ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев: Ел экономикасын дамытуда Ақтөбенің үлесі өте үлкен

Дата: 14 июля 2018 в 11:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Елбасы тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды.  Мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларының, Бес әлеуметтік бастамасының, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу. Үкімет басшысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күтіп алып, өңірде жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Ақтөбеге жасаған сапарында  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Жобалық басқарудың іске асырылуы және экономиканың дамуы» тақырыбында жиын өткізді. Жиынға ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Алдабергеновтер қатысты.

Бүгінде Ақтөбеде жобалық басқару аясында 12 бағыт бойынша жұмыс жүзеге асырылып жатыр. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір экономикасын дамытуда аймақта құрылған жобалық кеңсенің әр бағыты бойынша атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып, облыстың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші турасында баяндады.

ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ: ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСІМ КӨРСЕТКІШІ — 5,1 ПАЙЫЗ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын өңірлерді аралайтынын айтқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы сапары кезінде тікұшақпен Жаңажол өңіріне барғанын, сол төңіректе салынып жатқан жаңа зауыттың құрылыстарымен танысқанын айтып өтті. «Ол жерде инвесторлар әкімдік, Үкімет тарапынан қандай қолдаулар керектігі турасында ұсыныстар айтты. Сол  ұсыныстар бойынша тапсырмалар беріліп, Астанаға келген соң министрліктермен бірге жұмыстар атқарылатын болады. Және біздің іссапарымыздың қорытындысы бойынша жасалатын хаттамаға енгізіліп, аяғына дейін жетуі канцелярияның бақылауында болады», — деген Б.Сағынтаев бұл жиынның астаналық әріптестерімен селекторлық түрде жүргізіліп жатқанын айтып, жиынды өткізудің негізгі мақсатына тоқталды.

— Былтыр Елбасы Жолдауынан кейін жарияланған «Қазақстанның үшінші жаңғыруының» негізгі мақсаты — елімізді дамыған отыз елдің қатарына кіргізу. Сол отыз елдің қатарына кіру үшін ел экономикасы жыл сайын 5-6 пайызбен өсуі керек. Биыл алты айдың қорытындысы бойынша  ел экономикасы 4,1 пайызбен өсіп отыр.  2017 жылды 4 пайызбен аяқтағанбыз. Ақтөбе облысының үлесі өте үлкен, жартыжылдықты 5,1 пайыз өсіммен аяқтады. Бердібек Машбекұлы «жыл соңында бес пайыздан төмен түспейміз» дегенді айтып отыр. Ол өте жақсы. Былтыр Үкіметтің Жобалық басқару кеңсесі ашылған болатын. Сол Жобалық басқару кеңсесі бойынша қазір жергілікті жерлерде барлық өсу индикаторлары бақылауға алынады, — деді Үкімет басшысы.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — көрсетілген межеге жету, туындайтын кедергілерді жою, дұрыс шешім қабылдау. Осыған байланысты экономиканы дамытудың барлық маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жобалар портфелі құрылды. Әрбір жоба бойынша мақсатты көрсеткіштер мен жауапты тұлғалар белгіленген, нақты нәтижелер мен мерзімдері көрсетілген жобаларды іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарлары әзірленген. Сондай-ақ, Премьер-Министр әңгімелесудің басты мақсаты — облыста жұмыстың қалай жүріп жатқанын, экономиканың сапалы әрі теңгерімді өсімі үшін оның құрылымдық трансформациясын қамтамасыз етуге өңірдің ішкі қорларын анықтау және пайдалану бойынша қандай жоспарлар бар екенін түсіну екенін атап өтті.

АҚТӨБЕДЕГІ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕ ЖӘНЕ 12 БАҒЫТ

Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірінші жартыжылдықтағы мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша жүргізілген жұмыстар мен 2018 жылдың соңына дейінгі жоспарлар турасында баяндады. Сондай-ақ ол өңірде жобалық басқару бағыты бойынша атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Бүгінгі күні облыс әкімдігі жобалық басқару аясында 12 бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде: базалық индустрияландыру, отын-энергетикалық кешен, инвестициялар тарту, өнімді жұмыспен қамту, сондай-ақ агроөнеркәсіпті, жаппай кәсіпкерлікті, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, көлік және логистиканы, туризмді дамыту және сауда, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғырту.

«Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік органдарға қойып отырған талабы — Қазақстанды тезірек дамыған отыз елдің қатарына қосу. Ол үшін біз экономикаға жаңа моделдерді енгізуіміз керек. Табыстың қосымша көздерін табуымыз қажет. Сіздің бастамаңызбен құрылған жобалық кеңсе өңірде өз жұмысын бастады. Елбасының қойған тапсырмасы бойынша экономиканың даму қарқыны былтырғы жылдан төмен  болмауы керек. Былтыр біз бірінші жартыжылдықты 5 пайыз өсіммен аяқтадық. Мен Мемлекет басшысына, сізге барлық жерлестердің атынан экономиканың деңгейін 5 пайыздың деңгейінде сақтау турасында уәде берген болатынмын. Қазіргі таңда осы жобалық басқару кеңсесі 12 бағытты бекітті, негізгі индикаторлар мен жоспарлар айқындалды. Бірақ сіздің бірінші тоқсанда айтқан ескертпелеріңізді ескере отырып, соны талдап, республикалық штабпен бірге біз өзіміздің индикаторларымызға, жоспарларымызға қосымшалар енгіздік. Жарты жылда байқағанымыз, жобалық кеңсе Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындауға өзінің көмегін тигізеді. Ең негізгісі — экономиканың қосымша көздерін табуға көмектеседі», — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысының айтуынша, бірінші бағыт — базалық индустрияландыру. Бұл жердегі ең бірінші мәселе — жалпы қосымша құнның көлемін көбейту. Сол сияқты, еңбек өнімділігін көбейту де басты мақсаттың бірі. «Былтырғы жылмен салыстырғанда аймақта еңбек өнімділігін 0,1 пайызға көбейту турасында алдымызға мақсат қойдық. Дәл осындай екінші бір индикатор — жұмысшылар санын көбейту. Ол жөнінде де біз өзімізге міндеттеме алдық. Қазіргі таңда біз үшін төмен тұрған көрсеткіштің бірі — индустрияға салынатын инвестиция. Биыл біз құны 76 миллиард теңге тұратын 15 жобаны жүзеге асыруымыз керек. Соның нәтижесінде ең кем дегенде 1400 жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі жобалардың қатарында алтын-кен комбинатының, керамикалық магнит пен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттардың құрылысы сынды жобалар бар. Осы жылы Байғанин ауданында құны 33 миллиард теңгеден асатын газ кешенін дайындау қондырғысының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жоба «Қожасай» кен орнының шикізат қорын рационалды түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Қайта өңдеу процесі кезінде құрғақ тазартылған және сұйылтылған пропан-бутан техникалық газын, тұрақты газ конденсаты мен түйіршіктелген күкірт алу жоспарлануда. Нысанды осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Бұған қосымша, кәсіпорындарды жаңғырту жөнінде берілген тапсырма бар. Жалпы бес жылда 500 миллиард теңгеге осындай жаңғыртулар жасауымыз керек. Биыл ең кем дегенде 35 кәсіпорынды 55 миллиард теңгеге жаңғыртамыз», — деді облыс әкімі.

Аймақта жобалық басқару қызметін жүзеге асырудың келесі бағыты — отын-энергетикалық кешен.

— Бұл бағыт бойынша биыл жалпы құны 50 миллиард теңге тұратын 5 жобаны жүзеге асыруымыз керек. Негізгі жобалар Энергетика министрлігімен бірлесіп жасалып отыр. Оған қосымша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «ҚазТрансГаз» кәсіпорнымен бірігіп, 30 елді мекенге 4 миллиард теңгеге газ жеткізу жөнінде жұмыс жасап жатырмыз, — деген Бердібек Машбекұлы  Инвестиция және Энергетика министрліктерімен бірлесіп қосымша пайдалы қазбаларды табу үшін бұрғылау жұмыстарын жүргізу жөнінде атқарылатын шаруаларға да тоқталды.

Облыс әкімі өз баяндамасында экономикаға инвестиция тарту мәселесін де сөз етті. Ол үшін 2018-2022 жылдарға арналған облысқа инвестиция тарту бойынша өңірлік стратегия әзірленген. Бүгінгі күні «Эрнст Янг» компаниясының ұсынысымен облыстың инвестициялық тартымдылығын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазір облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Биылғы мақсат — облыс экономикасына ең кем дегенде биыл 62,5 миллиард теңгенің инвестициясын тартуымыз керек», — деген облыс әкімі бұл бағытта аймақта салынып жатқан кешендер құрылысына да тоқталды.

Облысқа тартылатын инвестицияның 35 пайызы шетелден келеді. Былтыр аймаққа 480 миллиард инвестиция тартылса, биылғы меже — 510 миллиард теңге.

Бердібек Сапарбаев жобалық басқару жүйесі негізінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды. Ол жерді дұрыс пайдалану, суармалы жер көлемін арттыру, дәстүрлі емес салалардағы жобалар мен асылтұқымды ірі қара малын көбейту, бұл салаға жаңа технологияларды енгізу  турасында айтты. Биыл облыста суармалы жер көлемін 41 пайызға арттыру көзделіп отыр. «Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау турасында тапсырма берген болатын. Өткен жартыжылдықта 10,5 миллион долларға өнім экспортталды. Жыл соңына дейін мұның көлемін 42 миллион долларға жеткіземіз», — деді Бердібек Машбекұлы.

