Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбе мен Астана: 1000 кішкентай жерлесіміз Елордаға экскурсияға барады

Дата: 14 июня 2018 в 12:02


Ақтөбе мен Астана:   1000 кішкентай жерлесіміз Елордаға экскурсияға барады

 

Бірер аптада 20 жылдық белесін тойлағалы отырған Астана қаласының осылай гүлденуіне әр облыстың қосқан үлесі бар. Бұл жағынан Ақтөбе де тыс қалған емес. Бір ғана мысал, арадағы байланысты нығайтып, әріптестікті одан сайын беки түсу үшін өңіраралық форумдар, мәдени-спорттық шаралар һәм экспедициялар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде Астананың тойы аясында білім беру саласы бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева айтып берген еді.

 Өңірде қандай және қанша шара өтеді?

— Астана қаласының 20 жылдығына арналған мерекелік шаралардан облыстың барлық білім беру ұйымдары да тыс қалмайды. Айтулы датаға орай «Елімнің жүрегі сен — Астана» мерекелік балалар концерті, «Туған күніңмен, Астана!» велошеруі, «Сүйікті Астанаға бір шоқ гүл сыйлаймыз» көрмесі, сондай-ақ, мәдени-спорттық шаралар, елорданың құрылысындағы Елбасының ролі мен өңірлерді дамытудағы Астананың үлесі туралы дәрістер, ең үздік шығарма, өлең, сурет байқаулары, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылмақ. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласында және аудандарда «Сәлем саған, Астана!» атты барлығы 43459 адамды қамтыған балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруі өткен болатын. Бұның барлығы айналып келгенде балалардың еліміздегі биылғы басты мерекенің маңыздылығын сезіну үшін ұйымдастырылып жатыр.

Бәрін қоса есептегенде, бас қаланың мерейтойына орай өңірде 200-ге жуық шара өтеді деп жоспарланған. Олар — кітаптар, фотосуреттер және шығармашылық жұмыстардың көрмелері, сурет байқаулары, экскурсиялар, концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар, тәрбие сағаттары.

Тағы бір қуанышты жаңалық, Астана күнінде Хромтау ауданында республикалық бюджеттен салынған Дөң орта мектебі мен спорт алаңы, ал Қарғалы ауданында спорт алаңы пайдалануға берілгелі отыр. Жалпы, осы жылы бюджет қаражаты есебінен 9490 орындық жоба қуаттылығымен 26 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны — 27 миллиард теңге.

Қаларалық әріптестіктің дамуы қалай?

Ақтөбе мен Астананың арасында бұған дейін де тиімді ынтымақтастық орнатылған. Оның дәлелі — өңіраралық серіктестікке басымдық берілген Ақтөбе облысындағы Астана күндері аясындағы шаралар. Облыс орталықтары елордамыз — Астанаға қарап бой түзесе, екі жаққа да пайдасы мен тиімділігі мол қарым-қатынастар қалыптасады деп білемін. Былтыр өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі де арадағы әріптестікті нығайтуға зор септігін тигізді.

Бүгінгі таңда екі өлкенің білім саласындағы байланысы қалыптасқан. Алдағы уақытта әріптестікті әрі қарай дамытамыз деген жоспар бар. Әсіресе, елордалық әріптестеріміздің сала бойынша сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстарын қарап, өзара тәжірибе алмасқымыз келеді.

Осы орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биыл өңірімізде бала жылы болып жарияланып, «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның аясында түрлі пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары, спорттық жетістікке жеткен дарынды оқушылар және аз қамтылған, көпбалалы, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 мыңға жуық ұл-қыз облыстық, аудандық бюджеттен, демеушілер тарапынан бөлінген қаражатқа Астана қаласының көрікті мекендеріне экскурсияға жіберіледі. Экскурсия барысында кішкентай ақтөбеліктер ЭКСПО ғимараттарын, қаланың көрікті жерлері мен ойын-сауық кешендерін аралайды. Астана — еліміздің жаңа мәдени және туристік орталығы екенін ескерсек, бұл балаларға ерекше сый болатыны сөзсіз.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берген еді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық — Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».

Астана күнінің қайсысы есіңізде қалды?

Астана қаласы елорда болғалы ақтөбеліктер жыл сайын осы мерекеге арналған түрлі шараларды ұйымдастырып жүр. Елорданың «туған күніне» арналып өткізілген шаралардан, әрине, білім мекемелері де тыс қалған емес. Соның ішінде Астана күнімен тұспа-тұс келген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ерекше атап өтер едім. Сондай-ақ облыс күндері Астанада өте ауқымды және мазмұнды өтті.

Елорданың дамуына жеке басыңыз тарапынан қандай пайдаңыз тиді дейсіз бе? Қазақстан халқы Елбасымен бірге қаланың қалыптасуы мен дамуына бар күш-жігерін салуда. Астана Президент идеясының іске асуы және барлық Қазақстан халқының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Меніңше, әр қазақстандық Астананың дамуына, өсуіне өз үлесін қосуы керек.

Ақтөбеліктер де Астананың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Олардың қатарында, әрине, мен де бармын. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы, қала әкімінің орынбасары лауазымдарында жүрген кезде де елорда күндерінің жоғары деңгейде өтуіне, білім беру ұйымдары тәрбиеленушілері арасында Астананың жетістіктерін насихаттауға белгілі бір деңгейде үлес қостым деп есептеймін.

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Нұрдәулет ҚУАНДЫҚҰЛЫ,

Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің қызметкері:

— Астана — арман қала! Əрине, бұған келіспейтін жан жоқ шығар деп ойлаймын. Еліміздің ордасы, жүрегі — Астанада тұру əр қазақстандықтың арманы ғой. Мен үшін Астана тұрғылықты мекенім болмаса да, онда бір сəт болып, ауасын жұтып, сұлу сәулетін көзбен көруімнің өзі — арманымның бір бөлшегінің орындалғаны деп есептеймін.

Мен алғаш Астанаға оқушы кезімде, дәлірек айтсам, 2006 жылдың күзінде бардым. Теледидардан көріп, тамсанып жүрген Астананы өз көзіммен көрген тебіреністі сәтімді ұмыту мүмкін бе?! Əлі есімде… Бір «Бəйтеректің» өзі елордамыздың бар көркін ашып тұрғандай болды маған.

Одан кейін 2016 жылы əн байқауына қатысуыма байланысты екінші рет жолым түсті. Он жыл ішінде адам сенгісіз өзгерген Астананы көргенде бойымды ерекше қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Жас болса да, бас қала атанған Астанамыз — өнер, білім мен мəдениеттің, ғылымның ордасына айналды. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астанада өтуінің өзі тегіннен-тегін емес қой. Сол жылы мен де мүмкіндікті жібермей, Ақтөбенің Астанадағы күндеріне байланысты жолым түсіп, концертіне қатыстым. Мерекені бірге тойладым.

Ал биыл еліміздің басты əн байқауларының бірі — «Жас қанат-2018» республикалық байқауында бағымды сынап, оның жартылай финалына жетіп, Ақтөбеме жүлдемен оралдым. Қос арманым бірдей орындалды десем, артық емес. Бірі — осы байқауға қатысу болса, екіншісі — күн санап көркейген, сəулетті де сұлу жазғы Астананы көру.

Биыл — Астанаға 20 жыл! Қысқа ғана уақыт  ішінде осындай ғаламат дәрежеге жетіп, əлем сүйсінер қалаға айналды. Бұл — Елбасымыздың ерен еңбегі мен сындарлы саясатының жемісі. Бүгінде əлемге өзін мойындата білген, бағыты айқын жас қаламыз — Астананың болашағы зор болсын деп тілеймін!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями