Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Үздік медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Дата: 16 июня 2018 в 16:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Аққағаз Досжанова атындағы мәжіліс залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл шараға денсаулық сақтау ісінің ардагерлері, медицина қызметкерлері, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

Салтанатты шара барысында Бердібек Сапарбаев төл мереке иелерін құттықтап, облыстағы медицина саласындағы жетістіктерге тоқталды:

— Дүниедегі ең қадірлі мамандықтардың бірі — дәрігер. Себебі дәрігерлер адам денсаулығын жақсартады, өмірін ұзартады. Соның бір дәлелі  — соңғы 25-27 жылда Ақтөбеде балалардың туу көрсеткіші артып, өлім саны азайды. Тоқсаныншы жылдары Ақтөбе облысында 700 мыңға жуық адам тұрған, қазір 860 мыңға жуық адам тұрады. Яғни осы жылдар аралығында халық өсімі 25 пайызға артып отыр. Бұған қоса, бұрын ақтөбеліктердің өмір сүру жасы 68 жас болса, бүгінде бұл көрсеткіш — 73,8. Ширек ғасырда ақтөбеліктердің өмір сүру жасы 7 жасқа ұлғайды. Бұл да дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

27 жылда елімізде медицина саласында айтарлықтай өзгерістер болды, осы саланың дамуына барынша жағдай жасалып келеді. Кеңес Одағы кезінде МРТ, КТ, ПЭТ дегендер Ақтөбе түгілі Алматыда болған жоқ, ал лапароскопиямен ота жасау, Алматы былай тұрсын, Мәскеуде болмайтын. Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығы жақсы болсын, медицина саласының материалдық-техникалық базасын дүниежүзілік стандартқа сай келсін деген мақсатта осы салаға барынша көңіл бөліп келеді.

Ақтөбеде аталған салада түрлі құрылыстар салынды, жаңағы айтып кеткен МРТ, КТ, ПЭТ дегендердің барлығы да бар, бір сөзбен айтқанда, бізде қазір барлық науқастарды емдейтін мүмкіндік бар. Ақтөбеде медициналық кластер құру ісі жүргізіліп жатыр. Соңғы бес айдың ішінде Ақтөбеде 19 жаңа медициналық мекеменің құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында медициналық салада түрлі жобаларды жүзеге асыруда Ақтөбе республика бойынша алдыңғы орындарда. Медицина қызметкерлері мемлекеттік органдар ішінде бірінші болып біздің ұсынысымызды қолдап, бір күндік жалақысын жинады, нәтижесінде әдемі медицина саябағы ашылды. Сіздер басқа сала қызметкерлеріне үлкен өнеге көрсеттіңіздер. Мұның барлығы — облыстық денсаулық сақтау  басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің, осы салада жұмыс істеп жатқан барлық қызметкерлердің еңбегінің жемісі. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз, денсаулығымыздың мықты болып, ұзақ өмір сүріп жүргеніміз үшін борыштымыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі медицина саласының үздіктерін құттықтады. Дәрігерлер Дина Әбірешова, Азамат Тұрышев, Сәкен Нұржан, Николай Павленко, Галина Векленко, Светлана Ким, Бақытжан Бақыткереев сынды бірқатар дәрігер «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен марапатталды.  Жеті адам «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медаліне ие болды. Г.Боранбаева, Г.Жөнербаева, А.Түсіпқалиев, А.Айтуғанқызы, Б.Бралова, Р.Еникеев, Р.Жұмағалиева, Ж.Сатаев секілді дәрігерлер түрлі номинация бойынша Ақтөбе облысы әкімінің грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен қазақтың тұңғыш әйел дәрігері Аққағаз Досжанованың атындағы сыйақы бекітілген болатын. Ол медицина саласындағы үздік мамандарға беріледі. Төл мереке қарсаңында бұл құрметке «Үздік жетекші» номинациясы бойынша  қаладағы №4 қалалық емхананың бас дәрігері Мереке Нұртазин, «Үздік ауылдық дәрігер» номинациясы бойынша Ойыл аудандық орталық ауруханасының дәрігері Зибагүл Кенебаева, «Кәсіпке адалдық» номинациясы бойынша №6 қалалық емхана дәрігері Роман Рахиев, Ақтөбе медициналық орталығының хирург-трансплантолог дәрігері Надияр Мусин, «Үздік орта буын медицина қызметкері» номинациясы бойынша №8 қалалық емхананың мейірбике ісі бойынша бас дәрігердің орынбасары Ағиба Мәжекеновалар лайық деп танылды. Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Төлеу Сапаров «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты шара кезінде медицина саласында табысты еңбек етіп жүрген алты адамға пәтер кілттері тапсырылды. Олардың қатарында Ақтөбе медициналық орталығы балалар  стационары кардиореанимациясының меңгерушісі Нұрия Суханова, осы орталықтың дәрігер-эндоскописі Әлихан Айтжанов, облыстық перинаталдық орталығының неонатолог дәрігері Алмагүл Дакирова, жедел жәрдем ауруханасының травматологі Жасұлан Орымбаев, Ақтөбе медициналық орталығының анестиозолог-реаниматологі Асхат Сейтжановтар бар. Ақтөбе медициналық орталығының хирург-трансплантолог дәрігері Надияр Мусинге үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

— Надиярды Астанадан арнайы шақырдық. Оңтүстік Кореяда еңбек еткен, корей, ағылшын тілдерін жетік біледі, халықаралық медицина саласында тәжірибесі үлкен. Оңтүстік Кореядан Ақтөбеге келіп, бүйрек ауыстыру бағытында бірнеше ота жасаған профессор Ли маған: «Ақтөбенің дәрігерлері бүйрек ауыстыруды үйренді, енді мен тек бауыр трансплантологиясы отасын жасаймын» — деді. Бізге осындай мамандар қажет, жарайсың, Надияр, — деді облыс әкімі.

Надияр Мусин Ақтөбе медициналық орталығының инновациялық қызмет және медициналық туризм бөліміне жетекшілік етеді.

— Мереке қарсаңында пәтерге ие болып отырмын. Төрт балам бар, үлкені 13-те, кішісі 1 жаста. Сондықтан бұл дер кезінде көрсетілген үлкен қолдау болды. Облыс әкіміне, денсаулық сақтау басқармасы басшысына алғысым зор.

2015-2017 жылдары Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Сеул ұлттық университетінде трансплантология бағытында докторлық диссертациямды қорғадым. Өткен жылы шілдеде Ақтөбеге облыс әкімінің арнайы шақыртуымен келдім. Аталған Сеул университетімен тығыз байланыстамыз. Биыл жыл басынан бері бүйрек ауыстыруға қатысты алты ота жасадық, —  дейді ол.

Шара барысында Бердібек Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке жалпы құны 57 миллион теңгеден асатын 10-нан астам санитарлық автокөліктің сертификатын тапсырды.

Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара кезінде облыс әкімінің «Бақытты бала» жобасы аясында 5 жетім балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот аштырып, 100 мың теңге салым салғанын растайтын сертификат тапсырылды. Облыс әкімінің бастамасымен жетім балаларға үй алуына қолдау көрсететін бұл шара алда да жалғасатын болады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті