Соғылды соңғы қоңырау

Дата: 26 мая 2018 в 02:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Кеше облыс мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиындар өтті. Биыл аймақта 6823 түлек 11-сыныпты тәмамдады. Олардың 500-ден астамы «Алтын белгіден» үміткер. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен үш тілде білім беретін №21 мектеп-гимназияда ұйымдастырылған соңғы қоңырау салтанатында ұстаздар мен ата-аналарды, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады.    

Биыл өңірдегі Назарбаев зияткерлік мектебін 175 түлек бітіреді. Олардың 9-ы — «Алтын белгіге», ал 8-і — үздік аттестатқа үміткер. Қазіргі таңда аталған мектептің 38 түлегі Назарбаев университетінің Foundation бағдарламасы бойынша оқуға қабылданса, тағы 25 түлек  АҚШ, Канада, Венгрия, Түркия және Ресей секілді елдердің жоғары оқу орындарына шақырту алған.

Кеше бұл ордасында өткен соңғы қоңырау салтанаты екі бөліктен тұрды. Мерекенің алғашқы бөлігі елордамыз Астананың 20 жылдығы мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының  10 жылдығы және Ақтөбе қаласындағы зияткерлік мектептің бес жылдық мерейтойына арналды.

Мектеп директоры Сабыржан Сәдуақасовтың айтуынша, биыл осы айтулы датаға орай Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде Назарбаев зияткерлік мектебінің он күндігі аталып өткен. Сондай-ақ, ол мектептің халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) аккредитациядан өтуін осы жылдағы айтулы оқиғаларының бірі ретінде атады. Себебі, бұл ұйым білім саласындағы соңғы жетістіктер мен жоғары стандарттарды ілгерілетуге бағытталған әлемдік деңгейдегі таңдаулы білім беру ұйымы саналады.

Бүгінде 720 бала білім алатын Ақтөбедегі зияткерлік мектепте өткен салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды мерекемен құттықтады.   Өңір басшысы құттықтау сөзінде бүгінде мемлекетімізде қазақстандықтардың сапалы заманауи білім алуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

— Әрбір мемлекеттің дамуы, өркендеуі, болашағы оның білімді азаматтарына байланысты. Ешқандай байлығы жоқ Корея мен Жапонияның, Қытай мен Америка Құрама Штаттарының қалай дамып, өсіп жатқанын  өмірлік тәжірибемізден білеміз. Осының бәрін ескере келе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан жиырма бес жыл бұрын дүниежүзінде бірінші болып  «Болашақ» бағдарламасын  тағайындады. Осы бағдарламаның арқасында еліміздің мыңдаған жасы әлемнің ең мықты деген жоғары оқу орындарында білім алып, қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс жасап, ел дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Қазіргі заманның талабын ескере отырып, тезірек дамыған отыз елдің қатарына ену үшін осыдан жиырма жыл бұрын Елбасының бастауымен Қазақстанның барлық өңірінде зияткерлік мектебі ашылды.  Қазір елімізде 27  зияткерлік мектебі жұмыс жасайды. Оның оқушылары, бітірушілері грант негізінде тек Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің жоғары оқу орындарына түседі. Биыл бес жыл толған Ақтөбе зияткерлік мектебінің Қазақстанның білім саласында орны бар. Аз уақыт өтсе де осы мектептің түлектері Америкада, Еуропа мен Азияда оқып жатыр, — деп Бердібек Машбекұлы ата-аналар мен ұстаздарға өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде «Ауыл мектебін қолдайық!» акциясы басталыпты. Бердібек Сапарбаев бұл бастаманың өте орынды екенін әрі қолдау танытатынын білдірді.

