«Тарихтан тағылым — өткенге тағзым: киелі тарих және тарихи зерде»

Дата: 31 мая 2018 в 12:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбеде кеше Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясындағы іс-шаралар басталды. Бұл жоба биыл тоғызыншы рет қолға алынып отыр.

Ұйымдастырушылар — Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президентінің архиві. «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясындағы іс-шаралар алғаш рет 2010 жылы Астанадағы «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде өткізілген болатын.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында кеше осы жоба аясында «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым: киелі тарих және тарихи зерде» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — ҚР Президенті ӘкімшілігініңҚазақстан халқы АссамблеясыХатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстелде сөз алған ғалымдар ХХ ғасыр ішіндегі қуғын-сүргіннің Қазақстанды мекендеп отырған ұлттарға ортақ қасірет екенін, сондай-ақ, бұл қасіретті тарихтың зерттеп-зерделер, толықтырар тұстары әлі де көп екенін ерекше айтты. Олардың пікірінше, атқарылуы тиіс істердің бірі — 1920-1921 және 1932-1933 жылдардағы аштықтар кезінде көз жұмған қазақтардың аты-жөндерін анықтау.

Отан тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған:

— Біз үлкендерден: «Отбасымызда 15 бала едік, содан өзім ғана аман қалыппын» — деген мазмұндағы әңгімелерді естіп өстік. Әр үйдің төріндегі бір-бір қария айтып отыратын мұндай сөздердің астарында халқымыздың басына төнген үлкен нәубеттің тарихы жатқанын кейін ғана ұқтық. Иә, бұл әңгімелер сол жылдардағы аштық қасіретінің қазақ ауылдарында бірде-бір шаңырақты айналып өтпегендігін көрсетеді, — деді.

Ал ҚР Президенті архивінің директоры, профессор Борис Жапаров аштық қырғынына ұшырап, көз жұмғандардың аты-жөндерін анықтау өте маңызды деп санайды.

— Ерте ме, кеш пе — аштықта көз жұмғандардың аты-жөндері анықталады. Бүгінгі күні жер-жердегі архивтерді осы іске жұмылдырдық, — дейді ол.

Ғалымдар үлкен өкінішпен айтып жүрген жайт — қазақтардың аштыққа дейінгі нақты саны жөніндегі ресми деректің жоқтығы. Әр жерден табылған деректер әрқалай «сөйлейді». Соңғы кезде Қазан төңкерісіне дейін-ақ қазақтардың саны 8 миллионға жеткені туралы деректер де табылды. Осы жиында да бұл мәселе төңірегінде сөз қозғалды. Айта кетерлігі, Қазақстанды мекендеген басқа діндегі азаматтардың саны, тіпті мал басының саны да есепке алынып, ресми мәліметте сақталған. Ал қазақтардың санына қатысты деректер жойылған немесе әдейі кемітіліп көрсетілген. Сонау патша заманынан басталған бұл саясатты кеңестік билік тіпті үдете түскен секілді…

Сонымен қатар, өткен ғасырдың 30-50-жылдарындағы қудалау саясаты қазақ халқына ғана емес, сол тұста Қазақстанға жер аударылған, яғни депортацияланған халықтарға да айтып жеткізгісіз қасірет әкелді. Дөңгелек үстелде Ақтөбе жеріне депортацияланған халықтар тарихынан сөз қозғаған ғалым,Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Аман Әлібектің айтуынша, біздің өңірге «сенімсіз халықтар» ретінде алдымен корейлер мен поляктар «жеткізіліпті». 1939 жылы, яғни ІІ дүниежүзілік соғыс қарсаңында корейлер «жапондарға көмекші болуы мүмкін» деген қауіппен — Қиыр Шығыстан; ал поляктар бұрын Польша құрамында болған Батыс Украинадан көшіріліп әкелінген. Ғалымның деректері бойынша, 1939 жылы облыстағы 818 корей шаруашылығының 782-сі Қарабұтақ ауданында тіркелген. Қазақстанға 100 мыңға жуық корей, 60 мыңнан астам поляк көшіріліп әкелінсе, солардың әрқайсысының, шамамен, 7 мыңдайы Ақтөбе жерін мекендепті. Ал соғыс жылдарында Ақтөбеге немістер, Кавказ бен Қырым халықтары да депортацияланған.

Дөңгелек үстелде еліміздің әр аймағынан келген ғалымдар Жетісу жері, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына депортацияланған халықтар тарихына талдау жасады, саяси қуғын-сүргін қасіретінің ұлт болмысына тигізген зардаптарын саралады.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.