Бүгінде облыста «АкТеп» компаниясымен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шаруаларға қызмет көрсету орталығының құрылысы салынып жатыр. Мұндағы мақсат — бағаны реттеу әрі бір орталықтан шаруаларға қызмет көрсету.

Өңірдегі жобалық кеңсе қызметінің тағы бір бағыттары — жаппай кәсіпкерлікті дамыту, туризм және сауда. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны, транспорт және логистиканы, білім, денсаулық сақтау салаларын дамыту да жобалық кеңсенің басты бағыттарының бірі. Өнімді жұмыспен қамту шаралары да қолға алынған негізгі міндеттердің бірі.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, облыста Кәсіпкерлікті қолдау картасы жасалған. Бизнесті жүргізудің оңтайлығын арттыру үшін «Кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында бизнесті тексеруді оңтайландыру және реттеу, сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдау шараларын күшейту жұмыстары атқарылуда.

Облыста жылдық айналымы 2 миллион теңгеден асатын кәсіпкерлік құрылымдарының санын көбейту — басты мақсат. Биыл мұндай кәсіпкерлік құрылымдарының санын 600-ге көбейту межесі белгіленген. Сондай-ақ осы жылы  облыс кәсіпкерлері мемлекеттен 22 миллиард теңге көлемінде қолдау алса, 40 мың адам қаржылай емес қолдауға ие болады.

— «Бизнес–Бастау» бағдарламасы аясында өткен жылдың деңгейінен екі есе көп адамды қамти отырып, 2,2 мың адамды оқыту жоспарда бар. Сондай-ақ, «Ауылдарға қамқорлық» жобасы іске асырылуда. Оның аясында ауыл тұрғындары үшін 500-ден астам кәсіпкер-тәлімгер анықталды. Жобалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жаппай кәсіпкерлікті дамыту индикаторлары бойынша 2018 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады, — деді Бердібек Машбекұлы.

Бүгінде облыста ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде құны 2 миллиард теңге тұратын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның ықпалымен ІТ-орталығының құрылысы салынып жатыр.

Облыс әкімінің айтуынша, келер жылы аймақта балалар 100 пайыз  балабақшамен қамтылады. Өз баяндамасында облыс әкімі биыл Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы жарияланғанын, оның 8 бағыттан тұратынын атай келе, бұл жоба аясында бірде-бір бала көмексіз, қараусыз қалмайтынын айтты. Мақсат — балаларға қазіргі заман талабына сай білім мен тәрбие беру, олардың спортпен, мәдениетпен айналысуына мүмкіндік жасау.

— Бүгінде Ақтөбе агломерациясын дамыту ісі 8 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Атқарылатын іс-шаралар саны — 170. Бүгінгі күні бұл шаралардың 50-і орындалды. Қалғандары жүзеге асырылып жатыр, — деген облыс әкімі бұл бағытта салынып жатқан құрылыстарға, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспарына тоқталды.

Бұдан әрі өңір басшысы биыл жартыжылдықтағы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. «Біз бірінші жартыжылдықта  экономиканың дамуын 105,1 пайызға қамтамасыз еттік. Барлық көрсеткіштер былтырғы жылдан жоғары. Негізінен көрсеткіштер республиканың көрсеткіштерінен жоғары. Тек қана екі көрсеткіш бойынша — өндіріс пен инвестицияда аздаған төмендеушілік бар. Өз жоспарымызға сәйкес бұл көрсеткіштерді де жыл соңына дейін республика көрсеткіштерінен төмендетпейміз. Бұдан өзге, бүгінгі күні облыста жалпы құны 56 миллиард теңгеге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 128 жоба жүзеге асырылуда. Негізгі мақсатымыз — өңір экономикасына бюджеттен тыс қосымша қаржы алып келу. Былтыр экономикаға қосымша 29 миллиард теңге салсақ, биылғы жоспар — 32 миллиард теңге», — деді Бердібек Сапарбаев.

ҰСЫНЫСТАР МЕН ӨТІНІШТЕР

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа бірқатар өтініштер айтты. Соның бірі — төртінші мұнай-өңдеу зауытын салу. «Соңғы кезде Ақтөбеде мұнай өңдеу көлемі өсіп отыр. Биыл ең кем дегенде 6 миллион тонна мұнай өндіріледі. Ақтөбеде 360 миллион тонна мұнай қоры бар. Жаңажол өңіріне барғанда өзіңіз көрдіңіз, инфрақұрылымның барлығы бар. Ақтөбе арқылы Еуропаға да, Азияға да өтеді. Егер біздің осы ұсынысымызды қолдасаңыз, Энергетика министрлігіне өзіміздің ұсынысымызды береміз», — деді облыс әкімі.

