7100 шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді

Дата: 28 июня 2018 в 12:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


7100 шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді

Биыл Мәртөк ауданына 5,2 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов хабарлады.

Оның айтуынша, биыл бес ай ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,6 миллиард теңгені, тартылған инвестиция 1,9 миллиардқа жуық теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 703,1 миллион теңгеге көп. Ағымдағы жылдың соңына дейін 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар.

Бөлшек сауда көлемі 1,1 миллиард теңгені құрады, 15 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, 10,9 миллион теңгеге өнім сатылды.

— Құрылыс жұмыстарының көлемі 555,7 миллион теңгеге орындалды. Қазіргі кезде 60 орындық интернаты бар 320 оқушыға арналған мектеп, Сарыжар ауылында ауылдық клуб, Мәртөк ауылында 136 учаскеге газ құбырын және 103 учаскеге электр желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қызылжар ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта жарақтандыру жұмыстары да қолға алынды. Құмсай және Ақмоласай ауылдарында су құбыры желілері құрылысына, екі пәтерлі 8 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылыстарына, Құмсай ауылындағы электр желілеріне, Вознесеновка, Достық және Құмсай ауылдарына тартылатын газ құбырының құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. 7100 шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 2,5 миллиард теңгеге 18000 шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып отыр, — деді Жандос Байырханов.

Белгілі болғандай, биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,2 миллиард теңгені құрады, 2,9 мың тонна ет, 14,3 мың тонна сүт өндіріліп, 1,7 миллион дана жұмыртқа алынды. Бүгінгі күні ауданда мемлекеттік бағдарламалар тиімді пайдаланылып, шағын және орта бизнес дамып келеді.

Ж.Байырхановтың айтуынша, өңірде жұмысқа орналастыру шаралары қабылданып жатыр.  Биыл бес ай ішінде ауданның 855 тұрғыны жұмысқа орналасыпты, 273 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа үлгідегі атаулы көмекпен 1099 адам қамтылыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями