Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі: Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы бойынша көш басындағы бестікте тұр

Дата: 23 октября 2018 в 11:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі: Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы бойынша көш басындағы бестікте тұр

Облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру үшін өңірдегі бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады.

Жалдамалы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі артады

Ақтөбе қаласындағы Металлургтер үйінде тау-кен компаниясы ұжымымен кездесу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. Биылғы Жолдау әрбір қазақстандықтардың табысының, тұрмысының жақсаруына бағытталған. Біз Елбасы Жолдауын қолдай отыра, өзімізде жұмыс жасап жатқан, әсіресе металлургия саласындағы жұмысшылардың жалақысын талдадық. Әрине, біздің өңірдің кәсіпорын басшылары жыл сайын жыл басында облыс әкімдігімен келісіп, жалақыны 10-15 пайызға көтереді. Бірақ, әлі де болса 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын азаматтар бар. Біздің болжамымыз бойынша, олардың саны

35 мыңға жуық. Біз Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау мақсатында сондай азаматтардың жалақысын көтеруіміз керек», — дей келе ведомство басшысына салаға қатысты өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында қысқаша мәлімдеді.

— Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе өңірінде 1 триллион

350 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 105,8 пайыз жоғары. Мемлекет басшысының қандай бір қиыншылықтар болмасын, экономиканың даму қарқынын төмендетпеу керектігі турасында тапсырмасы бар. Біздің болжамымыз бойынша, өңірдегі экономиканың дамуы ең кем дегенде 5 пайызды құрайды. Оны қолдап, қомақты үлес алып отырған өңірдегі «Қазхром», «Орыс мыс компаниясы» және басқа да кәсіпорындардың рөлін ерекше атауға болады, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында тау-кен металлургия саласы ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өткен министр Жеңіс Қасымбек:

— Бүгінгі күні Қазақстанның тау-кен металлургия саласында сіздермен қатар 190 мың адам жұмыс жасайды, осы салада 800-ден аса кәсіпорын бар. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кешені жалпы ішкі өнімнің 6,7 пайызын құрайды, экспортта — 24 пайыз, өнеркәсіп өнімін өндіруде — 24,7 пайыз. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңыз жалпы ел үшін өте маңызды, оны бәрі біледі, — деп жиналғандарға Ақтөбеге жасаған сапарының негізгі мақсатын да түсіндіріп өтті.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі бірнеше сала бойынша жұмыс жасайды. «Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында бізге үлкен-үлкен үш тапсырма берді. Оның бірі — тұрғын үй мәселесі, келесісі —  инфрақұрылым және индустрияландыру. Президент өз Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше басымдық берді. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бір жарым жыл бұрын елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама тұрғын үй салуға арналған. Ондағы негізгі тапсырма — қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 миллион шаршы метрден асты.  Естеріңізде болса, кеңес заманында «Тұрғын үй-91» деген бағдарлама болған. Сол кезде Қазақстанда жылына

6,5 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылатын. Биыл Қазақстан бойынша шамамен 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл дегенің Қазақстан жыл сайын үлкен бір қала тұрғызып жатыр деген сөз. Биыл елімізде 12 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек, бұл Қарағандының немесе Павлодардың тұрғын үй қорына тең, яғни Қазақстан жыл сайын бір үлкен қала салады. Яғни, 12 миллион шаршы метр тұрғын үй дегенің, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ. Оның 35 пайызы — жеке меншік үйлер, қалғаны — көп қабатты тұрғын үйлер. Бұл тұрғын үй құрылысын іске асырған жылдардағы ең жоғары көрсеткіш саналады», — деді министр.

Жеңіс Қасымбек өз сөзінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңа баспанаға қол жеткізудің жолдарын да түсіндіріп өтті.

— Биыл Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасына «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруды енгізді. Бұл бағдарламаның елімізде жүзеге асырылып жатқанына екі жарым айдың жүзі болды. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 650 мың тұрғын үй салуды тапсырды. Яғни, бұл дегеніңіз елімізде 2 миллионға жуық адамның тұрғын үй жағдайлары жақсарады деген сөз. Бүгінгі күні біз бірінші кезекте жалдама тұрғын үй салуды қолға алдық. Бұл орайда Мемлекет басшысы жергілікті әкімдерге жалдамалы тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру турасында нақты тапсырма жүктеді.

Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысының көлемі жағынан қашанда көшбасшылар бестігінде. Сондықтан министрлік облыс әкімдігінің барлық бастамаларын қолдауға әзір. Біз келесі жылы облыста құрылыс көлемін арттыра алатынымызды көріп тұрмыз. Өйткені тұрғын үй бағдарламаларына біз бөлген әрбір теңге құрылыстың нақты көлемін табады және нақты азамат өз жағдайын жақсартады, — деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

Жиында Жеңіс Қасымбек елімізде жалдамалы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі артатынын, яғни 25 миллиард теңгенің 35 миллиард теңгеге дейін көбейетінін атап өтті. «Бұл қаржы барлық өңірлер үшін қарастырылады. Сондықтан бүгінгі күннен бастап біз өңірлерден, оның ішінде Ақтөбе облысынан да жалдамалы тұрғын үй құрылысы үшін қосымша тапсырыстарды қарауға дайынбыз», — деген министр өз сөзінде несиелік және жеке тұрғын үй құрылысына қатысты да атқарылып жатқан шаруалар жайын баяндады.

Экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға  қолдау бар

Министр Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша алдағы бес жылда шамамен 103 мың адамның баспанамен қамтылатыны жайында айтты. Бүгінгі күні аймақта бұл мақсатта 131 тапсырыс қабылданған. Алайда Ұлттық банкке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, бұл бағдарламаны тұрғындарға әлі де болса қолжетімді ету жағын қарастыру тапсырмасы жүктеліпті.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, әкімдіктер 2011 жылдан бастап үлкен жұмыс атқарды, яғни аймақтық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік деңгейін 28 пайыздан 50,5 пайызға дейін арттырыпты.

Ол өз сөзінде индустриялық даму жайында айта келе, қазіргі таңда өнеркәсіпті қолдау және дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың өңделген экспорт көлемін 2022 жылға қарай 1,5 есе, экспорттаушы кәсіпорындар санын 300-ден 450-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Ақтөбе облысы Қазақстанның неғұрлым дамыған индустриялық облыстарының бірі саналады. Мәселен, өнімді экспорттау жағынан Қазақстан бойынша екінші орында. Дүние жүзіндегі жағдай өзгереді. Сондықтан, біз экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға  қолдау көрсету тәртібіне көшеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға 500 миллиард теңге бөлінуде. Оның ішінде 100 миллиард теңге «Даму» құралдары арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға кетеді. Ал қалғаны Қазақстанның даму банкі арқылы жүзеге асырылады. Өз тарапымнан, министрлік Президенттің ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру бойынша қойған барлық тапсырмаларын жүзеге асыру үшін барынша күш жұмсайтынына сендіргім келеді, — деді сөзін түйіндеген министр.

Тау-кен металлургия саласындағы еңбек ұжымымен кездесу барысында облыстағы бірқатар кәсіпорын басшысының атқарып жатқан жұмыстары да тыңдалды, нақты сауалдарға жауап берілді. Ең бастысы — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпорындарда келер жылдан бастап жалақыны өсіру мәселесі ерекше айтылды. Бұл орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жолдауда айтылғандай, аймақтағы  ірі өндірістік кәсіпорын басшыларын жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге шақырды.

Биыл 8 мың ақтөбелік отбасы баспаналы болады

Бұдан кейін министр «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орындарын аралап көріп, бұл жерде құрылыс компанияларының ұжымдарымен де кездесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру шараларына тоқтала келе, құрылыс компаниясы өкілдері алдында ең негізгі мәселе ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеуге күш салу қажеттігін баса айтты.

— Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғары болуында өндіріс, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының үлесі зор. Құрылыс — үлкен сала. «Құрылыс — ел экономикасының локомотиві» деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Экономиканың басқа салалары да осы құрылысқа байланысты дамиды, — деген облыс әкімі биылдың өзінде облыста 470 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ең кем дегенде 900 мың шаршы метрге жететінін атап өтті. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық орындалған.  Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, биыл кем дегенде 8 мың ақтөбелік жаңа баспанамен қамтылады.

— Ипотекалық, несиелік бағдарлама, соңғы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі күні біз өзімізді-өзіміз  құрылыс материалдарымен 80 пайыз қамтамасыз етеді. Қазір Ақтөбеде құрылыс материалдарын шығаратын 150 кәсіпорын жұмыс жасайды, — деген Бердібек Машбекұлы министрге бүгінгі таңда Ақтөбе үшін цемент, металл сынды құрылыс жабдықтарының әлі де болса сырттан тасымалданатынын айтты.

Сонымен қатар, облыс әкімі жол құрылысы бағытында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.

Өз сөзінде министр жиналғандарға Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында қазақстандықтардың алдына зор міндеттер жүктегенін айтып, осы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру арқылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарынан лайықты орын алатынын атап өтті.

— Мамандығым сәулетші болғандықтан, құрылыс саласы жаныма ерекше жақын. Құрылыс саласы ел экономикасын дамытуда өте маңызды. Қазақстан экономикасының 5,5 пайызын құрылыс саласы құрайды. Соңғы жылдары қала дамып жатыр, көптеген жобалар, жұмыстар бар. Тек қана тұрғын үй құрылысында жыл сайынғы өсім — 10-11 пайыз. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй саласындағы құрылыстың өсімі — 11,5 пайыз. Елбасы Жолдауында осы салаға ерекше назар аударылды. Жалпы тек тұрғын үй құрылысы саласына емес, жолдарды салу, өндірістік құрылыс қарқынын күшейту турасында Президент Үкіметке, жергілікті әкімдерге нақты тапсырма жүктеді, — деді Жеңіс Қасымбек.

Министр өз сөзінде Елбасының Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны бір жарым есе — 28 мыңнан 42 мың теңгеге көтеруді тапсырғанын айта келе, бұл орайда тек Ақтөбе облысында  35 мыңға жуық адамның жалақысы өсетінін атап өтті. Әрине, олардың қатарында учаскелік дәрігерлер мен медбикелер, балабақша тәрбиешілері мен мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлерінің де еңбекақысы өсірілмек. «Бұған дейін біз Ақтөбедегі тау-кен металлургия және өндіріс саласындағы еңбек ұжымдарымен кездестік. Кәсіпорын басшылары өз жұмысшыларының жалақысын өсіру міндеттемесін алып отыр. Құрылыс саласындағы әріптестеріміз де бұл ұсынысқа қолдау танытады деген ойдамын. Жалпы алғанда, бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысының өсуіне ықпал етеді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жол құрылысын қаржыландыруға 27,4 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде жергілікті жол желісін дамытуға  10,9 миллиард теңге бөлініпті.

Жиын барысында құрылыс компаниясының өкілдері көкейдегі мәселелерге қатысты нақты жауап алып, бірауыздан Президент Жолдауын қолдайтындықтарын айтты.

Сапар аясында Жеңіс Қасымбекке Ақтөбе ферроқорытпа зауыты маңындағы өтпе жолдың, оңтүстік айналма  жолдың құрылысы таныстырылды.

Көлік-логистикалық орталығында

Түс ауа ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бастаған топ құрылысы енді басталатын көлік-логистикалық орталықтың жай-жапсарымен танысты.

Құрылысы енді басталғалы отырған көлік-логистикалық орталық Ақтөбе қаласындағы әуежайдың жанынан орын теппек. Жобаны қолға алған — «KTZ Express» акционерлік қоғамы. Құны 26,4 миллиард теңгеге бағаланған нысанда азық-түлік өнімдері, түрлі тауарлар, тұрмыстық заттардың қоймалары жасақталады. Жоспар бойынша жылына 1 миллион тонна жүкті өңдеп, сақтауға қауқарлы нысанның орналасқан аумағы да ыңғайлы: әуе, темір жол мен көлік жолдарының бойында тұр. Бұны баса айтқан ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жобаны жүзеге асыруда ешқандай қиындықтың жоқ екенін, тек құрылысшылар талапты тиісті деңгейде орындауы керектігін атап өтті.

Қалпына келтіріліп жатқан 7,7 шақырымдық Ақтөбе-Орск көлік жолы қалалық маңызы бар жолға жатады. Бұның бойымен өтетін көлік нөпірі қай кезде де мол. Әрі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы мен Қызылжар, Благодарный сынды елді мекендердегі тұрғындардың күн санап көбеюі жоғарыда аталған көлік жолының маңыздылығын арта түсті. Себеп — ақтөбеліктердің біразы осы жермен қатынайды. Осыған байланысты Ақтөбе-Орск жолының көлік жолағын 4-ке дейін көбейтіп, тиісінше жолды кеңейтіп, автобустар тоқтайтын аялдамаларды салу кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Өткен жылы осы мақсатта 1650 миллион теңге бөлініп, 6,5 шақырым жол жөнделді. Осынша қашықтыққа 4 жолақты қозғалыс жайы да қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 1 көпір салынып, тағы біреуі дұрысталып жатыр.

Былтыр басталған жұмыстар жалғасын тауып, тасжолды ретке келтіруге 2018 жылы 800 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы  2 көпірді жөндеп, 1,2 шақырым жолды талапқа сай етуге жұмсалмақ. Астанадан келген министр биылғы жөнделетін аумақтың басы мен соңын қарап шығып, жобаның құжатымен танысты. Кейін  тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбедей өңір үшін бұл жолдың қай тұрғыдан да, әсіресе, инвестициялық жағынан пайдасы мол екенін айтты. Оның сөзінше, бұл екі елдің арасындағы сауда-саттық, барыс-келіс жайын жақсартып қана қоймай, барлық саладағы әріптестікті нығайтуға зор серпін береді. Сондықтан жөндеу жұмыстарына жауапты компания өкілдеріне Жеңіс Қасымбек барынша мұқият болуды тапсырды.

«Жұмысшылардың жағдайы — бірінші орында!»

Одан соң ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, басқарма басшылары мен сала мамандары Хромтау ауданындағы «Восход-Oriel» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Облыс әкімі өз сөзінде өңірдегі 9 айдың жұмысын Елбасының оңды бағалағанын, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің ойдағыдай екенін айта келе, өндірістік салада да дамудың бар екенін тілге тиек етті.

— Елбасының жаңа Жолдаудағы берген үлкен тапсырмасы — ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту. Біз бұған дейін құрылысшылардың басшыларымен кездескенде де осыны баса айттық. Осы талапты барлық кәсіпорын, мекеме басшыларына қойып отырмыз. Яғни жаңа жылдан бастап еңбекақыны кем дегенде 10-15 пайызға өсіру керек. Бұл сөзімізді барлық кәсіпорын басшылары қолдады.

Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша біз жұмысшыларды қысқартпауға, жалақыны көбейтуге, сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді дер кезінде беруге баса мән береміз. Өндірістің көлемін де төмендетпеуге көңіл аударамыз, — деді Бердібек Машбекұлы.

Ал Жеңіс Махмұдұлы облыста атқарылып жатқан шаруалармен таныс екенін, енді Елбасы Жолдауында ерекше тоқталған мәселелерді тиісті деңгейде орындау — басты міндет екенін қосты.

— Ел Президенті қазақстандықтарды қолжетімді, сапасы жоғары тұрғын үймен қамтамасыз ету керектігін тапсырды. Баспаналы болу — қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі екені белгілі. Сондықтан Үкіметтік деңгейде осыған көңіл бөлініп отыр.

Былтыр елімізде жүз мыңнан астам баспана пайдалануға берілді. Оның 35 пайызы жекеменшік болса, қалғаны — көп қабатты үйлер. Осы орайда Ақтөбе облысы бұл жағынан көшбасшы облыстардың бірі. Өткен жылы 780 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Осы жылы да сол қарқыннан түспеу керек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша да үлкен жұмыстардың жасалып жатқанын білемін. Бұның бәрі қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Жаңа қоныс иелерінің су, көгілдір отын, жарық сияқты басты қажеттіліктеріне де баса мән беруіміз тиіс. Жалпы, Ақтөбеде барлық мүмкіндіктер бар. Оны тек өз деңгейінде пайдалана білсеңіздер болғаны, — деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

«Восход-Oriel» ЖШС бас директоры Серік Ибатов өзі басшылық ететін өндіріс орнында 740 адамның жұмыс істейтінін, ең төменгі жалақы мөлшері 80 мың теңге екенін баян етті.

Кешқұрым Жеңіс Қасымбек Ақтөбе қаласында жаңадан ашылған Мұз сарайы мен Теннис орталығына барып, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Айбек СЕРІКҰЛЫ.