«Бастау» бизнеске бастайды

Дата: 01 ноября 2018 в 12:22 Категория: Новости экономики

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Биылғы жылы облыста нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қолға алынған «Бастау» жобасы бойынша 2 231 адамды оқыту жоспарланған. Сондай-ақ жоба аясында 446 адамды қаржыландыру көзделген.

Үш жылдың үлесі: 3416 адам оқу курсынан өтті

Бүгінгі күні аталған жоба аясында облыстың барлық аудандарында 4 кезең бойынша оқу курстары аяқталып, нәтижесінде 1592 адам сертификатқа ие болған. Оның ішінде 210 қатысушы жалпы мөлшері 525 млн теңгеге қаржыландырылып, жеке кәсіптерін бастаған. Жүзеге асқан жобалардың 80 пайызы мал шаруашылығы мен ет-сүт өнімдерін өндіруге бағытталған.

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының үйлестірушісі Бауыржан Дарқұловтың айтуынша, жобаға қатысушылар өз кәсібін ашу үшін 19 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бүгінде аталған жобаға қатысушылардың алған несиесінің орташа мөлшері — 2,5 млн теңге.

— Негізінен, бұл жобаның қаржыландыратын оператор — ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен аграрлық несие корпорациясы. Бөлінген қаражаттың 60 пайызын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры игереді. Бағдарлама бойынша

кәсіпкерлер биылғы жылы 1 миллион теңгеден 19 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Өткен жылы 6 аудан бойынша кәсіпкерлердің 80 пайыздан астамы несиені ірі қара, жылқы өсіруге алды. Сондай-ақ балық шаруашылығын, қоян өсіруді қолға алған жоба қатысушылары да бар, — дейді ол.

Бауыржан Дарқұловтың айтуынша, ақысыз негізде оқытылатын «Бастау» жобасы алғаш рет 2016 жылы қазан айында Темір ауданында пилоттық жоба ретінде басталған. Сол жылы аудан бойынша жобаға қатысуға 140 адам ұсыныс берген. Нәтижесінде 60 адам тестілеу арқылы іріктеліп, бір ай оқу курсынан өткен. «Бастау» жобасы бойынша курстан өткен қатысушылар бизнес-жоспарларын дайындап, комиссия алдында өз жобаларын қорғаған. Осылайша ауданда жалпы мөлшері 29,3 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылған.

Айта кету керек, аталған жобаның бесеуін аудандағы жұмыссыз әйелдер жүзеге асырған. Нәтижесінде ауданда шағын жылыжай, «Коно Пицца» кәсіпорны, макарон және кондитерлік өнімдер шығаратын цехтар, сондай-ақ медициналық кабинет ашылған.

— Ауылдағы жұмыссыз жандардың кәсіп ашуына ықпал етуде бұл жобаның үлесі зор. Бұл, әсіресе, қазіргі нарық жағдайында өте маңызды. «Бастау» жобасы ауылда жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдарды бір ай бойы бизнеске үйретеді. Жобаның тренерлері кәсіпкерлік негіздерін үйретіп қана қоймай, бизнес-тәуекелдер жайлы да айтып түсіндіреді. Бұл қатысушылардың өз кәсібін ашып қана қоймай, одан әрі сәтті жүргізуі үшін өте қажет. Сондықтан өткен жылы жақсы нәтиже болған соң, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы биыл бұл жобаны толықтай республика көлемінде басқа облыстарға қолдану туралы шешім қабылдады. Бұл жобаның негізгі мақсаты — тұрғындар арасындағы жұмыссыздықты жою, адамдарды кәсіпкерлікке тарту.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 180 аудан болса, өткен жылы 80 ауданда осы жоба жүзеге асырылды. Ал биыл бұл жоба барлық облыс аудандарында іске асырылуда, — дейді жоба үйлестірушісі.

Оның айтуынша, «Бастау» жобасы өткен жылы облыстың 6 ауданында, атап айтсақ, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ырғыз, Ойыл, Шалқар аудандарында жүзеге асырылған.

6 ауданда 1125 адам оқытылып, облыстық комиссия алдында 455 жоба қорғалған. Нәтижесінде шағын несиелеу арқылы жалпы мөлшері 395,7 млн теңгеге 201 адам өз бизнесін ашса, 53 адам өз қаржысына кәсібін бастаған. Аталған жобалардың 65 пайызы агроөнеркәсіп кешенін, 35 пайызы қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған.

