Популярные темы

Асқар ЖҰБАНОВ, профессор: «Жерлестеріміздің аузынан «Халық жауының ұрпағы» деген сөз шыққан жоқ. Соған риза болдық»

Дата: 02 июня 2018 в 12:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Асқар ЖҰБАНОВ, профессор:  «Жерлестеріміздің аузынан «Халық жауының ұрпағы» деген сөз шыққан жоқ. Соған риза болдық»

Ақтөбе қаласының Жеңіс даңғылында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік мекемелердің, этно-мәдени , діни қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер,  ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдары қаза болғандардың жақындары мен туыстары қатысты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Ақтөбе қаласында ашылған ескерткіш белгі 0,4 гектар аумаққа орнатылған. Композицияның авторы — ақтөбелік мүсінші Ахмет Құбай. Қоладан орнатылған ескерткіш тұғырының биіктігі — 110 см, мүсіннің биіктігі — 240 см, жалпы ұзындығы — 12 метр. Композицияда тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған, зәбір көрген адамның тұлғасы бейнеленген. Бірақ соған қарамастан, автор өз жұмысында жеңілмеген, жүрегінде қайраты бар адамның бейнесін мүсіндеген. Ол өз ақиқатын дәлелдеу үшін ақырына дейін шайқасып, темір тұтқыннан босауға тырысады. Мүсіннің кейбір дене тұсы жалынға айналған матамен оралған. Гранитке ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған және Президент Н.Назарбаевтың «Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз» деген сөзі жазылған. Гранит қабырғасының үстінде шаңырақ орнатылған.

Бұл күні ескерткіш орнатылған алаңда өнер ұжымы тарихтан белгілі зұлмат жылдардың көрінісін театрландырылған қойылым арқылы бейнеледі.

— Халқымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккен боздақтар рухын қастер тұту — біздің борышымыз. Сондықтан 31 мамыр — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл — барша қазақстандықтар үшін қастерлі күн. Осы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде 4 мыңға жуық, ал Ақтөбенің өзінде 500-ден аса әртүрлі іс-шара өткізілуде.

Мемлекет басшысы қазақ халқына бүкіл ХХ ғасырдың қорқынышты оқиғалардан тұрғандығын ерекше атап өтеді. Сол қорқынышты жылдары қазақ ұлтының қаймақтары — жетекші құрамның 650 адамы атылды, елдің алдыңғы шебіндегі ұл-қыздарымыз қудаланды. Екі миллионға жуық адам сотталып, лагерьлерде азапты бастан кешті. Тоталитарлық жүйенің бүкіл салмағын Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған азаматтар да сезді, барлығы 62 этникалық топтың өкілдері тұтқындалды. Бүгінде Қазақстан бойынша сол оқиғаларға арнап 66 ескерткіш орнатылды. Ақтөбеде ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш аша отыра, біз оларды мәңгі жадымызда сақтаймыз, — деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде саяси қуғын-сүргін кезінде Ақтөбеде 2 мыңнан аса адамның ату жазасына кесілгенін, олардың қатарында Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Ұзақбай Құлымбетовтердің де болғанын атап өтті.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары өздерінің естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі —  тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, саяси репрессия құрбаны Құдайберген Жұбановтың ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбанов.

— Мен Құдайберген Жұбановтың алты баласының кенжесімін. 1937 жылдың 13 қарашасында дүниеге келгенмін. Бір аптадан кейін, яғни 19 қарашада әкем Құдайберген Жұбанов мені перзентханадан үйге алып барған екен. Бұл — әкемнің мені соңғы рет көруі. Сол күні әкемді «халық жауы» деген жаламен ұстап алып кеткен. Анамыздың, үлкен аға-апаларымыздың айтуынша, үйде ешнәрсе қалдырмай, әкемнің барлық кітапханасын, қағаз, қолжазбасына дейін көлікке тиеп алып кеткен. Содан 1938 жылдың 25 ақпанында «халық жауы» деген желеумен әкемізді атып жіберіпті, — деген Асқар Жұбанов сол бір шақтағы отбасы тартқан ауыр күндерді әңгімеледі.  «Айтатын нәрсе өте көп. Көрген қиыншылықтарымыздың бірі — «халық жауының баласы» деген желеумен менің институтқа түспегенім емес, аға-апаларымыз коммунистик партия қатарына да өте алмады. Бірақ туған жердің аты туған жер.  Ең қиын кезде Ақтөбеге келіп, өзіміздің жерлестердің, туыстардың қасында болдық. Сонда солардың ешқайсысының аузынан «халық жауының ұрпағы» деген сөз шықпаған екен. Соған риза болдық», — деген профессор бүгінде оның әкесінің және туыстарының атына Ақтөбеде жасалып жатқан іс-шараларға ризашылығын білдіріп, облыс басшылығына алғысын айтты.

Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу рәсімінде «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев та өз естелігімен бөліссе, ал Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың жүректен шыққан мына бір өлеңі жиналған жұртты тебірентті:

ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР

Не көрмеген, бәрін көрген азаптың

Сол болды ғой сорақысы мазақтың

Сардалаға сары сүйек шашылып

Ит мүжіді алтын басын қазақтың.

 

Бауырына басу үшін даласын

Қынадай ғып қырды қазақ баласын

Тең жарымы жер бетінен жоқ болған

Кімге айтады момын халық наласын.

 

Қиянатпен қолдан жасап аштықты

Қалың елдің көмейіне тас тықты

Елін жойып, жерін басып алатын

Кім болжаған мұндай сұмдық қастықты.

 

Аштық жалмап небір жайсаң нар ұлын

Таппай қалдық боздақтардың қабірін

Қадірлеуге, аялауға міндетті

Бүгінгі ұрпақ тоқшылықтың қадірін.

 

Жойылмады Алаш елі алайда

Аман қалып үлгі болды талайға

Елбасымыз күні-түні толғанды

Қазақ елін ел қылам деп қалайда.

 

Қазақ елі — Мәңгілік ел, Қазағым,

Сенің ұлы тарихыңды жазамын.

Аштықтағы Алашымның азабын,

Ескерткіш қып мәңгілікке қалдырған,

Азат елге арналады ғазалым!!!

А.ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

 

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша Нурсултан Назарбаев
Поделитесь новостью с друзьями