«Асыл әжелер» он жылдығын атап өтті

Дата: 08 сентября 2018 в 12:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

6-7 қыркүйек күндері Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Геолог» Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Асыл әжелер» ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Ән қанатында» атты аймақтық фестивалі өтті. Оған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қатысты.

Фестивальдің алғашқы күнінде Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ облыс аудандарынан келген 13 ұжым өз өнерлерін көрсетіп, халық әндерін орындады. Сондай-ақ бұл күні «Асыл әжелер» ансамблінің шығармашылық кеші өтті.

Кеште ансамбль мүшелері Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Б.Байқадамовтың «Су тасушы қыз», Қ.Құдайбергеновтің «Ақ кимешек», Ғ.Құрманғалиевтің «Жас өмір», Е.Хасанғалиевтің «Жағадағы ару қыз», сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шарада  Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова «Асыл әжелер» ансамблінің ұжымына өз ризашылығын білдіріп, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың атынан ықылас гүлін тарту етті.

Осыдан он жыл бұрын құрылған ансамбль құрамында бүгінгі күні 24 мүше бар. Халықтық ансамбль бүгінге дейін әр түрлі байқаулар мен фестивальдерге, концерттерге қатысып, өнер көрсетіп жүр.

Оның айтуынша, аталған іс-шараны өткізуге бірқатар кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар демеушілік көрсеткен. Олардың қатарында «Восток нефть» компаниясының өкілі И.Бекболов, «Ақ жол» демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі А.Садықов, «Жібек жолы» мейрамханасының өкілі А.Мұқасов, кәсіпкерлер З.Махмутова, А.Жаңабаев, А.Нұржанов, Қ.Арыстанғалиев, т.б. бар.

Фестивальдің екінші күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта фестивальге қатысқан барлық өнер ұжымдары мен демеушілік көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Шара соңы халықтық ансамбльдердің гала-концертімен аяқталды.

Д.ҚАЗИХАН.