Биыл Қобда мен Ырғызда жоспар толығымен орындалды

Биылғы жылы облыста «Бастау» жобасы аясында 2231 тұрғын оқытылады. Оның 20 пайызы шағын несие алып, өз кәсібін бастауы керек. Қазіргі таңда қатысушылардың 4 тобы, яғни 1592 адам оқытылған. Бүгінгі күні олардың бір тобы кәсібін өз қаржысына бастаса, кейбіреулері осы жоба аясында шағын несие алған.

— Биыл жыл басында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 20-ға жуық тренер Астанаға барып, оқып келді. Кейін олардан 12 тренер іріктеліп, облыстың барлық аудандарына жіберілді. Бүгінгі күні облыс бойынша Қобда және Ырғыз аудандарында аталған жоба бойынша оқу курстары аяқталып, жоспар толығымен орындалды. Қазіргі таңда екі ауданда жобаға қатысқан тұрғындардың бірқатары өз кәсіптерін ашып үлгерсе, енді біреулері бизнес-жоспарларын дайындап, құжаттарын әзірлеуде. Алдағы уақытта олар несие алып, қолдауға ие болады. Өткен жылдағыдай биыл да қатысушылардың дені ауыл шаруашылығы саласы бойынша несие алуда. Айта кету керек, бұл жобаның мерзімі екі жылға дейін ұзарады. Яғни, жобаға қатысып, сертификат алған азаматтардың екі жылға дейін өз бизнестерін ашуға мүмкіндігі бар, — дейді Бауыржан Дарқұлов.

Биылғы жылы облыста жоспарды 100 пайызға орындаған аудандардың бірі — Ырғыз ауданы. Бұл ауданда биыл 4 кезең бойынша 91 адам оқытылған. Бүгінгі күні оның 21-і ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Ырғыз несиелік серіктестігі арқылы 6 пайызбен несие алып, өз кәсіптерін бастаған.

— Қазіргі таңда 20-дан астам құжат несие алу үшін қаржы институттарына тапсырылды. Негізінен, Ырғыз несиелік серіктестігі аталған жоба бойынша несиені аграрлық несие корпорациясы арқылы алады. Сондай-ақ кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға «Іскер» бағдарламасы аясында сауда саласынан басқа бағыттарға 6 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Ал 6 миллион теңге алу үшін кепілдік мөлшері 12 миллион теңге болу міндетті емес. Сондай-ақ «ҚазАгроГарант» серіктестігі кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін кепілдік береді. Биыл Ырғыз ауданы бойынша жобаға қатысушылар несиені ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде, ірі қара және жылқы өсіруге алып отыр. Сондай-ақ жоба аясында аудан орталығында тігін шеберханасы, шағын кафе және жиһаз цехы ашылды, — дейді «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының «Бастау» жобасы бойынша бизнес-тренері Ербол Шыма.

Алты сиыр сатып алды

«Бастау» жобасының Мұғалжар ауданындағы бизнес-тренері Мақсат Асанның айтуынша, биыл ауданда жыл соңына дейін 315 адам оқытып, оның 20%-ы қаржыландырылмақ.

— Қазіргі таңда ауданда 4 кезең бойынша 237 тұрғын оқу курсынан өтіп, оның 30-ға жуығы өз кәсіптерін ашуды көздеп отыр. Бүгінгі күні олар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына құжаттарын тапсыруда. Қазір ауданымызда бесінші кезең өткізіліп жатыр, жыл соңына жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, — дейді М.Асан.

Жобаға Мұғалжар ауданынан қатысқандардың бірі — қандыағаштық Жібек Таңатарова. Ол биыл сәуір айында 1-кезеңде бір ай оқу курсынан өтіп, сертификат алған. Жоба аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 млн 800 мың теңге несие алып, 6 ірі қара сатып алған. Алдағы уақытта ол ірі қара санын көбейтуді көздеп отыр.

Р.S. «Бастау» жобасы ауылдағы тұрғындарға мол мүмкіндік беріп отыр. Осы жобаның арқасында олар бизнес жүргізудегі білімін кеңейтіп қана қоймай, өз жобасын қаржыландыруға мүмкіндік алады. Биылғы жылы бұл бағдарлама Ақтөбе қаласында да қолға алынбақ. Қала бойынша 111 адам оқытылады. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында 80 адамға 240 500 теңге (100 АЕК) көлемінде материалдық қолдау көрсетілмек. 

Данагүл ҚАЗИХАН.