Популярные темы

Әзіл әлемінің Әлімбайы

Дата: 28 июня 2018 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Әзіл әлемінің Әлімбайы

Өзінің сатиралық шығармаларымен ерте танылған, журналистика саласындағы еңбектерімен қалың оқырманының ықыласына бөленген Әлімбай Ізбай биыл 60 жасқа келер еді.

Азды-көпті өмір сүріп жатқан тіршілікте байқағаным — ақыл тоқтатып, ес жия бастаған кезіңдегі танысып, достасқан адаммен арадағы қарым-қатынас бара-бара туыстыққа айналып, көңіліңде мәңгі ұмытылмастай болып қалады екен. Қашанда есіме алып отыратын сондай достарымның бірі Әлімбай Ізбай болып қала бермек. Әлімбаймен бір ауылда өскен, бір мектепте оқыған жоқпын, бірақ та ақкөңіл, пейілі кең осы бір жанмен арамыздағы сыйластық туыстықтан да жоғары деңгейге көтеріліп еді.

1980 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне студент болып қабылдандық. Қашанғыдай сабақ басталар алдында бір айға ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберілдік. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар Алматы қаласының іргесіндегі «Горный гигант» совхозына алма теру науқанына түстік. Жетекшіміз — қазір елімізге танымал ғалым, профессор Намазалы Омаш. Ай бойы жақсы жұмыс істеп, университетімізге абыроймен оралдық. Келген бетте университеттің студенттер қалашығындағы  5-жатақханадан келіп, 307-бөлменің үш орындық бөлігіне Дихан Әбдиев, Ермұрат Бапиев үшеуміз орналастық. Жүгімізді жинастырып, бөлмені тазалап жатқанымызда көршілес екі орындық бөлмедегі жігіттер сәлем беріп келді.

Бойы биік, шашы толқын атқан сымбаттысы өзін Мәлік, жанындағы бойы аласа, жұқалау келгені Әлімбаймын деп таныстырды. Екеуі де ақтөбелік азаматтар, әскер қатарында қызмет атқарып келген тәжірибелі жігіттер екен. Жастары өзіміз құралпы, дайындық курсынан келіпті. Бірер күн бұрын жатақхана алған олар бізді бөлмелеріне шайға шақырды. Басымыздан өткен оқиғаларды айтып, біраз отырдық. Сонда менің байқағаным, Әлімбай әңгіменің майын тамызып, болған жайдың әр сәтін жібермей, тәптіштеп төгілдіріп сөйлейді екен. Өзі де, сөзі де жылдам Дихан шыдай алмады, «Әлеке, бес жыл бірге оқимыз, әлі талай әңгімелер айтылар, жаңа танысып жатырмыз, оқуға түстік, енді соны атап өтпейміз бе?» деп бәрімізді  «Қазақфильмдегі» сыраханаға шақырды. Кейіннен бас қосқан отырыстарда әңгімені Әлімбайдың ұзағынан толғайтынын білетін Дихан «Әлөша, ортасынан бастасақ қайтеді» деп тоқтатып отырушы еді.

Оқу орны толықтай студенттер қалашығына көшіп болмаған екен, біз алғашқы дәрістерімізді бұрынғы Киров көшесінің бойындағы ескі оқу ғимаратында бастадық. Түс ауа сабаққа барамыз. Әскери-теңіз флотында борышын атқарған Ермұраттың дайындаған тіл үйіретін тамағын ішіп, үтіктен жаңа шыққан көйлек-шалбарымызды киіп, бір үйдің баласындай жолға шығамыз. 100-автобустың ішіне кіргеннен-ақ сатира жанрында жазатын Дихан мен Әлімбайдың бір-бірін қағытқан қалжыңдарын естіп, күлкіге тұншығып, оқу корпусына қалай жеткенімізді байқамай қаламыз.

