Үш бағыттың үлесі

Дата: 10 ноября 2018 в 14:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Елімізде еңбек нарығының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталып отыр. 2010 жылмен салыстырғанда жұмыс күшінің саны 468 мың адамға артып, жұмыспен қамтылғандар саны 523 мың адамға көбейген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық-насихат тобының мүшесі Құттымұрат Шамшиев ақтөбелік БАҚ өкілдеріне арналған семинар барысында айтты.

Жұмыссыздықты жою мақсатында елімізде 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарламаның өзге жобалардан артық тұстары көп. Бес жылға жоспарланған бағдарлама үш бағыт бойынша: қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқуымен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы негізінде еңбек нарығын дамыту арқылы жүзеге асырылады.

Ақтөбе облысында 2017-2021 жылдарға арналған аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін биыл 7,4 млрд теңге қаражат бөлініп, 44 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

— Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 1085 адамды жұмысшы мамандықтарға, ал 2068 адамды қысқа мерзімді кәсіптік негізде оқыту жоспарланған болатын. Бұл бағытта 2 миллиард теңге қарастырылған. Ал екінші бағыт бойынша 4,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жасалып жатыр. Үшінші бағыт бойынша, уақытша жұмыс орындары мен әлеуметтік жұмыс орындарына 1765 адамды бағыттау жоспарланған болатын. Бұл бағытқа 285 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінге дейін бөлінген қаржының 85 пайыздан астамы игерілді, — деді Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметік бағдарламалар басқармасынын басшысы Қайрат Отаров.

Сондай-ақ өңірде «Жастар практикасы» бойынша 743 миллион теңге қаражат бөлініп, 2308 жас қамтылған.  

Семинар барысында журналистерге бағдарламаның тиімді тұстары тағы бір мәрте түсіндіріліп, бағдарламаның игілігін көріп отырған азаматтар жайында бейнероликтер көрсетілді.

2021 жылға дейін жалғасатын бағдарлама қазірдің өзінде-ақ жоғары көрсеткіштерге ие. Оған Ақтөбе облысымен қатар өзге облыстарда орындалып жатқан істер мен жаңа жұмыс орнын тауып, өз кәсібін ашқан азаматтар дәлел.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.