Екінші мәселе — «Бұқара-Орал» газ құбыры. «Қазіргі таңда бұл газ құбырының күші жетпей жатыр. Оның қуаттылығы  сағатына — 195 мың текше метр, ал қазіргі атқарып отырған жүгі сағатына — 225 мың текше метр. Оның үстіне қанша жаңа жобалардың, ғимараттардың салынатыны турасында сізге көрсеттік. Олардың барлығына газ керек. Үшінші газ құбырын тарту жөнінде біз министрлікпен жұмыс жасап жатырмыз. Мұны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салуға болады. Оған енді ұсыныстар бар. Анау мұнай өңдеу зауытын да салуға ықыласты инвесторлар бар. Егер қолдау болса, олар өз қаржысына құрылысты салуға дайын», — деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа облыстағы алтын өндіру мәселесін алға тартты. «Соңғы елу жылда Ақтөбедегі өндіріліп жатқан алтын рудасының барлығы Ресейге кетеді. Қосымша табысты, ақшаны табатын — Ресей. Ал біз одан кейін алтынды Ресейден сатып аламыз. Қазір қазақстандық инвесторлар жұмыс жасап жатыр. Бұл жерде 148 миллиард теңге аз инвестиция емес. Қаншама жұмыс орны ашылатынын білесіз, оның үстіне жылына ең кем дегенде 8 миллиард теңге салық түседі. Ең негізгісі — егер бюджеттен 1 теңге берілетін болса, ол бюджетке 15 теңге болып қайтады. Сондықтан біздің сұрайтынымыз, осының инфрақұрылымын жасау үшін қосымша қаржы бөлінсе дейміз. Биылғы жылы бюджетті нақтылағанда және келесі жылға қаржы қарастырылса дейміз. Ол жерде қазір 5 миллиард теңгенің жұмысы жасалды, бұл жұмыс әрі қарай жалғасады», — деген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа биыл далаға жанып жатқан газ квотасын көбейткенін, соның арқасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өнім көлемін арттырғанын айтып, алғысын білдірді.  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесі газды жинап, әрі қарай жіберуде кәсіпорын салу үшін 21 миллиард теңге инвестиция салды. Енді бұларды монтаж жасаған кезде, үш айға қосымша тағы да газды жағу керек. Бұл жөнінде министрлікпен жұмыс жасағанбыз. Осы мәселені қолдасаңыз дейміз», — деген Б.Сапарбаев жол салу, мектеп салу ісіне қатысты да бірқатар мәселені алға тартты.

Ол биыл 6 жаңа мектепке ұсыныс жасалғанын айтып, Үкіметтен қолдау көрсетілсе деген өтінішін білдірді. Жаңа мектептердің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан қалашықтарға тікелей қатысы бар.

«ТАКСИМ ФУД АКАДЕМИИ» ЖӘНЕ «АЗАЙА» — ОЗЫҚ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ

Жиында бұдан әрі облыстың қорлары туралы бейінді министрліктердің басшылары сөз сөйледі. Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың экономикалық мүмкіндіктері, сауда саласын жаңғырту туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтып берді. Жалпы алғанда, өңірдің осы жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң қарқын байқалды. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіптік нысандарын одан әрі жаңғырту, көлік-логистикалық мәселелерді шешу, өнім экспортын дамыту, агроөнеркәсіптік кешендерді әртараптандыру салаларындағы әлеуеті аталып өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова еңбек ресурстарын көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, аймақтың шағын және орта бизнес секторында халықтың жұмыспен қамтылу әлеуеті туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысында 2018 жылдың бірінші  тоқсанында жұмыс күші 435 мың адамды құрады, олардың ішінде 414 мыңы жұмысқа орналасқан. Тек қана 20 мың адам — жұмыссыз. Бұл — республикалық деңгеймен салыстырғанда, жұмыссыздық деңгейінің өте төмен көрсеткіші саналады. Министрдің айтуынша, облыста қосымша еңбек нарығына жыл сайын 12 мың адам қосылып отырады. Осыған байланысты өңір үшін жаңа жұмыс орындарын құрып қоймай, олардың сапасын арттыру, еңбек ресурстарының ағымын басқару — өте өзекті мәселе. М.Әбілқасымова халықтың табысын және жұмыспен қамтылуын одан әрі арттыру үшін бизнесті дамытуды ынталандыру қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол аймақта жобалық басқару аясында бұл бағытта  5 міндет қойылғанын атап өтті. «Мұндағы басты құрал — Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. Бағдарламаны облыста іске асыру үшін биыл 7,3 миллиард теңге бөлініп, 18,9 мың адам бағдарламаға қатысып отыр. Бұдан бөлек, 16 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа 9,4 мың адам орналасты. Бүгінгі күні, Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарлама аясында қысқа мерзімді оқытудан өткізу арқылы халықты еңбекке тарту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл көрсеткіш — 67 пайыз. Қазір бұл бағытта 9 оқыту орталығы жұмыс жасайды. Соның ішінде «Таксим фуд академии» және «Азайа» оқыту орталықтарын ерекше айтқым келеді. Мұнда оқығандардың 100 пайызы жұмыспен қамтылады», — деді министр.

Жиында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көлік және логистиканы дамыту, инвестициялар тарту туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ жобалық басқару аясында 2018 жылы «Инвестицияларды тарту» жобасы бойынша 12 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

— Өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында биыл Ақтөбе–Атырау республикалық маңызы бар автокөлік жолының 160–330 шақырымдық учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Сондай-ақ ұзындығы 102 шақырым болатын жергілікті маңызы бар жеті жол жобасы іске асырылуда, республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге трансферт бөлінді. Биыл жылына 984 мың тонна жүк айналымымен 59,2 мың шаршы метр ауданды құрайтын көлік-логистика орталығының құрылысы жобасы басталды. Бұдан өзге, Ақтөбе облысында 1,7 миллиард теңгеге 17 жол бойындағы сервис нысаны салынады, — деді Жеңіс  Қасымбек.

Ал еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз кезегінде өңірде жеке медицина секторы белсенді дамып жатқанын атап айтты. Бүгінгі таңда облыста денсаулық сақтау жүйесінде 29 аурухана мен 126 амбулаторлық-емханалық ұйым халыққа медициналық көмек көрсетеді. Алғашқы бес айда денсаулық сақтау саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар шамамен 2,4 миллиард  теңгені құрады. Осы жылдың бірінші  тоқсанында көрсетілген қызметтердің көлемі — 9,7 миллиард теңге. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында жалпы құны 12 миллиард теңге болатын 24 жоба жүзеге асырылып жатыр.

МҰНАЙ МЕН ГАЗ ӨНДІРУДЕГІ ҮЛЕС — 9 ПАЙЫЗ

Жиында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірдің мұнай өнеркәсібі кешенін дамыту жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады.

— Ақтөбе облысы — еліміздің үшінші мұнай-газ өндіруші аймағы. Облыстың мұнай және газ өндіру көлеміне қосқан үлесі шамамен — 9 пайыз. Жыл басынан бері дамудың негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетті. Облыста мұнай мен газ өндіру саласында 30 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Бірнеше жыл қатарынан өңірдегі мұнай өндіру көлемі тұрақты деңгейде сақталып отыр. 2018-2019 жылдары — 6,2 миллион тонна, 2020 жылы — 6,4 миллион тонна, ал 2025 жылға қарай шамамен 7 миллион тонна өндіру жоспарда бар, — деді вице-министр М.Мырзағалиев.

Сондай-ақ, энергетика вице-министрі цифрландыру және технологиялық жаңғырту туралы ақпарат берді.

— Қазірдің өзінде «Зияткерлік кен орны» жүйесін енгізудің табысты пилоттық жобалары бар, бұл мұнай өндіру көлемін ұлғайтып, шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға жол ашады. «Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың өз өндірістерін цифрландыруға, озық технологияларды қолдануға бағытталған бастамаларын қолдауға ниетті және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға дайын. Осылайша, мұнай өндіру секторының әлеуеті Ақтөбе облысын дамыту жолында үлкен мүмкіндікке ие, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

ЭКСПОРТТАЛҒАН ӨНІМ КӨЛЕМІ —  10,48 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Бұдан өзге, кеңес барысында бейнеконференция байланысы бойынша бірнеше министрліктің өкілі сөз сөйледі. ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев осы жылдың бірінші жартыжылдығында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің экспорты 10,48 миллион долларды құрағанын немесе жалпы экспорт көлемінің 1,47 пайызына жеткенін айтты. Бұл өткен жылғы бірінші  жартыжылдыққа қарағанда 20,8 пайызға артық.

— Қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 374,6 пайызға  артып, 4,8 миллиард теңгені құрады. Қаңтар-мамыр айларында азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 196,9 пайызға өсіп, 1,3 миллиард теңгеге жетті, — деді Арман Евниев.

ИНТЕРНЕТ: БІРІНШІ КЕЗЕҢ ЖӘНЕ 82 АУЫЛ

Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Ақтөбеде туризмнің даму барысы туралы баяндады. Өңірде биыл 390 жұмыс орнын құрумен 32 жоба іске асырылып жатыр. Аталған саладағы көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін министрлік «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралі бойында инфрақұрылымды дамытуды ұсынады. Сонымен қатар өңірде ақпараттық-туристік орталықтарды ашу перспективалары атап өтілді.