— Бүгін сіздердің өмірлеріңізде ерекше, тарихи есте қалатын күн. Алдарыңызда үлкен өмір жатыр. Сол өмірден өз орындарыңызды таба білулеріңіз керек, бірақ ол оңай емес. Ол үшін біріншіден, жақсы білім мен тәрбие, екіншіден — төзімділік қажет.  Үшіншіден, адам өзінің алдына үлкен мақсат қою керек. Болашақ мамандықтарыңызды дұрыс таңдап, Отан үшін, халқыңыз үшін өмір сүріп, еңбек ететіндеріңізге сенемін. Елбасы сіздер бәсекеге қабілетті болып, өзге дамыған елдердегі құрдастарыңыз секілді тұлға болып дамуларыңыз үшін жастарға үлкен қолдау жасап жатыр. Сондықтан, айналайын жастар, біздің сіздерге тілейтініміз —  сол үмітті, сенімді ақтаңыздар. Қазақстан ешқандай мемлекеттен кем қалмай, тезірек 30 дамыған елдің қатарына енуі керек. Соның барлығы Қазақстанның жастарына байланысты, — деп атап өтті облыс әкімі.

Зияткерлік мектепте оқу жылының аяғында қалыптасқан дәстүр бойынша жылдың үздік оқушысы, үздік мұғалім және белсенді ата-ана анықталады. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.

Бұдан кейін Ақтөбе қаласындағы үш тілде білім беретін №21 мектеп-гимназияға барған облыс әкімі әуелі білім ордасының ауласында салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысымен танысты. Бұл — оқушылар санының көптігіне байланысты  үш ауысымдық мәселесін болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс.

Биылғы оқу жылын тәмамдаған мектеп-гимназиядағы 1664 оқушының 436-сы оқу үздігі, 794 бала оқу екпіндісі атанып, жалпы білім сапасы 74 пайызға жеткен. Осы жылы мектеппен қоштасқан  92 түлектің бесеуі — «Алтын белгіге», ал біреуі — үздік аттестатқа үміткер.

 

Соңғы қоңырау салтанатында түлектер қоштасу вальсін билеп, бейбітшілік пен достықтың, татулықтың  символы саналатын ақ көгершіндерді әуеге ұшырды. Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназияда түлектер тілегі парақшасына облыс әкімі де өз қолтаңбасын қойып, қоңырау бейнесіндегі шарды түлектермен бірге аспанға ұшырды. Салтанатты жиында мектеп-гимназияның бір топ оқушысы білім мен өнердегі жетістігі үшін «Бақытты бала» жобасы аясында жазғы лагерьге тынығуға берілген  жолдаманы облыс әкімінің қолынан алды.

118 МЫҢ БАЛА ЛАГЕРЬГЕ БАРАДЫ

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл облыс мектептерін 6823 түлек тәмамдады. Оның 500-ден астамы — «Алтын белгіден» үміткер.

Белгілі болғандай, 29 мамырда ақтөбелік оқушылар үшін мемлекеттік емтихан басталады. Ал 20 маусым мен 5 шілде аралығында түлектердің жоғары оқу орындарына түсуі үшін бірыңғай ұлттық тестілеу өтеді.

— Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде ешқандай өзгешелік жоқ. Барлық пункттерде тікелей трансляция жүргізіледі. Яғни емтихан кезінде ата-аналар интернет желісі арқылы ұялы телефондарынан өз балаларына көруге мүмкіндік болады. Бұл мүмкіндікті әрбір жерде жергілікті әкімдіктер ұйымдастыруы керек, — деді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, биылғы жылдың бір ерекшелігі — техникалық мамандықтарға көп грант бөлініп отыр. Сондықтан ол түлектердің мамандық таңдауда осындай мүмкіндіктерге көңіл аударын ескертті.

Сонымен қатар биыл 118 мың бала жазғы демалыс лагерьлерімен қамтылмақ. «Бақытты бала» жобасы аясында осы жылдың 1 маусымы күні облыс мектептері жанынан 17 спорттық алаң пайдалануға беріледі. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, балаларды қорғау күніне орай 20 мектепте робототехникалық кабинеттер ашылмақ. Оның 8-і — Ақтөбе қаласында, ал қалғандары аудан мектептерінде іске қосылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті