ Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» атты XV өңіраралық ынтымақтастық форумы барысындағы меморандумға қол қойды. Мемлекет басшыларының қатысуымен ірі шаралар Петропавлда өтеді.

2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Ақтөбе облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 804,3 мың АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт мөлшері — 373,3 мың АҚШ доллары. Экспорттың негізгі үлесін хром, мыс және мырыш рудалары мен концентраттар, мұнай өнімдері құрайды. Сондай-ақ экспортқа құбыр өнімдері, қара металл сынықтары мен қалдықтары, басқа да тауарлар шығарылады.

Аумағында «Магнитогорск металлургия комбинаты» КАҚ,  «ММК-МЕТИЗ» Магнитогорск метбұйым-калибрлеу зауыты, «Челябі мырыш зауыты» КАҚ және басқа да ірі кәсіпорындар жұмыс жасайтын Челябі облысы ақтөбелік тарап үшін үлкен қызығушылық тудырады. Қазіргі таңда өңірдің кәсіпорындарымен 11 ақтөбелік компания тығыз жұмыс жасайды. Бұл өзара қарым-қатынас пен экономикалық байланысты  кеңейту үшін үлкен әлеует барын дәлелдейді.

Келісімдер аясында тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуде өзара әрекет етуге, өңірлердің бизнесін, өндірістік-шаруашылық кооперацияны дамытуға ықпал етуге келісті.

Өңір басшылары сондай-ақ өздерінің өкілеттіктері аясында бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру үшін күш біріктіруді, тараптар өкілдерінің ресми және жұмыс бабымен кездесулері аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибелерімен алмасуды, іскерлік тапсырмалар, көрмелер ұйымдастыруды және инвестициялық әлеуетті таныстыруды жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау және білім беру, туризм салаларындағы білімдерімен және тәжірибелерімен алмасудағы бірлескен жұмыстар жоспарланды.

 Владимир БУРЬЯНОВ.