Жолдау — тұрақтылық пен өркендеу кепілі

Дата: 06 октября 2018 в 14:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер менардагерлер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын облыстық әкімдік ғимаратындатікелей трансляция арқылы тыңдады. Елбасы Жолдауын тыңдау үшін 100-ден астам адам жиналды.

Елбасы халыққа Жолдауының басында тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстарды тағы бір атап өтті. Тәуелсіздікті нығайту, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында атқарылған қыруар істердің ең негізгілеріне тоқталған Елбасы сөзін жиналғандар мақтаныш сезіммен қабылдады.

— Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде жыл сайын жүз мыңдаған адам өздерінің тарихи отандарына көшіп, соның салдарынандемографиялық көрсеткіштер едәуір құлдыраған еді. Ал бүгінде, Елбасы атап өткендей, халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан әлемге өңірлік, жаһандық проблемаларды шешуге зор жауапкершілікпен қарайтын сенімді халықаралық серіктес ретінде танылды. Алдымызға озық 30 елдің қатарына қосылу мақсатын қойдық. Бүгінге дейінгі жетістіктеріміз — ертеңгі күнге, жарқын болашаққа деген сеніміміздің іргетасы, негізі, — деді ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағанбетов.

Бүгінгі әлемдегі өзгерістердің қарқыны, мызғымастай көрінген қаржы жүйелері мен халықаралық сауда ережелерінің бұзылуы, басқа да сын-қатерлерді еске салған Елбасы: «Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы — адамның даму мәселесі болып отыр», — деді.

Одан әрі Елбасы халық табысының өсу көрсеткіштері мен осы бағытта жасалған жұмыстарды саралап, бұл үдерістердің әрдайым Үкімет назарында болуы тиістігін атап айтты.

Елбасы өмір сүру деңгейінің артуы — әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты екенін атап өтіп, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі секілді әр азаматқа, әр отбасына қатысты мәселелерге ерекше тоқталды.

Осы орайда Елбасының: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» — деген ұсынысы жиналғандар тарапынан зор қолдау тапты.

— Жастардың заманға сай білім алуы — еліміздің болашағын жарқын ету жолындағы аса маңызды іс. Елбасы бұл мәселеге әрдайым көңіл бөледі. Оның «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдаужөніндегі ұсынысын педагогтар қауымы зор ризашылықпен қарсы алдық. Бұл ұсыныстың нақ Ұстаздар күні қарсаңында айтылуы да ерекше қуантады. Педагог мәртебесінің өсуі жастарға білім және тәрбие беру бағытындағы жұмыстарға үлкен серпіліс, оң өзгерістер әкеледі. Бұл заң арқылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін игіліктер қарастырылып, олар жөнсіз тексерулерден, басқа да жүктемелерден құтылатын болады, — деді облыстық мәслихат депутаты, Ақтөбе көлік, коммуникациялар және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова.

Ал белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов:

— Педагог мәртебесі — қоғамға жанашыр әр азаматты ойландыратын мәселе. Бұл өзекті тақырып соңғы жылдары қоғамда кең талқыланып келеді. Бүгінгі Елбасы ұсынысын мен осы әңгіменің нүктесі деп қабылдаймын, — деді.

Таяу жылдарға арналған мақсат-міндеттер Жолдаудың «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру»,«Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат»,«Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» тарауларында айқындалды. Елбасы өзінің жаңа Жолдауын халыққа жеткізу барысында, алға қойылған міндеттерді әр салаға жауапты министрлер мен аймақ басшыларына жеке-жеке жүктеп, нақты тапсырмалар берді.

— Халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту мақсатындағы міндеттер әр жауапты тұлғаға бүкіл халық алдында жүктелді. Бұл — зор жауапкершілік. Жолдаудың жыл басында емес, қазан айында жариялануының өзі алға қойылған міндеттерге үлкен әзірлікпен келу керектігін және бұл қадамдардың елімізді, халқымызды жаңа белеске көтеру жолында аса маңызды екенін көрсетеді деп білемін, — деді ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағанбетов.

Сондай-ақ, Жолдауда Елбасы келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынып, ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында арнайы «Ауыл — Ел бесігі» жобасының іске қосылатынын айтты.

— Менің пікірімше, Жолдауда еліміздегі әр азаматқа, оның бүгінгі тұрмысы мен болашағына қатысты жайттар егжей-тегжей көзделген. Сондықтан Жолдау  халыққа, әсіресе, алыс ауылдар тұрғындары арасында кеңірек насихатталуы керек. Жолдаудың мені ерекше қуантқан тұсы — алдағы жылды Жастар жылы болып жариялануы. Жастарға ерекше қолдау көрсету — ертеңнің қамы, биік мақсаттарға ұмтылудың көрінісі. Сондай-ақ, Жолдауда қозғалған әлеуметтік мәселелер бүгінде біздің өңірде оң шешіліп жатқанын да айтқым келеді. Соңғы үш жылда 60 жаңа мектептің салынуы, медициналық кластердің құрылуы, басқа да көптеген әлеуметтік жобалар — сөзімнің дәлелі, — деді еңбек ардагері Есімхан Есенбаев.

Жиынға қатысушылар зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерді Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру және насихаттау жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.