Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Заң жобасы тиімді шығуы үшін қоғамдық пікірдің алатын орны ерекше

Дата: 03 ноября 2018 в 14:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Геннадий Шиповских, Құралай Қарекен және Дания Еспаевалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауын кеңінен тарқатып, түсіндіру мақсатында Мұғалжар ауданында болды. Халық қалаулылары Ембі қаласы әкімдігінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесті.

Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кезекті Жолдаудың маңыздылығы мен онда жүктелген міндеттердің мәнісін түсіндірген Мәжіліс депутаттары басты бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

— Талай талант пен тарланды түлеткен, қасиетті де қадірлі Ақтөбе өңіріне келгеніме өте қуаныштымын. Бұл менің осы өңірге жасаған  төртінші іссапарым. Осы жолғы іссапарымыздың мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 5 қазанында жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа  арнаған Жолдауында айтылған жауапты міндеттерді түсіндіруге бағытталады. Жалпы Мемлекет басшысы ұсынған стратегиялық құжат 6 бағытты құрап отыр. Онда негізінен әлеуметтік мәселеге көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар, еліміздің экономикасын, логистика мен агроөнеркәсіп кешендерін, жаңа технологияларды дамыту міндеттері алға қойылды. Соның ішінде, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді енгізгені жағымды жаңалықтың бірі болды. Еліміздің экономикасын әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлік бағытты дамыту үшін алға межелі мақсаттар қойып, бірқатар шараларды атқарып жатырмыз. Оның бір үлкен көрінісі — «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының әр өңірлерде жақсы нәтиже көрсетіп, жүзеге асырылып жатқандығы. Сол себепті, Елбасымыз бұл бағдарламаны 2025 жылға дейін созуды міндеттеп отыр. Сондай-ақ, мал ұстау, мал бордақылау жұмыстары да қазір көптеп қолға алынып жатыр. Берекелі іспен айналысамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалады. Қазір кәсіпке енді келетіндерді оқытып, үйрету, бизнеске даярлау мақсатында да қомақты жобалар бар, — деді Геннадий Шиповских.

Депутат өз сөзінде Парламент қабырғасында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленетіндігін айтты. Қазіргі таңда аталған жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс тобы жасақталып жатыр.

— Мұғалімдердің мәртебесін ең жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Осы орайда, біздер әлеуметтік желілер арқылы халықтың пікірі мен ұсыныстарын жинақтап жатырмыз. Себебі, заң жобасы тиімді шығуы үшін қоғамдық пікірдің алатын орны ерекше, —  деді ол.

Бұдан бөлек Жолдауда айтылған әлеуметтік маңызды мәселелерді, оның ішінде тұрғындардың баспанамен қамтылуы, ішкі және сыртқы туризмді дамыту, білім саласына қатысты кейбір түйіндерді Құралай Қарекен мен Дания Еспаева тарқатты.

— Елбасымыз Жолдауда «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту екендігін баса айтты. Расымен де бұл бағдарламалар —халықтың игілігіне арналған ең ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба. Бүгінде «7-20-25» бағдарламасы тек облыс орталықтарында ғана жүзеге асырылып жатыр. Біздер, депутат ретінде мұндай бағдарламалардың аудандарда орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ұсыныс жасап отырмыз. Мақсатымыз — әрбір қазақстандықтың тұрғын үймен қамтылуына қолайлы жағдай жасау, — деді Дания Еспаева.

Кездесу барысында Елбасы Жолдауына аудан тұрғындары да қолдау білдіріп, пікірлерін ортаға салды.

— Бүгінде ауданның әлеуетін көтеретін бірқатар әлеуметтік мәселелер біртіндеп өз шешімін тауып жатыр. Соның ішіндегі ең өзектісі — жол мәселесі. Жақында  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданымызға келгенде жол құрылысының жобасы жасалып, жұмсалатын қаржының шешілгендігін айтып қуантты. Енді келесі жылдан бастап жол жөндеу жұмыстары басталатын болады. Бұл — үш-төрт жылға дейін созылатын күрделі жұмыс. Ең бірінші, Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы жол, артынша Қандыағаш, Ембі, Шалқар жолдары жөнделеді. Елбасы өз Жолдауында елді мекендердегі осындай әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аудартып отыр, —  деді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.

Кездесуден соң Мәжіліс депутаттары Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтар мемориалды мұражайында болып, тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтар мен мұраларды сақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Ембі қалалық балалар және жасөспірімдер мектебінде, қаладағы №1 орта мектепте де болып, ондағы еңбек ұжымдарымен, оқушылармен кездесті.

 Алтын СҮЛЕЙМЕН,

Мұғалжар ауданы.