Елтоқ ата — ел жадында

Дата: 24 мая 2018 в 12:02

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Тағдыры таланына өзгелерден ерекше қасиет пен талантты жазған, ал сол қабілетін, бүкіл күшін халықтың игілігі үшін жұмсаған, өнегелі өмірімен көптің құрметіне бөленген Елтоқ Сәрсенбаев атаны ел әрқашан да ерекше ілтипатпен еске алады.

Қарауылкелді селосындағы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ауласында Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ленинград қаласының құрметті азаматы», халықтың қадірлі ақсақалдарының бірі болған Елтоқ Сәрсенбаевтың ескерткіш-бюсті орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Алдымен Елтоқ Сәрсенбаевтың кім екендігі туралы қалың оқырманға дерек келтіре кетсек. Елтоқ Сәрсенбайұлы 1924 жылы 21 қаңтарда Байғанин ауданының аумағында дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Әуелгі кезде Темір ауданындағы Қонжар балалар үйінде болса, кейіннен тағдырдың жазуымен Мәскеу облысындағы Вологда губерниясының балалар үйіне ауыстырылады. Ес біліп қалған шағында фабрика-зауыт мектебіне қабылданып, сол жерде оқып, құрылысшы мамандығын алады. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында өз еркімен сұранып Кеңес Одағы армиясының қатарына алынып, Ленинград майданы құрамаларының сапында болады. №260 дербес әскери-теңіз десанттық бригадасының жауынгерлері қоршауда қалған Ленинград қаласын 900 күннен астам қорғап, 1944 жылы сол қоршауды бұзған кескілескен шайқастарға қатысып, одан әрі Балтық жағалауындағы республикаларды азат етуге жалғасып, соғысты Шығыс Пруссия жерінде аяқтаған. Алайда сол кездегі саяси, әскери ахуалға байланысты 1950 жылдардың бас кезіне дейін әскер қатарында қызметін жалғастырған. Елтоқ Сәрсенбаев «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Сондай-ақ «Ленинградтың 205 жылдығы» белгісінің, «Жуков» медалінің иесі.

1965 жылы 9 мамырда оған «Ленинград қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Елтоқ атаның суреті Ленинград қаласының Орталық әскери-теңіз мұражайына қойылды. Көзі тірісінде оған Жеңіс күні қарсаңында Ленинград қаласының басшылығынан, аталған мұражай ұжымынан құттықтау хаттар келіп тұрды.

Елге оралғасын күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіруге бір кісідей атсалысып, түрлі салаларда жұмыс жасап, 1967 жылдан бастап 1985 жылы зейнеткерлік жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін өрт сөндіру командасының аудандық бөлімшесінің бастығы қызметін атқарды.

Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойына Байғанин аудандық халық сотында халық заседателі болды. Ата-бабаларымыздың бай мәдени мұрасын бойына жинақтаған қазыналы қарт тарихи әңгімелерді, шежірелерді айтқанда, естіген жұрт сүйсініп, тамсана тыңдайтын. Жастайынан қалың орыстың арасында көп жүргендіктен болар, заңдарды қазақша да, орысша да мүдірмей айтып отыратынын көргендер ол кісінің сауаттылығына риза болушы еді.

Елтоқ ата соғыс туралы өздігінен көп айта бермеген. Ленинград қаласында болған оқиғалар туралы айтқанда, қаланы әбден аштық қысып қиналғандарында шаһар тұрғындары асханалардың жанындағы соғысқа дейін тамақ қалдықтарын төгіп тастаған орындарды қазып, соны талғажау қылғандарын көргендігін, ал өзі бір жолдасымен бірге келе жатқандарында бір тиінді көріп қалып, екі түйір ғана патроны қалғандықтан қатты қиналғандарын, себебі оның біреуін жаудан қорғану үшін сақтаған ақырғы патроны екенін, егер бір оқ тиінге тимесе аш қалатындарын ойлап, атқан оғы тиінге тигенде қатты қуанғандарын айтқан болатын.

Елтоқ атаның мойнының сол жағында жарақаттың тыртық орны бар еді. Бірде сол жарақат туралы сұрағанымда, ол жарақатты Кенигсберг қаласы үшін соғысқанда неміс әскерлерімен бетпе-бет кездескендерінде Елтоқ атаның мойнына неміс офицері қанжар салып алғанын, сол мезетте жан дәрмен қанжардың жүзінен жалаң қолымен ұстап қалып, айқаса кеткенін, ебін тауып неміс офицерінің жүрегінен қанжармен ұрып өлтіргенін, бұл жарақат содан қалғанын, мойны сол жағына қарай толық бұрылмайтынын айтқан болатын.

Елтоқ атаның тағы бір ерекше тылсым қыры – емшілігі, көріпкелдігі, әулиелігі болатын. Атаға ерекше қасиет қонуының да бір тылсым сыры бар екен. Елтоқ ата соғыстан елге оралғасын Түрікменстанға нағашыларын іздеп барғанында сонда ұйықтап жатып ауырмай-сырқамай қайтыс болған. Содан ел жиналып, оны оң жаққа шығарып қойып садақасын жасап, енді жерлейміз деп жинақталып жатырғандарында Елтоқ атаға қайтадан жан бітіп тірілген. Содан садақаның арты тойға айналған екен дейді. Осы оқиға туралы атаның өзінен сұрағанда ол кісі түнде ақ сақалды аталар кіріп аян беріп, «Құран аяттарын оқы» дегенін, Елтоқ ата: «Мен қалай оқимын? Арабша ештеңе білмеймін ғой» дегенінде әлгі аталар: «Оқы!» деп бұйырғанын, солай белгісіз құдіреттің тылсым күшімен бірте-бірте арабша әріптерді танып, Құранды оқи бастағанын өз аузымен айтқан. Елтоқ ата осылайша өліп-тірілген екен.

Содан кейін бойына ерекше қасиет қонып, ауырып дертіне шипа іздеген талай адамдардың жанына сая болды. Атаның емшілігімен қатар көріпкелдігі де болды. Әртүрлі жоқ іздеген адамдарға құмалақ ашып та, ашпай да жауабын айтып берген. Атаның көзі тірісінде үйіне алыс-жақыннан адамдар ағылып келіп-кетіп жататын. 1999 жылы 27 сәуірде өмірден өткенше үлкейіп қалғанына қарамастан бес уақыт намазын оқып, оразасын тұтып, елді Алланың жолына үндеп, имандылыққа шақырып, көптеген адамдарды емдеп, науқастарынан айықтырып, ажалдарына араша түсіп, тынымсыз еңбектенді. Елтоқ атаның шипасы тиіп ауруларынан айыққан жандар және олардың ағайын-туыстары, жалпы қалың жұртшылық ол кісінің есімін үнемі құрметпен, ризашылықпен еске алып отырады.

2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылып әрі жұртшылық сұранысына сәйкес ата басына тілеухана үйі салынды.

Халықтың осындай ыстық ықыласы мен ниетінің арқасында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Рамазан Назаров деген азаматтың бастамасымен еңселі ескерткіш тұрғызылды. Ескерткішті жасаған — осы өңірдің перзенті таланатты жас мүсінші Жомарт Ерғалиев. Ал ескерткішке жазылған:

Өтті ол маңғаз даланы өртке шалдырмай,

Емдеді елді, келгеннің көңілін қалдырмай.

Дұшпанға қарсы күресе білген қадірлім,

Жатырсың бүгін бейітте мынау алдың жай, —

деген өлең шумағының авторы жерлес ақын Жақсылық Айжан.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Ж.Жаңабай, Қарауылкелді селолық округінің әкімі С.Жұбан құттықтау сөз сөйлеп, ағайындарының атынан Т.Құлынбай, ұжымдастары атынан өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы қызметкері Р.Бақытов, кенже баласы Б.Елтоқ естеліктерін айтты. Одан соң ескерткішке гүл шоғы қойылып, аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерінің шағын мерекелік концерті ұсынылды.

Іс-шараның соңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде мерекелік дастарқан жайылып, соғыс ардагерлерінің рухтарына Құран бағышталды.

Осылайша ел-жұрт Елтоқ ата секілді ерін, жақсысы мен жайсаңын ардақтап, бағалап, ескерткіш қойды.

Елтоқ Сәрсенбаевқа ескерткіш орнату туралы бастама көтеріп, ұйымдастырған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Рамазан Назаровқа және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жеке құрамына, талантты мүсінші Жомарт Ерғалиевке, осы ескерткіш орнату жұмыстарына көмектескен Мейрамбек Жазымовқа, Қанат Құрмашевқа, Бекжан Асауовқа, Бақытжан Жаңабергеновке, Серік Қонаевқа, Дастан Қоштанбековке, Қайсар Қарамұқановқа, өзге де атсалысқан ел азаматтарына алғыс айтылды.

… Алдағы шілде айының ішінде Елтоқ атаның тілеухана үйіне ескерткіш тақта орнатылмақшы. Сондай-ақ үлкен жолдың бойына жолаушылар үшін ата басына бағыттаушы белгі қойылады.  Осы күні өмірден өткен ата-баба рухына бағышталып ас беріліп, басқа да тағылымдық-тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.

Нұрлыбек КӘДІРОВ,

       Байғанин ауданы.