Популярные темы

Алғыс хаттар тапсырылды

Дата: 16 июня 2018 в 15:42


Алғыс хаттар тапсырылды

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев халықаралық және республикалық  деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытқандарға Алғыс хат табыс етті.

Марапатталғандардың қатарында облыстық басқарма және департамент басшылары, аудан әкімдері мен орынбасарлары, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин бар.

— Біз облыс әкімінің бастамасымен бірқатар маңызды іс-шараларды өткіздік. Бірліктің, ауызбіршіліктің арқасында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. 31 мамыр — Саяси  қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған халықаралық конференция ұйымдастырылып, ескерткіш ашылды. Балаларды қорғау күніне орай әкелер форумы өтті. Сонымен қатар өңірімізге республикалық мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия тобы келіп, жоғары бағасын берді, — деді Е.Нұрғалиев өз сөзінде.

— Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» атты халықаралық форумға белсенді түрде атсалысты. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Литва, Польша мемлекеттерінен келген және қазақстандық сарапшы ғалымдар қатысты. Ақтөбе қаласындағы 14 жоғары және арнаулы оқу орнында, «Нұр Отан» партиясы облыстық ғимаратында кездесулер ұйымдастырылды, — деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бас маманы Гүлнар Қадырова.

Облыс әкімінің орынбасары Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқаны үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековті, аталған университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаровты, т.б. марапаттады.

Облыстық «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев:

— Спортшыларымыз көк байрағымызды халықаралық деңгейдегі спорттық шараларда көкке көтеріп, Әнұранымыз шырқалған сәтте ерекше мақтанышқа кенелеміз. Менің ойымша мектеп қабырғасындағы жаттығу сабақтары мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталғаны дұрыс. Себебі болашақ чемпиондардың бойында патриоттық сезім қалыптасуы керек, — деді.

Шара соңында  марапатталушылардың атынан ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Поделитесь новостью с друзьями