Жолдауда айтылған міндеттер сараланды

Дата: 20 октября 2018 в 14:42

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау және жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Сәкен Өтебаев пен Бақытгүл Хаменова келді.

Бейсенбі күні халық қалаулылары Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде болып, педагогтар ұжымымен кездесті. Жиын барысында депутаттар Елбасы Жолдауына кеңірек тоқталып, алға қойылған басты міндеттерді сараптады.

— Біз бүгін жұмыс сапарымыздың алғашқы күнін техникалық және кәсіптік білім ордасынан бастап отырмыз. Өздеріңізге мәлім, былтыр депутаттардың бастауымен «Білім туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң жобасы аясында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жарияланды. Бүгінде Мемлекет басшысының алға қойған басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарын даярлау, сондай-ақ жұмыссыздық мәселесін жою. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының күретамыры саналатын техникалық мамандықтарға баса назар аударылуы керек.

Бүгінгі таңда республикамызда 824 колледж бар. Оның 400-ден астамы мемлекеттік болса, 300-ден астамы — жекеменшік білім ұйымдары. Енді алдағы уақытта профильдік мамандықтарға сай колледждер сарапталатын болады, — деді Бақытгүл Хаменова.

Басқосуда ең төменгі жалақының өсімі, ұстаздардың мәртебесін көтеру мәселелері де айтылды. Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдар мәжілісте талқыланып, Үкіметке жеткізілетінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол салықтық рақымшылықтың  жариялануы шағын және орта бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына тоқталды.

— Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгінде ең төменгі жалақы мөлшері 28 мың 242 теңгені құрайды. Енді ол 1,5 есеге өсіп, 42 мың теңгеге көтеріледі. Сонымен қатар Елбасы ұстаздардың мәртебесін көтеру, оларға жасалынатын жеңілдіктерді атап өтті. Желтоқсан айында «Педагогтар мәртебесі» деген жаңа заң жобасы бекітіледі. Онда әр мұғалімнің құқығы қаралатын болады, — деді Бақытгүл Хаменова.

Оның айтуынша, бүгінде өзекті мәселелердің бірі — колледждерде сабақ беретін шеберлер тапшы. Сондай-ақ колледждердегі оқушылар санының азайып бара жатқаны сөз болды. Себебі қазіргі таңда ҰБТ-ны 3 рет тапсыратын мектеп бітірушілердің жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндіктері көп.

Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласыны баса назар аударылды.

— Жақында өңірлеріңізге Елбасы келіп, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ақтөбе өңіріндегі жағымды жаңалықтармен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танысып шықтым. Елбасы Жолдауында жүктелген тапсырмалар еліміздің әрі қарай дамуына септігін тигізеді деген сенімдемін,  — деп қорытындылады өз сөзін Бақытгүл Хаменова.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде 140 оқытушы бар. 2 мыңнан астам оқушы 15 мамандық бойынша білім алады.

Мәжіліс депутаттарының алдағы сапарлары облыстың Қобда, Темір, Мәртөк, Байғанин, Хромтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Алға аудандарының елді мекендерінде де жалғасатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.