Ойылда «Анаға тағзым» форумы өтті

Дата: 03 ноября 2018 в 14:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

 Жуырда облыс орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика көлемінде алғаш рет облысымызда «Анаға тағзым» аналар слеті өткені белгілі. Осы бастаманың жалғасы ретінде өткен аптада Ойыл ауданында «Анаға тағзым» аймақтық аналар форумы өтті. Форумға Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және аудандардан арнайы делегаттар қатысты.

Форум аудандық Мәдениет үйінде «Ұрпаққа мұра — ұлттық қазына» атты көрмемен басталды. Көрмеге аудандағы 6 ауылдық округтегі «Әжелер» клубтары атсалысты. Олардың бірі көрмеге қыз жасауларын шығарса, бірі ет, сүт, тары өнімдерінен жасалған ұлттық тағам түрлерін әзірледі. Енді бірі ши тоқып, құрт жасады. Сонымен бірге ауданның іргесінде қатар орналасқан Екпетал елді мекенінің әжелері бау-бақша өнімдерімен көрменің сәнін кіргізді. Көрмені тамашалауға келген қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты.

«Анаға тағзым» аймақтық форумының салтанатты ашылуында аудан әкімі Дастан Сағыров форумға қатысқан көпбалалы аналар мен кәсіпкер әйелдерді, әр салада қызмет етіп жүрген аналарға аудан тұрғындарының атынан алғысын жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон аталған форумның аналарға деген шынайы құрметтің белгісі екенін жеткізіп, облыстан кейін алғаш болып бастаманы жүзеге асырған ойылдықтарға ерекше ризашылығын білдірді.

Форум аясында аяулы аналарға шексіз құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары таратылып, мерекелік дастарқан жайылды.

Түстен кейін аудан орталығындағы білім беру мекемелерінде секциялық отырыстар өткізілді. Атап айтсақ, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияда музыка мектебінің ұжымдары және Ойыл аудандық орталық кітапханасының бірлесуімен «Әлемді тербеткен ана» атты кездесу кеші өтті. Оған Гүлжан Ағымбетқызы, Қаракөз Сағынова, Ләйла Омарова сияқты өнер адамдары шақырылды.

Ал Ойыл қазақ орта мектебі мен Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде бала тәрбиесімен бірге ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, аналармен тәрбие жөнінде маңызды әңгімелер айтылды.

Бұдан кейін шаралар аудандық Мәдениет үйінде концерттік бағдарламалармен жалғасты. «Анаға тағзым» шарасымен тұспа-тұс келген «Ақ әжелер» ансамблінің 10 жылдық мерекесі кең көлемде тойланды. Оған әр ауыл-аймақтан әжелер келіп, кештің көркін қыздырды. Атап айтсақ, қалалық «Геолог» мәдениет үйінің, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Атырау облысының Қызылқоға, облыстағы Байғанин, Қобда, Темір аудандарынан өнерлі әжелер келіп, Ойыл аудандық Мәдениет үйінің сахнасында халық әндері шырқалды.

Кеш барысында аудан әкімі Дастан Сағыров «Ақ әже» ансамблінің ұжымына Алғыс хат және 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Өміргүл ТЕМІРХАН.

Ойыл ауданы.