Экономиканы цифрландыру және облыстың осы бағыттағы одан арғы міндеттері туралы Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова баяндады. Оның айтуынша, жобалық басқару аясында өңірде білім беру және әлеуметтік нысандарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Ақтөбе облысында ақпараттық технологиялар саласында нақты шаралар көзделген. Жалпы жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Облыстың білім беру саласын цифрландыруда айтарлықтай көрсеткіштер бар. Қала және аудан мектептерін интернетпен қамту көрсеткіші 80 пайызға жетті. Облыстағы медициналық мекемелердің 100 пайызы интернетке қосылған. Бірінші жарты жылдықта цифрлық сауаттылық негізінде Ақтөбе облысында 17 мың адам білім алды.Бұл бағыттағы жобаны іске асырудың бірінші кезеңі аясында интернетті қолжетімді ету үшін 82 ауыл таңдалды. Қалған ауылдық елді мекендерді іске асыру екінші  кезеңде, яғни 2020 жылдан соң қамту жоспарланып отыр, мұнда көлік байланыс желілерін салудың гибридті тәсілін, яғни  LTE, спутник жүйелері пайдалану қарастырылған», — деді вице-министр.

Ол өз сөзінде аймақта бірінші  жартыжылдықта цифрлық сауаттылықтың негізгі дағдылары бойынша жоспардағы 32 мың адамның 17 мыңы оқытылғанын айтты.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова өз баяндамасында облыста білім саласында 16 миллиард теңге сомасына 58 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. «Биыл 21 мектепке дейінгі білім беру ұйымын ашу көзделіп отыр. 2020 жылға  қарай балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында көрсетілген білім беру қызметтерінің көлемі 6 пайызға артып, 19,3 миллиард теңге болды. Сонымен қатар, облыс әкімдігі балаларды интеллектуалды, рухани, адамгершілікке, шығармашылыққа тәрбиелеу және дамыту бойынша шаралар жүргізіп жатыр», — деді ол.

«АҚТӨБЕ — РЕСПУБЛИКАНЫҢ ТӨРТІНШІ МЕГАПОЛИСІ АТАНУҒА ҮМІТКЕР ӨҢІР»

Сонымен қатар кездесу барысында ұлттық бизнес пен шетел инвесторларының өкілдері сөз сөйледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы» басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жаппай кәсіпкерлікті дамытудың және бизнестің өңірдегі жобалық басқаруға қатысуының өзекті мәселелерін қозғады. Ол Ақтөбе облысында жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің үлесі Атырау өңірімен салыстырғанда жоғары екенін, яғни 18,3 пайыз құрағанын атап өтті. Сонымен қатар шикізаттық емес сала көрсеткіштерінің 12 пайызға артуын ескерумен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы бизнесті ірілендіру мәселесін пысықтау көзделіп отыр. Бұл — жақсы көрсеткіш. Бүгінгі таңда бұл салаларда 52 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді.

— Облыстың индустрия саласына қатысты айтар болсам, қазір Ақтөбеде  өңдеу саласы бойынша 65 кәсіпорын паспортталды.  Олар өзінің өндірістік мүмкіншілігінің 54 пайызында жұмыс жасап отыр. Бұл жалпы республика көрсеткіші бойынша орта көрсеткішке сай келеді. Бұл мекемелердің толық қуаттылықта жұмыс жасауына жағдай бар. Паспортталған мекемелер үш мәселені айтып отыр. Бірінші — өзі шығаратын өнімге сұранысты күшейту, екінші — несиеге қол жеткізу. Ақтөбе облысында теміржол тарифінің қымбаттығы паспортталған мекемелер тарапынан көп айтылған мәселенің бірі. Себебі өнімді Ақтөбеден өзге облыстарға жеткізуде тарифтің үлесі үлкен.  Облыста импорттың үлесі 1 миллиард АҚШ долларынан асады, — деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысы барлық бастамаларға белсенді қатысады.

«Қазақстандық-шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының төрағасы Агрис Прейманис өз кезегінде өңірдегі инвестициялық қызметтер туралы айтты.

— Қазіргі кезде Шетелдік инвесторлар кеңесінің оннан астам мүшесі Ақтөбе облысында жұмыс істеп жатыр. А.Прейманис өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетіне, қолайлы логистикасына, шағын және орта бизнестің даму жайына тоқталды. «Кен өндірісі секторының дамуын атай кеткім келеді, ол шетелдік инвесторлар үшін жылдан-жылға тартымды болып келеді. Сонымен қатар  көлік-логистикалық дәліздер де тартымды. Өңір халықаралық тасымалдар үшін қолайлы жерде орналасқан және бұл облыс үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — деді

А.Прейманис.

