Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ақтөбе облысының экономикасында 5 пайызға өсу бар. Бұл — үлкен жетістік, өте жақсы көрсеткіш

Дата: 18 октября 2018 в 13:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ақтөбе облысының экономикасында 5 пайызға өсу бар. Бұл — үлкен жетістік, өте жақсы көрсеткіш

 

«Заман талабына сай мамандықты таңдауға ұмтылыңыздар»

Алдымен Елбасы дарынды балаларға арналған орталықты аралап көріп, оның жұмысымен танысты. Жыл-он екі ай бойы жұмыс жасайтын орталықтың басты мақсаты — ғылым, спорт, өнер салалары, жаратылыстану пәндері бойынша, сондай-ақ техникалық шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балаларға қолдау көрсету, білімін тереңдету, балалардың жеке қасиеттерін дамыту, патриоттық сезімдерін арттыра түсу. Мұнда облыстың оқушыларымен бірге, басқа облыстардан, тіпті, алыс-жақын шетелдерден келген балалар демалады.

Жалпы көлемі 13 гектар аумақты қамтитын лагерь  бір маусымда 300 баланы қабылдай алады. Мұнда спортзал, ғылыми-тәжірибелік жұмыстарға арналған зертханалар, оқу кабинеттері мен робототехника үйірмелері бар. Сондай-ақ, кинозал мен мәжіліс залдары да заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған.

Ғимаратты аралап болғаннан кейін Мемлекет басшысы интеллектуалдық және ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесті. Ол өз сөзінде жастарға «Болашақ» стипендиясы, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері туралы айтып, халықаралық білім беру талаптарына сай  білім алатын жастардың болашақта ел экономикасына тигізетін  пайдасы жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ, Елбасы жастарға ел ертеңінің жарқын болмағы саналы тәрбие, сапалы білім алған жастарға байланысты екенін айта келе, оларды заман талабына сай білім алуға шақырды. Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға сұраныс артады. Қазір ғылым генді инженерия саласын дамыту үшін жұмыс істеп жатыр. Компьютерлер адам миын алмастыра алмайды десек те, жасанды интеллект деген бар. Болашақта күрделі  де ауыр жұмыстарды компьютерлер мен роботтардың өздері-ақ атқара беретін болады.

— Сол себепті, мамандық таңдауда қателеспеу керек. Көп жастар мұнайшы болғысы келеді. Әрине, бұл дұрыс. Дегенмен, мұнайдың қоры соншалықты мол деп айта алмаймыз. Сондықтан, мұнайшы мамандығы «ғұмырлы» емес. Мұнай — табиғи байлық. Сондықтан жер қойнауындағы бұл кеннің қоры бір кездері таусылатыны анық. Оның нарықтағы бағасы да құбылмалы: біресе көтеріледі, біресе түседі. Бірнеше жылдардан кейін оның құны тіптен құлдырап, мұнай кенін өндіру азаюы да әбден мүмкін. Сол себепті заман талабына сай, болашақта сұранысқа ие болатын мамандық алуға ұмтылыңыздар. Жалқау болмай, ерінбей, ізденіп, сапалы білім алсаңыздар болашақтарыңыз да жарқын болады. Бәрі өздеріңе байланысты. Қазірден бастап армандарыңды орындау үшін еңбек етіңдер. Сапалы білім алудағы еңбектеріңізе табыс тілеймін, — деді Елбасы.

Жазда Бурабай демалыс аймағындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Вurabay summer fest» халықаралық балалар мен жасөспірімдердің телевизиялық  фестивалі өткен болатын. Сол байқауда ақтөбелік талантты жастардың өнері жоғары бағаланып, қорытындысында академиялық ән  номинациясы бойынша Аңсар Жүсіптің бас жүлдені иеленгенін газетімізде хабарлаған болатынбыз. Лос-Анджелестегі «UNIVERSAL STUDIOS HOLLWOOD» атақты  киностудиясын тамашалауға  жолдама ұтып алған Аңсарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақ рояль тарту еткен-ді. Кішкентай Аңсар бүгін Елбасымен жүздесіп, батасын алғанына шексіз қуанышты. Жас өнерпаз Мемлекет басшысына Лос-Анджелестегі шарада ел намысын қорғауға уәде берді. Елбасы жас әншіге өнерінің өрісті болуын тілеп, ақ батасын берді.

Елбасымен кездесуге келгендердің енді бірі — Бибізейнеп Тыныштықбай. Ол М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы. Бибізейнептің жетістіктері аз емес: «Өзін-өзі тану» пәні бойынша былтыр  өткен республикалық олимпиадада топ жарып, І орын алды. Сондай-ақ, робототехникадан ұйымдастырылған республикалық байқауда ІІ орынды иеленді. Осы жетістігіне байланысты Бибізейнеп облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынып «Бақытты бала» жобасы аясында  Татарстандағы Байтик лагерінде  демалып келген.

ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТ БІРЕУ —  ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ

Елбасы зиялы қауым өкілдерімен де кездесу өткізді. Дарынды балалармен кездескеннен кейін Мемлекет басшысын фойеде зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қарсы алды.

— Таныс азаматтар жиналып қалыпты ғой, — деп Мемлекет басшысы жиналғандармен жылы ілтипатпен амандасып, қал-жағдай сұрады.

Кездесу барысында профессор Алтай Тайжанов сөз алып, Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамығанын, Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі көптеген игі істердің бастамашысы болғанын,  Мәңгілік ел идеясы төңірегінде топтасқан, ынтымақ пен бірлікті ту еткен, берекелі Қазақ елін бүгінде күллі әлем  танып, мойындағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Елбасының Жолдауларының барлығы да өте маңызды құжаттар екенін, Жолдауларда еліміздің дами түсуі үшін  айқын бағыттар көрсетіліп, нақты міндеттер жүктеліп, тың бастамаларға басымдық берілетінін айтып,  күні кешегі Жолдауды да халық ыстық ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан, экономикасы мықты өңірлердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол 20 жылда облыс орталығының тұрғындары 2 есе көбейгенін, қазір Ақтөбе шаһарындағы халық саны жарты миллионнан асқанын айтты.

— Ақтөбе табиғи ресурстары байлығының, өндірісінің арқасында бүгінде Батыс Қазақстанның орталығына айналды. 

Халықтың әл-ауқаты алда да арта түсетін болады. 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Сөйтіп, 40 мың ақтөбеліктің тұрмыс-тірлігіне оң ықпал етеді. Бұл азаматтардың жартысы — бюджет саласының қызметкерлері.  Ірі кәсіпорындардың басшылары осы бастаманы қолдайды деп сенім білдіремін, —  деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Өз сөзінде Елбасы көлік инфрақұрылымын дамыту және жергілікті маңызға ие жолдардың сапасын жақсарту мәселелеріне де тоқталды. Сондай-ақ, ол облыстың географиялық жағдайын ескеріп, Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен сауда-саттық жасаудың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, Ақтөбеде Жолдауларда берген тапсырмалардың тиянақты орындалып жатқанын тілге тиек етті.

— Ақтөбеге жыл сайын келемін, ел-жұртпен жүздесемін. Бұл жолғы іссапарымда да көп игі жұмыстардың атқарылып жатқанына көз жеткіздім. Балалардың 90 пайызы балабақшамен қамтылған, облыс тұрғындарының 88 пайызы көгілдір отынның  игілігін көріп отыр. Яғни, Ақтөбе облысында үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Сол себепті, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға беремін, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы:

— Ал сіздер облыс әкімін қолдап, ниеттес бола біліңіздер. Әдемі қартая білу керек. Әдемі қартаю — үлкен абырой. «Әйелім жақсы болса, жағдайым жақсы болар еді, достарым жақсы болса, нұр үстіне нұр болар еді, егер Үкімет кедергі келтірмесе, тіптен ғажайып болар еді» деген мазмұндағы әңгімелерді айтатындар бар. Бұлай деуге болмайды. Жақсы адам өзінің жағдайына тәубе айтады. Тәңірдің осы жасқа жеткізгеніне, бала-шағасының ортасында шалқып жүргеніне, жан-жағының амандығына, Қазақстандай бейбіт те берекелі елде тірлік етіп жатқанына шүкіршілік етеді. Қанағатшыл болып, шүкір айта білейік, — деді.

Елбасы өз сөзінде ерінбей жұмыс істеу керектігін баса айтты.

— Елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар, игі бастамалардың барлығының ең басты мақсаты біреу —  халықтың әл-ауқатын арттыру. Дегенмен, жұмысқа қабілетті жастағы әр адам ерінбей еңбектенуі тиіс. Жалқаулар барлық халықта бар. Олар өмірге емес, тағдырына емес, өздеріне өкпелесін. Кім жұмыс істесе, кім еңбек етсе, сол мақсатына жетеді. Жақсы тірлік етеді. Жұмыс істеген адам Қазақстанда жақсы тұра алады. Ол үшін барлық мүмкіндік бар, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Құрылыстар қарқынды, экономикада өсім бар 

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Елбасы Ақтөбе облысында тапсырмаларының жүйелі түрде орындалып жатқанын жеткізіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға берді.

— Ақтөбе облысына іссапарым аяқталуда. Өкінішке қарай, осы қысқа уақыттың ішінде тек қана облыс орталығында — Ақтөбеде болдым. Аудандарға баруға уақыт тығыз болып, мүмкіндік болмады.  Аралап, көрген ғимараттардың барлығы да көңілімнен шықты. Өйткені, Ақтөбе облысында менің Жолдауда берген тапсырмаларым іс жүзінде орындалып жатыр. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл бағдарлама бойынша пәтерлер қазірдің өзінде беріліп, жұрт игілігін көріп жатыр. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет секілді әлеуметтік салаларда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кеше офтальмалогиялық емхананы аралап көрдім, бүгін, міне, заман талабына сай жабдықталған орталықтың жұмысымен таныстым. Бәрі тамаша. Газдандыру, жол құрылысы жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Ішкі жолдар әлі де салынатын болады. Халықпен кездестім. Олардың да жүзінде күлкі, көңілдері шат. Облыс экономикасында 5 пайызға өсу бар. Бұл — үлкен жетістік, өте жақсы көрсеткіш.

Халықтың тұрмысының жақсы болуы мемлекеттің, облыстың экономикасына тікелей байланысты. Әрине, кемшіліктер бар. Менің Жолдауым бойынша ең төменгі жалақы алатындардың еңбекақысы 1,5 есе көбейеді. Бұл — ондаған мың адамның жағдайы түзелетін болады деген сөз. Жағдай түзелу үшін жұмыс істеу керек. Жоғарыда айтқанымдай, Ақтөбе облысында көптеген игі жұмыстар атқарылғанына байланысты   облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға беремін. Бердібек Машбекұлының жұмысын одан әрі жалғастыра беруіне тілектестігімді білдіремін, —  деп түйіндеді әңгімесін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.