Шығындар тізімі бекітілді

Дата: 10 ноября 2018 в 14:42

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма төртінші сессиясының жалпы отырысы №19 Байғанин сайлау округінен депутат Әсел Сарманованың төрағалық етуімен өтті. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, депутаттар, аудан және Ақтөбе қалалық мәслихаттарының хатшылары қатысты.

Онлайн түрінде өткен сессия жұмысына бұл жолы 24 депутат қатысты. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі — №23 Қандыағаш және №29 Хромтау сайлау округтері бойынша облыстық мәслихаттың депутаттарын сайлау қорытындысы тыңдалды. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева хабарлады. Белгілі болғандай, аталған сайлау округтері бойынша Бөріхан Беркімбаев пен Шамиль Багаутдиновтар көп дауыс жинап, депутаттыққа өтті. Сессия барысында Г.Күнбаева жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер мен арнайы төсбелгіні тапсырды.  Сәния Қалдығұлова облыстық мәслихатқа жаңадан сайланған депутаттардың қызметіне сәттілік тілеп, оларға сайлаушылардың сенімін ақтап, депутаттық міндеттерді абыроймен атқаруға тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, сессияның күн тәртібінде «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылдың 8 желтоқсанындағы №217 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе қаралды. Бұл мәселеге қатысты облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева хабарлама жасады. Ол облыстық бюджеттің нақтылануына шығындар тізімін ұсынды. Шығындардың жалпы сомасы — 2 236349,0 мың теңге. Атап айтқанда, білім басқармасына — 1175048,0 мың теңге. Яғни, бұл қаржы Ақтөбе қаласы бойынша 2017-2018 жылдары жаңадан енгізілген 11 мектепті қамтамасыз етуге әрі мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәрізді мақсаттарға қарастырылған. Сол сияқты, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік басқармаларына да қаражат бөлінген. Атап айтқанда, бұл қаражат облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының күрделі және орташа жөндеуін ортақ қаржыландыруға, әлеуметтік маңызы бар Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе теміржол бағытын субсидиялауға жұмсалды. Сол сияқты, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйге инженерлік желі құрылысы, облыстық ауруханадағы кардиореанимациялық залдың қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыру ісі де осы қаражат есебінен жүргізілген.

Сонымен қатар сессия отырысында депутаттар Серік Орынбаев пен Мирболат Райымқұловты Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелігіне тағайындау бойынша шешім қабылдады. Сессияның күн тәртібінде қаралған  барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.