Облыстағы жобалық басқарудың атқарған жұмысының қазіргі жай-күйін қарастыру барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев өңірде үш ай ішінде үлкен өзгерістер болғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласында зор әлеует бар. Ол алдағы үш ай ішінде Үкіметтің жаңа инфрақұрылымдық жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір екеніне сендірді. Сонымен қатар Ақтөбенің республиканың төртінші мегаполисі атануға үміткер екенін мәлім етті. «Мұнда кенттену жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Егер статистикаға сенсек, облыстағы жоғары оқу орындары түлектерінің 80 пайызы гуманитарлық мамандықтарды бітіреді. Сондықтан біз жобалық кеңсемен бірлесіп алдымызға мынадай мақсат қойдық: әсіресе, колледждерде техникалық мамандықтарды дамыту керек», — деді Е.Досаев.

Талқылау форматында өңірлік бизнес қауымы атынан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин сөз сөйледі.

Премьер-Министр қазір фермерлерді қолдау мақсатында агроөнеркәсіп кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өзектілендірілгенін атап өтті, «Бес әлеуметтік бастама» іске асырылып жатыр, атап айтқанда, ауылдарда шағын несие беру көбейтілуде. Үкімет экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудың барлық шараларын қабылдап жатыр.

«АҚТӨБЕНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК СЕРІКТЕСТІК БАҒЫТЫНДА ӨТЕ ҮЛКЕН ТӘЖІРИБЕСІ БАР»

Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев өңірдің де, жалпы еліміздің де экономикасын әртараптандырудың және жаңа экономика үшін жаңа кадрлар даярлаудың маңыздылығын баса айтты. Қазақстанда адам капиталының сапасын арттырудың білім беру жүйесін жаңғырту мен одан кейін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге арналған арнайы курстардан бастап, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халықтың баспана жағдайларын жақсартуға дейін бүкіл тізбегін дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынған.

— Облыста алғашқы жартыжылдық 5 пайыздық өсіммен аяқталғаны көрініп тұр. Жыл соңына дейін қарқын төмендемейді деп ойлаймыз. Бұл республикаға облыстың қосқан үлесі деп есептейміз. Негізгі айтылған мәселелердің бәрі дұрыс. Дегенмен де цифрландыруға көп көңіл бөлу керек. Цифрландыру деп айтқанда тек өндіріс саласының ғана емес, жалпы экономиканы цифрландыру қажет. Сонда шығындар төмендейді. Тек бюджеттік емес, адамдардың да шығыны азаяды. Бұл қолайлы әрі тиімді, оның үстіне кедергілерді жояды. Ауылдағы интернет желісінің жылдамдығы төмен екені белгілі. 2021 жылға дейін бағдарлама қабылданып, 1230 ауылға  кең жолақты интернет жеткізу жоспарда бар. Бұл бағытта аудан орталығы, Ақтөбе қаласының өзінде де  жұмыс жақсы. Бүгінде «Индустрияландыру 4.0» деп айтамыз. Қазақстан бойынша 600 кәсіпорынға талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша кәсіпорындардың басым көпшілігі «Индустрия 1.0», «Индустрия 2.0» көлемінде қалып қойған. Яғни заман талабына сай келмейді. Салынып жатқан кәсіпорындар жаңа технологияны пайдаланады, ал бұрынғы өндіріс орындары өзгеріс енгізуі керек. Егер өзгеріс болмаса, бәсекеге төтеп бере алмай, өнімдері сатылмай қалады. Соңында тарифті төмендету, субсидия сұрайды. Бұл дұрыс емес. Өндіріс орны технологияны ауыстырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуі шарт, — деген Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде кәсіпкерлікті дамытуда тау-кен, мұнай, шикізаттан өтіп, әлеуметтік экономиканы, қызмет көрсету саласын алға жылжытуы керектігін айтты. Айналымы 2 миллион теңгеден асатын кәсіпорындарды көбейтіп, микробизнесті шағын және орта бизнеске жеткізу қажеттігіне де тоқталды.

Үкімет басшысы Ақтөбе облысында салынған әлеуметтік нысандарға ерекше ризашылығын білдірді.

