Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік…

Дата: 03 июля 2018 в 10:42


Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік…

Қазақ руханиятына қосылған әдемі мерекелердің бірі Ұлттық домбыра күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең үлкен олжаларының бірі болды.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамды ұлттық мәдениет пен рухани жаңғыру идеясының төңірегінде топтастыру мақсатындағы бұл шешімінің маңызы зор. Ұлттық домбыра күні мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше аталып өтті.    

Ақтөбеде домбыра күні Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңында «Домбыра-думан» атты мерекелік шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан әдемі мереке барысында шын мәнінде қазақтың үні — домбыра үні патшалық құрды.

Орталық сахнаның биігіне орнатылған лед-экран арқылы қазақтың күйшілері туралы ақпараттар берілді. Сахнаның екі жағындағы тігілген киіз үйлердің бірінде жыршы-термешілер қазығын тіксе, екінші жағындағы үйде домбыра шеберлері орналасты.

Бірнеше жылдан бері домбыра жасаумен айналысып келе жатқан ағаш шебері Құтым Хасенов салтанатты мерекеге арнайы келіпті. «Ұлттық домбыра күні қазақ үшін ерекше мерекелердің біріне айналатынына сенемін. Себебі қоңыр домбыраның күмбірінде біздің ата-бабамыздың дауысы бар, ата-баба арманы бар, қазақтың тарихы бар. Таң атқалы мені Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған хабарламалар келіп жатыр. Мамандығым құрылысшы ғой, жыл сайын төл мерекем ретінде құрылысшылар күнін атап өтетін едім, енді, міне, екі мерекем болды», — дейді домбыра шебері Қ.Хасенов.

Құтым Хасенов — Ахмет Жұбанов ізін салып кеткен батыс үлгісіндегі домбыра жасаудың нағыз шебері. Кәсіби музыканттар арасында шебердің қолынан шыққан аспаптарға сұраныс жоғары. Бір домбыра кем дегенде 70 мың теңгеден басталады.

— Ертеде домбыраның қос ішегі үшін қойдың ішектері пайдаланылған, мұндай домбыралардың дауысы қоңыр келеді. Олар негізінен шағын аудиторияда ойнауға арналған. Қазіргі уақытта домбыра ішегін кәдімгі балық аулайтын қармақ жіптен жасайды. Ал ағаш бөліктерін жасауға қайың, үйеңкі пайдаланылады. Мен негізінен бұйра қайыңнан жасаймын. Домбыра жасау үшін қолданылатын ең сапалы ағаш — бұйра үйеңкі. Мұндай ағаш Қазақстанда өспейді. Оны Алматыға скрипка жасау үшін Ленинград музыкалық фабрикасынан штамп бастырып, арнайы алдыртады. Шеберлер скрипка жасаудан қалған бұйра үйеңкі ағашын қымбатқа сатады. Ал домбыра қақпағын жасау үшін Тянь-Шань шыршасынан артық ағаш жоқ. Ертеде Алматыда Тянь-Шань бауырайынан әкелінген шыршалардан салынған үйлер болған, соларды бұзған кезде шеберлер алтын саудалағандай саудалап, не сұраса да беріп, сатып алған кездері болды. Мен де Алматыға байқауға барғанда осындай ағаштарды талай іздедім, бірақ қолыма түспеді, — дейді шебер.

Мерекелік салтанатқа келушілердің дені балалар, олардың көбінің иығына ілген домбыралары бар. Қазақтың балаларының домбыраға әуес болғаны түсінікті: домбыра — қазақтың жаны. Қазақ киімін киген сары баланы сөзге тарттық.

— Есімім Семен Поленин. Жасым сегізде. Үшінші сынып оқушысымын. Домбырамен қазақтың он алты күйін тарта аламын, — дейді мақтанышпен. Анасы Галинаның айтуынша, Семен үш жасында теледидардан домбырашылар концертін көріп, қазақтың ұлттық аспабына бірден көңілі құлаған.

— Тек домбыра көрсе болды, жылай беретін болды. Сөйтіп, домбыра сатып алып бердік. Төрт жасында қалалық оқушылар сарайына домбыра үйірмесіне апардық. Жасының өте кішкентай болғанына қарамастан, домбыра үйренуге соншалықты құлшынып тұрған баланы алмауға ұстаздардың дәті бармады. Сол үшін оларға алғысымыз шексіз. Семен Астана, Орынбор қаласында өткен домбырашылар байқауына қатысты. Бүгінде жиырмаға жуық күй тарта алады, —  дейді анасы Галина.

«Домбыра-думан» мерекелік салтанатын «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі «Домбыра» қазақ биімен ашты. Отбасылық «Шашу» ансамблі өнер көрсетті. А.Көшкінбай мен С.Сметтің домбыра туралы айтысы, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжі домбырашыларының күй тартысы, П.Нарман, Е.Жұмағұлов,А.Қоянбайқызы бастаған термешілер шеруі жұртшылықты тәнті етті. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры артистері «Домбыра-дастан» атты театрландырылған көрініс көрсетті. Мереке барысында Е.Әбілев, Қ.Хасенов, М.Қабижанов сынды домбыра шеберлеріне құрмет көрсетілді. М.Қабижанов кішкентай домбырашылардың біріне өз қолынан шыққан ұлттық аспапты сыйға берді. Бұл бүгінгі мерекенің дәстүріне айналарлық әдемі көрініс болды.

Келушілерге Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлері домбыра аспабы туралы, қазақтың күй өнері, күйшілер туралы кітаптардан көрме ұйымдстырды. Шеберлер домбыра жасаудың жолдарын айтты.

Кеш соңы жастардың домбыра-патиіне жалғасты.

P.S.  Ақтөбеде Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар 30 маусымда басталды. Ақтөбеде екі жыл бұрын орнатылған 6 метрлік домбыра жанында домбырашылардың шеруі мен байқауы ұйымдастырылды. 1 шілде күні қаладағы барлық ашық алаңдарда домбыра үні естілді. Ертемен басталған мерекелік шаралар 12 сағатқа созылды. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарының тұрғындары мен қонақтарына домбырашылар концерті, домбырада ойнауды үйрету мен ағаш қолөнерінің шеберлік сабақтары, жас күйшілер байқауы, экспозициялық және кітап көрмелері,  домбыра-пати, қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен музыкалық викториналар ұйымдастырылды.

Мерекенің ең жас қонақтары үшін арнайы ойын-сауық бағдарламасы дайындалды: перзентханаларда 1 шілде күні  дүниеге келген әрбір балаларға домбыра тарту етілді.

Осы күні кешке Қобыланды батыр атындағы стадионда «Ақтөбе» мен «Шахтер» командалары арасында болған матч басталарда облыстың бес ауданынан келген 500 домбырашы бір мезгілде  Ахмет Жұбановтың «Би» күйін және Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады. Облыстық халық шығармашылығы үйінің өкілі Гүлнара Сейталинаның айтуынша, облыста осы күні өткізілген 750 іс-шараға 270 мың адам қатысқан.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями