Үнсіздік әлемінің үздіктері

Дата: 13 октября 2018 в 16:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбеде өткен аптада есту қабілеті төмен спортшылар арасында Қазақстан Республикасының ІІ спартакиадасы өтті. Жарысқа еліміздің 16 өңірінен келген 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, спорттың 10 түрі бойынша сынға түсті.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жоғары деңгейде айналысуына жағдай жасап, олардың әлеуетін мейлінше молынан пайдалануға қолайлы орта ұсыну мақсатында ұйымдастырылған спартакиаданың алғашқы шымылдығы 2014 жылы Алматы қаласында ашылған еді. Араға 4 жыл салып, Ақтөбе облысы әкімдігінің бастамасымен екінші рет Ақтөбе қаласында өткен жарыста спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, шахмат, үстел теннисі, еркін күрес, грек-рим күресі, шағын футбол, бадминтон, дзюдо, армлестинг спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты.

Жалпы командалық есеп бойынша, Ақтөбе облысы екінші орынға шықты. Бірінші орын алматылықтардың еншісіне бұйырса, үшінші орынды Түркістан облысы алды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының әдіскері Айболат Бекболатұлының айтуынша, үнсіз әлемде өмір сүрсе де, үздік нәтижелерге қол жеткізуді мақсат тұтатын спортшылар саны Ақтөбеде жетерлік. Аталған спартакиадаға біздің өңірден 65 спортшы қатысыпты.

Намысты додада облыс абыройын биік ұстап, үздік үштікке енуге еңбек сіңірген үнсіз әлемнің үздіктерімен кездесудің сәті түсті.

Айболат Бекболатұлы берген мәліметке сәйкес, жалпы командалық есеп бойынша Ақтөбе спортшылары дзюдо мен еркін күрестен жоғары нәтиже көрсетіп, 1-орынға шыққан.

Спартакиада барысында облыс қоржынына спорттың екі түрі — грек-рим мен еркін күрестен топ жарып шығып, жүлделі І орынның қос медалін салған спортшылардың бірі — Бексұлтан Малайдар. Жастайынан спортты жанына серік еткен жас палуанның жеткен жетістіктері жетерлік.

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының стипендиаты атанған ол үстіміздегі жылдың 12-19 маусымы аралығында Ресейдің Владимирск қаласында өткен еркін және грек-рим күресінен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы әлем чемпионатында 86 келі салмақта күміс медальға ие болды. Бұл бәсекеде палуан Ресей спортшысына есе жібергендігін айтады.

— Ол додада сәл ғана сәттілік жетіспеді. Бірақ қазір тыңғылықты, жан-жақты дайындалу үстіндемін. Келер әлем чемпионаттарында есемді қайтарып, алтын тұғырдан көріну үшін барымды саламын. Менің дәл қазіргі арманым да, мақсатым да бір. Ол — сурдолимпиада ойындарына қатысып, чемпион атану, — дейді Бексұлтан.

Ол — Қазақстан бойынша есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы абсолютті чемпион.

Биыл есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы спартакиадаға спорттың бес түрі қосылған. Дзюдо — сондай алғаш енген спорт түрі. Ақтөбеден спорттың бұл түрі бойынша 7 салмаққа 1 спортшыдан 7 спортшы қатысыпты. Арасынан оза шауып, үздік шыққан спортшы —  Арман Бірлік. Спартакиадаға дзюдо мен еркін күрес түрінен қатысқан ол облыс қоржынына екі медаль салды. Дзюдодан 1-орын алса, еркін күресте атыраулық палуанның мерейі үстем болып, екінші орынға тұрақтады. Бүгінде «Болашақ» колледжінде спорт мамандығы бойынша білім алып жатқан Арман — аталған спартакиаданың екінші қатысушысы. Бұған дейін 2014 жылы Алматыда өткен спартакиадада үздік ойын көрсетіп, еркін күрестен 1-орын иегері атанса,  2015 жылы елімізде өткен есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, жеңімпаз болды.

Арманның айтуынша, оның барлық бос уақыты спорт залдарында өтеді. Республикалық спартакиада да үздік нәтижеге қол жеткізген ол бүгінгі таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының стипендиаты атану үшін құжаттарын дайындап жатыр.

Ақтөбедегі есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы ең белсенді спортшылардың бірі — Жанат Жалғас. Аталған спартакиадаға жүзуден қатысқан спортшы қыз облысқа 2-орын сыйлады. Спорттың бірнеше түрін қатар меңгерген Жанат жолдасы Ғабит екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр. Облыстық арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат колледжінде хореограф болып жұмыс жасайтын Жанат спортта жеткен жетістіктері алдымен жолдасы Ғабиттің арқасы деп біледі.

— Әйел адамды алдымен отбасы қолдауы тиіс. Үйде тыныштық орнап, бейбітшілік келісім құрса ғана әйел бақытты болады. Ойға алған ісі алға басып, сәттілік серік болады. Бұл ретте мен жолы болған адамдардың қатарынанмын. Менің спортқа келуім, онда жеткен жетістіктерім алдымен жолдасымның арқасы. Мүмкін, өзі де спорт саласының маманы болғандықтан болар, ол мені әрқашан қолдайды. Біз отбасымызбен спорт десе ішкен асымызды жерге қоятын жандармыз. Ұлым да футбол ойнап, шахматқа қатысады, — дейді Жанат Жалғас.

Айта кетейік, Жанат пен жолдасы Ғабит 2016 жылғы Ақтау қаласында өткен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемионатына қатысып, жағажай волейболынан Қазақстан чемпионы атанды.

Бүгінде Наталья Сокольская басқарып отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы Ақтөбеде 2014 жылы құрылған. Облыс бойынша бүгінгі таңда клубқа 811 мүмкіндігі шектеулі спортшы тіркеліпті.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.