Кәсіпкерлерге конференция ұйымдастырылады

Дата: 08 сентября 2018 в 12:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбеде кәсіпкерлерге бизнесті шебер жүргізуді үйрететін екі конференция өтеді.  Аталған конференцияларда кәсіпкерлік саласында жетістікке қол жеткізген жас кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова мәлімдеді.

— Конференцияда ақтөбелік кәсіпкерлерге бизнесте қызмет аясын таңдау, компанияның бизнес үлгісін жасау, клиенттерді жинау, сонымен қатар, бизнесті нөлден бастап маркетингтен филиалға дейін жеткізу жөнінде әдістемелер ұсынылатын болады. Конференцияда екі тақырып ұсынылады. Оның ішінде ең қызығы — бүгінгі күні сұранысқа ие франшиза саласы, —  деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, конференцияда кәсіпкерлер қазіргі заманғы кәсіпкерлік трендтерді дамыту бағытындағы жаңа технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, бизнесті жүргізу және оны дамыту туралы мол мәлімет алады.

Кеше «Бизнестің нөлден бастап ауқымды даму стратегиясы» тақырыбында өткен конференцияда халықаралық салондар желісінің франшиза иесі Альбина Назарова ақтөбелік кәсіпкерлерге аталған саланың артықшылықтары туралы айтып, бизнесте қызмет бағыттарын таңдау әдістері, компанияның бизнес-моделін құру, бизнесті жаңадан бастау, т.б. сұрақтар бойынша кеңес берді.

«Заманауи кәсіпкерлік үрдістері» аталатын екінші конференцияда кәсіпкерлерге   TopSales халықаралық консалтингтік агенттігінің иесі, инноватор, Қазақстан, Украина, Польша, Өзбекстан елдері бойынша бизнесті коммерцияландыру бойынша сарапшы Әсем Күзенбаева және «Үй иесіне көмек» желі қызметінің негізін қалаушы Бақыт Молдагереева бизнесті жүргізу мен дамытудың заманауи әдістері мен технологияларын үйретіп, табысты көбейтудің көздері туралы кеңес береді. Аталған конференция 13 қыркүйек күні сағат 10.00-де «Жерұйық» мейрамханасында өтеді.

Д.ТАУАНОВА.