— Бұған дейін бірнеше өңірде болдым.  Соңғы екі-үш жылдың көлемінде бірде-бір облыста дәл Ақтөбедегідей әлеуметтік нысандар салынған жоқ. Спорт, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша Ақтөбе облысы қатты дамыған. Бұл — жаңа экономикаға көшудің бір саласы. Жұмыс көзінің бәрі тек қана өндірісте емес, қызмет көрсету саласында көп жұмыс бар. Дамыған Еуропа елдерінде шағын және орта бизнес экономиканың 60-70 пайызын құрап отыр. Сол кезде шикізат бағасы өскенімен, дамуға еш кедергі келтірмейді. Бізге де сол бағытты дамыту керек. Адами капитал мәселесі жоғары деңгейге қойылуы қажет.  Жаңа экономикалық дамуға көшеміз десек, жаңа біліммен келген, жаңа көзқарастағы  адам қажет болады. Егер балабақшадан бастап, университетке дейін ескі тәсілмен жұмыс істесе, оны қалай дайындаймыз? Сондықтан күшті білім саласына салу керек. Колледждердегі әдістемелерді өзгерту шарт. Мамандықтарды нақтылап, оларға қалай білім берілетіні қаралғаны дұрыс. Себебі колледждерде бәрі ескі әдіспен қалып қойған. Зауытта болған кезімде инженерлердің қайдан екенін сұрадым. Бәрі жергілікті жерден, бірақ Қытайға барып тәжірибе жинап келген. Неге Қытайға барып оқиды? Базаны құрып, білімді жергілікті жерде беруге болады. Бізде мүмкіндіктің бәрі бар. Егер бәрін реттемесек, маманның бәрін шетелден тасып, шетелге оқытып жүре береміз. Бұл мәселе университетке де байланысты. Біз баламызды жоғары оқу орнына түсіруге талпынамыз. Тиімді ме, сол жолмен жүре ме деген сұрақ көбіне ата-ананы ойландырмайды. Жоғары білім алды, дипломы бар дегені маңызды. Ал колледжде оқыса, одан да жақсы маман шығады. Мәселен, Францияда бір миллиардер азамат «Мектеп 42» деген оқу орнын ашты. Ол жерде екі  жыл оқиды, диплом берілмейді. Егер сол тегін оқуды тастап кетсе, айыппұл төлейді. Бір жылдан кейін оқымай, кететін болса, 5 мың доллар айыппұл төлейді. Онда қызыл, көк диплом деген жоқ. Оқып, сертификат алған түлекті жұмысқа алуға үлкен кәсіпорындар кезекке тұрады. Кәсіпкер үшін сұранысқа ие өнім шығару үшін қызыл дипломның қажеті жоқ. Ол маман ретінде бағаланады, одан ой мен инновациялық көзқарасын талап етеді. «Алтын белгі» де керек емес. Сондай колледждер бізге де керек. Мәселен, «Шеврон» компаниясы Атырауда колледж ашты. Қызыл дипломмен бітірген мамандар да сол колледжде оқиды.

Әрбір адам білімді, денсаулығы мықты болуы керек. Бұл салада үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Офтальмологиялық орталықты көрдім. Осындай орталықты өзіміздің кәсіпкерлер салғанда шын мәнінде мақтанасың, қолымыздан іс келетінін көрсетіп отыр. Мүмкіндік болып, жер берілсе, олар Астанада да салуға дайын. Ұсынысты қарайтын боламыз, — деген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде ауыл шаруашылығы бойынша бағдарламаға өзгерістер енгізілгенін айтты.

— Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлерді жаппай қолдау болмайды. Егерде шығаратын өнім экспортқа бағытталған болса, көмектесеміз, барлық жағдайды жасаймыз. Жерге еккен дәннен, шетелге сатылған өнімге дейін қолдау болады. Ал бүгінгі жағдайда қаламыз десе, ішкі нарықты игеруге мүмкіндік бар. Бір қиыны — болашақта бәсекеге төтеп бере алмауы мүмкін. Сондықтан талпынып, өнімді сапалы шығару керек. Мәселен, сүт, ет өнімдерін Белоруссия, Украинадан әкеліп жүрміз. Мүмкіндік бар. Өнімді сапалы шығару керек. Ауыл шаруашылығында 3 миллиард теңгеге жуық өнімді импорттаймыз. Ішкі сұранысты толық қамту да маңызды, — деген Үкімет басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жиын барысында айтқан өтініштеріне қатысты былай деді: «Елбасы тапсырмасы бойынша  төртінші мұнай өңдеу зауытының жобасы жасалып жатыр. Қыркүйек айында дайын болады. Оның қайда салынатыны сол кезде белгілі болады. «Бұқара-Орал» газ құбыры жобасы да қаралады. «AltynEx» тау-металлургия комбинатына қатысты айтар болсам, бізде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында ақшаның басым бөлігі ірі кәсіпорындарға кетіп жатыр. Оның инвестиция көлемі де, ашылатын жұмыс орнының саны да жоғары болады. Нәтижесінде шағын кәсіпкерлік қолдаусыз қалады. Сондықтан оның басқа да жолын іздеу керек. Сондықтан бұл мәселелер бізде жан-жақты қаралатын болады. Мектептер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынуы керек. Пилоттық жобаға кірген соң, мектептер сол жолмен салынуы керек. Бұл орайда Ақтөбенің әлеуметтік саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында өте үлкен тәжірибесі бар. Әрине, мүмкіндігінше республика көмегін береді, — деп сөзін қорытындылаған Үкімет басшысы облыста жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Читайте также