Облыс әкімі жастардың ұсыныстарын тыңдады

Дата: 13 октября 2018 в 16:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы бірқатар үздік мектептердіңоқушыларымен кездесіп, Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерден туындайтын мәселелерді талқылады, алдағы Жастар жылына қатысты жастардың ұсыныстарын, ой-пікірлерін тыңдады.

Назарбаев зияткерлік мектебінде өткізілген кездесуді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Оған аталған мектептің, «Білім-инновация» лицейінің және М.Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатының, физика-математика мектебінің оқушылары, сондай-ақ белсенді ерікті жастар қатысты.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында халыққа дәстүрлі кезекті Жолдауын арнады. Бұл Жолдауда алдағы жылдың Жастар жылы деп аталатыны айтылды. Әр мемлекеттің болашағы— жастар. Қазақстанда сіздерге қандай жағдайдың жасалып отырғанын күнделікті өмірлеріңізден көріп-біліп отырсыздар. Осыдан 27 жыл бұрын осындай зияткерлік мектептер болған жоқ, бұл — тәуелсіздіктің жемісі. Осының барлығы Елбасының жастарға деген қамқорлығының, елдің болашағын ойлағандығының айқын дәлелі. Елбасы биылғы Жолдауында да балаларға, жастарға білім беру сапасын арттыру туралы сөз қозғады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы керектігін айтты. Себебі өткен жылдары зияткерлік мектептерде оқитын жастарымыздың білімінің жоғары екендігіне көз жеткіздік. Бұл кездесуге білімді жастар келіп отыр, сондықтан, Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді орындауға қатысты сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді білгім келеді, — деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, Жастар жылы жастарға, студенттерге мемлекеттің дамуы жолында өз идеяларын, ойында жүрген игі іс-шараларды жүзеге асыруына мол мүмкіндік беретін жыл болмақ. Сондықтан әркім барынша қолынан келетін істі абыройлы атқаруға тырысуы керек.

— Жастардың бір де бірі жастарға артылған сенім мен жауапкершілікке немқұрайлы, селқос қарамауы керек. Дамыған, абыройлы 30 елдің қатарындағы Қазақстанда өмір сүргілеріңіз келсе, әрбір жас адам: «Ұлтым үшін, Отаным үшін, өз отбасым үшін мен не істедім, не істей аламын?» деп өзіне сұрақ қойып, әрекет етуі керек. Ақтөбеде де жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалып отыр, қаншама ғимараттар салынды. Осының барлығын жастар тиімді пайдалануы тиіс. Ақтөбенің жастары Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жастардан қалыспауы тиіс, басқаларға үлгі болуы керек, — деді облыс әкімі.

Елбасының биылғы Жолдауында үш ауысымда оқитын және апатты мектептердің санын азайту туралы тапсырма берілген болатын. «Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын» — деген-ді Елбасы. Осы бағытта облыс әкімі Ақтөбеде биыл 26 мектеп салынып жатқанын, соның 11-і пайдаланылуға берілгендігін, жыл аяғына дейін тағы 4 мектептің ашылатынын айтты. Б.Сапарбаевтың айтуынша, 2020 жылға дейін Ақтөбеде апатты мектеп болмауы тиіс.

— Біз биылғы жылды «Бақытты бала» жылы деп атадық. Осы мақсатта түрлі шаралар өткізілді. Баланың білімді болуы, болашағы балабақшадан басталатыны белгілі. Сондықтан Ақтөбеде сонау кеңес кезіндегі «Артек» секілді жыл бойы жұмыс істейтін оқу-танымдық орталығын ашамыз. Онда Ақтөбенің ең білімді балалары оқитын болады, — деді облыс әкімі.

Кездесуге қатысқан жастар, оқушылар облыс әкіміне Жастар жылы аясында атқарылар істерге қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасыАсылжан Бүркіталин жастар тәрбиесіне, олардың бұқаралық спортпен айналысуына, ағылшын тілін үйренуіне қатысты бірнеше ұсынысын алға тартты:

— Қазір ақпарат тасқыны тым көп, жастар пайдалы нәрселермен бірге қажет емес нәрселерді де интернеттен көреді, сондықтан жастар үшін пайдалы ақпараттар жинастырылған арнайы мобильді қосымша шығаруды ұсынамын. Екіншіден, Елбасымыз айтқандай, жастардың бұқаралық спортпен еркін айналысуы үшін, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектептерге, оқу орындарына елімізге белгілі спортшыларды шақырып тұру қажет деп есептеймін. Бұған қоса спорттан оқу орындары арасында әуесқой командалар құрсақ деген ұсынысымыз бар. Сондай-ақ жастар үшін қаламыздағы фитнес залдарына кіру құнын арзандатса деген ұсыныс бар, себебі фитнес залдарына бару 15-20 мың теңге тұрады, оны жастар төлей алмауы мүмкін. Тағы бір мәселе — жастар арасында дебат, түрлі зияткерлік жарыстарды ұйымдастыруды бір жүйеге түсіру керек, — деді ол.