Сөйтіп, қызығы мен шыжығы мол студенттік өміріміз басталып кетті. Сондай күндердің бірінде  үлкен үзіліс кезінде болуы керек аудитория алдында тұрғамыз. Бізден әріректе екі-үш қыз әлденеге мәз болып жатты. «Жігіттер, жүріңдер, ана қыздармен танысайық» деп Дихан қоймады. Ілесіп бардық, филфактың қыздары екен. Ардақ, Мақпал…  Әлімбай Ардақты бұрыннан танитын көрінеді, оның үстіне дайындық курсында бірге оқыпты. Әншейінде ешкімге сөз бермейтін Әлөшәміз үн-түнсіз, жалтаңдап Мақпалдан көз алмайды. Оны байқап қалған біздер тұрамыз ба: «Ой-бой… Мына қарақат көз Мақпалды көріп Әлекеңнің есі шығып, сөзден қалды ғой, Ардақ, сен жерлесіңе қалыңдық іздеп жүрген боларсың», — деп тағы да басқа қағытпа сөздер айтып біраз тұрдық. Осы кездесуден кейін Әлекеңнің кеш түссе, бетке алатын бағыты филфактың жатақханасы болды. Кейде ақшамыз болмай қарнымыз ашқанда бірге барып, қыздардың бөлмелерінен баптап құйған қою шайлары мен қуырып пісірілген макарондарына тойып қайтатынбыз. Сол алғашқы курстан басталған  махаббат дастаны төртінші курстың аяғында Әлімбай  мен Мақпалдың  үйлену, шаңырақ көтеру тойына ұласты.

Студенттер қалашығындағы «Махаббат» кафесінде өткен тойда жігіт жолдас болып, Алматыда аптаға созылған мерекенің аяғында жақсы көретін  досымды сұлу Мақпалдың қолына тапсырып, бойдақтық өмірмен қоштасқан серігіммен жылап айырылысқанымызды жолдастарымыз қалжың қылып көпке дейін айтып жүрді. Келер жылы Әлекеңдер студенттер қалашығына жақын әл-Фараби көшесіндегі Гвардейский аялдамасы маңайынан бөлме жалдап тұрды. Кейіннен бір себептерге байланысты жатақхана берілмей, жігіттермен бірігіп сол маңайға пәтер жалдап шықтық. Ер-азаматтар жүрген жерде не береке болсын, тозып кеттік. Сол кезде Әлімбайдың үйі біздің тірегіміз болды.

Бір қызығы, Әлекеңнің шаңырағының астына менің қалыңдығым Айман келін болып түсті. Ақын Бауыржан Үсенов беташар айтып, Дихан курстасым асаба болды. Қайдан естігенін білмеймін,  журфак пен филфактағы достарымыз сол үйден табылды. Өлең оқылып, ән шырқалды. Айман әлі күнге дейін «ақ босағасын аттаған шаңырағым, ата мен енем Әлімбай мен Мақпал болады» деп риза көңілмен айтып отырады.

Оқу бітірердің аяқ кезінде деканымыз Темірбек Қожакеев шақырып алды да: «Целиноград облысында жаңадан ашылған Теңіз ауданының хатшысы хабарласып жатыр, аудандық газетке редактор, журналистер керек екен, үй-жаймен қамтамасыз ететін көрінеді. Курстастарыңмен сөйлес, Алматыда бос жүрмей, жағдай жасаймыз деп отырған жайлы жерге барыңдар. Жолдама тауып береміз», — деді маған. Содан ақылдаса келіп, Әлімбай, Дихан Әбдиев, Жүніс Омаров, Ғалым Қасабаев сол жаққа бірге баратын болып шештік. Неге екенін білмеймін, жеме-жемге келгенде төртеуі де «ойбай, бізді шақырып жатыр» деп өз елдеріне кетті. Кейіннен Әлекең Астанаға келіп жүргенде «баяғыда сенімен бірге кетуім керек еді» деп талай рет өкініш білдірді.

Бірде Әлекең телефон шалып, «Кенже қызымыз мектеп бітіреді, сендерге жібереміз. Өздеріңе бауыр басып, Дана қызымызға серік болсын» деп қашанғыдай айғай күлкісімен тыныс белгілерін жасап, біраз әңгімелер айтып тастады. Сол Зәурешіміз қолымызда  төрт жыл тұрып, оқуын бітіріп, Атырауға тұрмысқа шықты.

Зәуреш бірінші курсты бітірген жылы Әлекең Астанаға соңғы рет келіп кетті. Оңаша отырып, ұзақ сөйлестік. Ол сөз арасында Астанаға ауыссам қайтеді деген ой айтты. Бірден құптадым. Өйткені Әлекеңнің шығармашылық денгейінің жоғары, адами қасиеттерінің керемет екенін білгендіктен, қандай ортада болмасын «судай сіңіп, тастай бататынына» сенімім мол болды. Сол жолы жүгіріп жүріп біраз шаруалар бітірдік. Әлімбайды Қойшыбай Есентаев басқаратын «Ел» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі ретінде қосымша қызметке орналастырдық.

Қашанғыдай дастарқан жайып, Жүніс курстасымыздың үйінде отырғанда Бауыржан Жақып хабарласып, Астанада жүргенін айтты. Бәріміз бас қосқан сол кеште менің байқағаным, Әлекең білдіргісі келмесе де, ауырыңқырап отырды. Түн ортасында қайта-қайта темекі тартып, балконға шыға берген соң ыңғайсызданып жанына бардым.

«Соңғы кезде арқам құрысып, басым шыңылдайтын болып жүр, жүрек шіркін де мазалап қояды», — деді түнгі Астанаға ұзақ қарап. Осы көңіл күй пойызға шығарып салғанда да көтерілмеді. Тек кетерінде «Кенжеке, бәріне ризамын, аманшылық болса, келер жылы Мақпал екеумізді осы перроннан тосып аласыңдар әлі» деп бәрімізді құшақтап, қашанғыдай қалжыңдап, аңқылдап  вагонына барып мінді. «Е, бәсе, мен білетін Әлекең болса жоқтан өзгеге  қажымайтын қайсар жан емес пе еді» деген оймен вокзалдан ұзап бара жатқан пойыздың сонынан ұзақ қарап тұрдым.

Арада екі күн өтті ме, кешкі асты ішіп отырғамыз, телефон шылдыр етті. Тағы да жұмыстан іздеп жатыр ма деп алмадым. Қоймай шырылдаған соң телефонды көтерсем,  Мақпал екен, жылап тұр. Сөзінен ұққаным, Әлімбай кенеттен қатты ауырып қалыпты, есін жия алмай жатқанға ұқсайды. Көз алдым қарауытып кетті. Түрімді көріп шошып кеткен жұбайым да «не болды, не болды» деп жатыр.

Қызы Зәурешке айтпай, ертең жолға шықпақшы болып келістік. Ұйқы безді, балконға шығып, қайта-қайта темекі шегемін. Кеше ғана осы жерде бірге тұрып, өткен-кеткенді айтып әңгімелескеніміз, тамыз айындағы кезекті еңбек демалысымды Ақтөбеде, оның жанындай жақсы көретін Шалқарына баратын болып келіскенімізді есіме алдым. Сағатыма қараймын, түн ортасы ауып кетіпті. Телефон шылдыр етті. Батылым жетіп қолымды көтере алмадым, Айман алды. Жалған дүние-ай,  жүрген жері той-думан, аузын ашса жүрегі көрінетін жан досым өмірден өтіп, бақилық болып кетіпті…

Осы ит жылы Әлімбай екеуміздің 60 жасқа келетін кезіміз. Аз ба, көп пе, оны кеше ғана бірге оқуға түсіп, бір бөлмеден орын алған, арман қуған бес жігіттің —  Дихан, Әлімбай, Мәлік үшеуі өмірден озып, Ермұрат екеуміз болсақ мынау қу дүниемен арпалысып күн кешіп жүрген тіршілігіміз анықтар.

Әлімбайдың өзі өмірден өткеннен кейін «Қырық үш күндік кемдік» атты әзіл-сықақ әңгімелер жинағы жарық көргенін білеміз. Оның журналистік жолы, еңбектері туралы көпшілік жақсы білетіндіктен ол жағына көп тоқтала қойған жоқпын. Өйткені ол өзі қызмет еткен «Ақтөбе» газетіндегі әріптестері талай рет жазып жүргенін байқадым да.

Мен Әлекеңмен бірге өткен күндердін кейбір сәттерін ғана сөз еттім, еске алар сағынышқа толы айтар әңгіме одан да көп. Ерекше көңілім толып, досымды  мақтаныш етер сәтті Ақтөбедегі қазаға жиналған мыңдаған адамның Әлімбайдың шығармашылығына, азаматтығына айтылған жүрек жарды сөздерін естіген кезде сезіндім. Жаралы жүрегімді, көңілсіз күйімді досыма деген мақтаныш кернеді. Жан досымды жер қойнына беріп тұрып артында қалған Мақпалға асыл жар, балаларына ардақты әке болған, туған жері мен елінің елеулі азаматы болып қалатын Әлімбаймен тіршілікте бірге болғаныма шүкіршілік еттім.

Кенже ЖҰМАҒҰЛОВ,

«Еуразия ақпарат» орталығының директоры.

Астана қаласы.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями