Көшпелі отырыс аудан орталығында өтті

Дата: 08 сентября 2018 в 12:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Қандыағаш қаласында облыстық мәслихаттың заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау, жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялары қоғамдық кеңеспен бірлескен көшпелі отырысын өткізді.

Алдымен отырысқа дейін облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова бастаған депуттатар мен қоғамдық кеңес мүшелері ішкі істер бөлімінің және жергілікті полицейлік қызметтің жұмысымен танысты. Аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты 1964 жылы салынған. Қызметкерлер отырған кабинеттерге бейнебақылау орнатылған.

— Бұл тұрғындар тарапынан наразылық тумауын көздеп жасалған,—дейді ішкі істер бөліміндегілер. Ал аудан әкімі Ербол Данағұлов полицияның жаңа ғимараты үшін жер бөлінгенін, енді құрылысын салатын қажетті қаржы қарастырылатынын айтты. Сонымен бірге, оның мәлімдеуінше, ауданның барлық учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үймен, қызметтік көлікпен қамтамасыз етілген. Осы учаскелік полиция инспекторлары арқылы тек биылғы жылы 60 қылмыс ашылған.

Сондай-ақ депутаттар №1 орта мектепте болып, мектептік инспекторлардың жұмысымен танысты. «Достық» шағын ауданына орналасқан учаскелік полиция пунктінде болды. Пунктке қарасты пәтерлерге, учаскелік полицияларға бөлінген тұрғын үйлерге барды.

Осындай жасалып отырған қамқорлықтарға қарамастан, Мұғалжар ауданы бойынша 28 полицей, оның ішінде 18 офицер қажет.

Көшпелі отырыс барысында Мұғалжар ауданының ішкі істер бөлімінің басшысы Марат Сейталин депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелеріне аудандағы қылмыспен күрес және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары туралы айтып берді. Жалпы тәртіпті нығайтуға байланысты қолға алынып отырған шараларды әңгімеледі. Оның мәлімдеуінше, Мұғалжар ауданында жеті айдың ішінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырған қылмыстардың тіркелуі 28,2 пайызға төмендеген. Сонымен бірге, қылмыстық құқықбұзушылықтардың едәуір қысқарғаны байқалып отыр. Жалпы  қылмыстың азайғаны Мұғалжар аудандық жергілікті полицияның басшысы Алтай Аманжоловтың хабарламасында да айтылды. Аудан аймағында құқықтық тәртіпті жолға қоюды қамтамасыз ету мақсатында жедел алдын алу шаралары, акциялар, рейдтер өткізіліп келеді. Оған білім беру, әлеуметтік қорғау бөлімдері мен жастар, үкіметтік емес ұйымдар  кеңінен тартылады.

— Криминалдық жағдай ауданда қалыпты және тұрақты бақылауда. Қоғамдық тәртіпті және азаматтарды қорғауды қамтамасыз ету бағытында біз барлық күшті жұмылдыратын боламыз, — дейді полицейлер.

Алдағы өтетін облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар алдында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы есеп береді.

— Аталған сессияда қаралатын осы  мәселелерді жан-жақты талқылау үшін Хромтау мен Мұғалжар аудандарында көшпелі отырыс өткізу ұйғарылған болатын, — деп бұл шараның маңызын кеңінен түсіндірді облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова.

Абат ҚАРАТАЕВ.