Облыс әкімі Асылжанның ұсыныстарын қолдады: жастарды жақсы жолға тәрбиелейтін арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы интернетті пайдалану мәдениетін арттыру қажеттігін айтты. Танымал спортшыларды мектепке тарту, балаларға сабақ беру туралы идея да облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология мамандығын ағылшын тілі бойынша тәмамдап, бүгінде магистратурада оқып жатқан Қартжан Нарқозы ағылшын тілін үйрету курсын ашқанын айтады:

— Биыл көктемде университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияның Сакаря университетінде білімімді жетілдіріп қайттым. Ал қазірде өз ұстаздарымнан алған тәжірибемді, өз білімімді пайдаланып, әлеуметтік ағылшын тілі орталығын аштым. Барлық балалардың білім алуға деген құлшынысы бірдей болуы керек, ол тұрмыстық жағдайына тәуелді болмауы тиіс. Орталықты ашудағы мақсатымыз да осы: қаржылай мүмкіндігі жоқ балаларды да шеттетпей, тіл үйренуіне жағдай жасау. Бүгінде орталықта 400-ге жуық оқушы білім алып жатыр, соның ішінде әлеуметтік жағдайы нашар, жартылай жетім балаларға оқу ақысына 50 пайыз  жеңілдік жасап отырмыз. Алдағы уақытта қаламыздың бірнеше жерінде орталық ашу ойымызда бар, себебі сұраныс көп. Елбасымыз айтып өткендей, үштілділік саясатты әр ақтөбелік қолдаса екен деген ниет, — деді жас кәсіпкер. Б.Сапарбаевтың айтуынша, балаларға ағылшын тілін үйрету курстарының саны мен сапасын арттыру керек, себебі болашақ ұрпақ бірнеше тілде еркін сайрап тұрмайынша, адами капиталдың сапасы туралы айту қиын болады…

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Аңсар Балғазиев елімізде мектеп оқушыларынан құралған партия құру керектігін айтады: «Себебі бізде көп жағдайда оқушылардың ой-пікірлері тыңдалмай қалады», — дейді ол.

— Кеңес үкіметі кезінде комсомол, пионер, октябрят деген болды. Саяси жағынан ол да дұрыс шығар. Солардың арқасында кеңес үкіметінің ішкі саясаты мықты болды. Біздің Елбасы соның барлығын ескере келе, кезінде«Жас қыран», «Жас ұлан» секілді ұйымдарды құру керектігін айтты. Бірақ соны біз әрмен қарай жалғастыра алмадық, ол — біздің кемшілігіміз. Аңсардың айтқаны өте дұрыс, оқушылардың ой-пікірін де ескеруіміз керек, ол үшін «Жас ұлан», «Жас қыранның» жұмысын жандандыру керек, «Жас Отанға» неше жастан бастап алатынын нақтылау керек. Соны қолға алыңдар, — деді облыс әкімі.

Кездесуде сөз алған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қорының ұйымдастырушыларының бірі Бегалы Сәрсенов облыста еріктілер слетын өткізу туралы идеясын білдіріп, жастардың басын қосатын арнайы коворкинг орталықтың қажет екендігін тілге тиек етті.

Облыс әкімі жастардың ойын, пікірін тыңдап, олардың кез келген жақсы бастамасына қолдау көрсететіндігін айтты:

—Елбасы биылғы Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін басқа да мектептерде қолдану керектігін айтты. Бүгінде облыстағы кейбір мектептерде бұл тәжірибе бар. Енді соны барынша дамыта түсу керек. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебі облыстағы кемінде 30 мектеппен тәжірибе алмасса, қандай керемет болар еді. Ол үшін мектептердің материалдық-техникалық базаларын қарау керек. Жаңадан ашылатын мектептерге зияткерлік мектептің тәжірибесін енгізуіміз керек. Осы жұмысты білім басқармасы қолға алуы тиіс. Жыл сайын жұмыс істейтін оқу-танымдық орталыққа да зияткерлік мектептің оқытушылары барып, сабақ беруі керек. Бұл Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев кездесуге қатысқан жастарға сенім арта сөйледі: біздің өңірдің жастары еліміздің басқа облыстарындағы жастарға үлгі болса екен деген үмітпен бірнеше тапсырма берді.

—  Сіздерге берілген мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланыңыздар. Бір ай көлемінде өз ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді, идеяларыңызды жастар саясаты мәселелері басқармасына тапсырыңыздар, ал басқарма соның ішіндегі ең жақсы ұсыныстарды іріктеп, жүзеге асыруға кірісуі керек. Мысалы, еріктілер слетын өткізу туралы бастама көтердіңіздер, бұл — өте жақсы ұсыныс. Қазақстанның жастарына үлгі болатындай осындай ұсыныстарды іске асыру керек, — деді облыс әкімі. Ал жақсы, тың идеяларды жүзеге асыру үшін арнайы қаржы бөлініп, демеушілер тарапынан қолдау көрсету мәселелері қаралатын болады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.