Ақтөбеде Орынбор облысының күндері өте жоғары деңгейде өтті

Дата: 22 мая 2018 в 12:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

18-19 мамырда Астананың 20 жылдығына орай Ақтөбедегі Орынбор облысының күндері кең ауқымда аталып өтті. Екі күн бойы облыс орталығында мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

 АВТОКЕРУЕНДІ ҚАРСЫ АЛДЫ

Сенбі күні Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастаған делегация мен Астананың 20 жылдығына орай Орынбор облысынан жолға шыққан «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға!» автокеруенін шекарадан облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин күтіп алды.

Бұдан кейін губернатор бастаған делегация Мәртөк ауданындағы «Айс+» ЖШС-ның сүт тауарлы фермасының жұмысымен танысып, марал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық пен «Зару» шипажай-пантоемдеу орталығын аралады.

Автокеруен қатысушыларын Мәртөк ауданының Саржансай ауылында бір топ белсенділер мен облыстың жастары салтанатты түрде қарсы алып, оларға ыстық бауырсақ пен шұбат ұсынылды.

Қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм татқан губернатор жиналғандарға:

— Бұл менің Ақтөбе жеріне, жалпы Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен қазақ халқының қонақжай, кең пейілді халық екенін бұрыннан білемін. Осы жерде тұрған жастардың  көпшілігі Орынбор жерінде болды деп ойлаймын. Жыл артқан сайын екі облыс арасындағы қарым-қатынас нығайып келеді. Сондай-ақ Ақтөбе жері де көркейіп, жан-жақты дамуда. Ал бұл өз кезегінде бізді қуантады, — деді Юрий Берг.

Бұдан кейін автокеруен Ақтөбеге қарай жолға шығып, Саржансай ауылының маңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергті салтанатпен қарсы алды.

Айта кету керек, Астананың 20 жылдығына орай Орынбордан басталған автокеруен «Орынбор-Ақтөбе-Қызылорда-Алматы-Астана» маршрутымен жол жүреді. Автокеруен елордаға 6 шілде — Астана күні қарсаңында жетеді.

ЖЕТІСТІКТЕР БАЯНДАЛДЫ, МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастаған делегация «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен ресми жиынға қатысты.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауқымды іс-шаралар шекаралас жатқан екі өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саясатының түрлі салаларындағы өзара байланысты нығайту, Ақтөбе жеріне Ресейдің жетістіктері мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін таныстыру мақсатында өтіп жатқанын жеткізді.

— Бүгін біз көршілес жатқан екі облыс арасындағы ынтымақтастықты дамыту және арттыру жолында тағы бір қадам жасадық. Екі елдің Мемлекет басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастықты дамыту мәселелеріндегі сарабдал саясатының арқасында біздің алдымызда өзара тиімді әріптестікті дамыту және нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды, — деді облыс әкімі.

Ол өз сөзінде екі ел арасындағы бизнес-құрылымдар өкілдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстың әрі қарай дамуы мен жақсаруына «Еуропа — Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өндірістік көрмесі, «Ақтөбе Инвест» халықаралық инвестициялық форумы және «Орынбор — Еуразияның жүрегі» форумы ықпал ететінін атап өтті.

Жиында облыс әкімі Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы айта келе:

— Мұндай іс-шаралар экономиканың түрлі салаларының субъектілері арасындағы тікелей байланысты жолға қоюға, Үкімет пен бизнеске қолайлы диалог орнатуға мүмкіндік береді, — деді.

Бұдан кейін Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг ақтөбеліктерге қонақжайлылық танытқандары үшін ризашылығын білдіріп, жииналғандарға алғысын жеткізді.

— Ақтөбедегі Орынбор облысының күндеріне біздің өңірден мыңнан астам адам, жалпы үлкен делегация келіп отыр. Бұл екі облыс арасындағы серіктестік пен достық қарым-қатынастарды нығайтудағы біздің шынайы ниетімізді көрсетеді.

Екі көршілес жатқан облыс өз аумағымызды дамытуға мүдделіміз, ал бұл мақсат тек тығыз байланыс жасаған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұған дейін онжылдықтар бойы екі өңір арасында экономикалық, мәдени байланыстар тығыз орнады. Орынбор облысының Ақтөбе облысымен байланысының әртараптануы Ресей мен Қазақстанның басқа облыстарынан гөрі деп айтуға болады. Бүгінге дейін екі облыс арасындағы өзара сауда айналымы жеті есеге дейін артты, — деді Ю.Берг.

Айта кету керек, өткен жылы Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 1124,8 млн долларды құрады, оның ішінде Орынбор облысының үлесі —  89,5 млн доллар. Ал облыс аумағында жұмыс жасайтын шетелдік 1084 кәсіпорынның арасында 534-і ресейлік капиталға тиесілі.

Өткен жылы жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындарды іске қосу арқылы Ресей нарығына хром және мыс-мырыш концентраттарын, металл емес құбырлар, ұялы бетон блоктарын, химиялық және басқа да сұранысқа ие өнімдерді экспорттау өсті. Сондай-ақ

Ақтөбе облысы басшылығының өзара тиімді қарым-қатынастарды әрі қарай дамыту мақсатында барынша қолайлы жағдай жасауының арқасында экспортталатын өнімдердің түрлері кеңейіп, нәтижесінде облыс аумағымен жүретін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы аяқталып, көлік және жүк айналымы шамамен екі есеге өсті. Бүгінгі күні Ақтөбе-Орск тасжолы қайта жаңартылып жатыр. Сонымен қатар өңірлер арасындағы өзара сауда-саттықты арттыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан «Жиренқопа-Первомайское» жеңілдетілген өткізу бекетінде халықаралық өту нүктесін ашу туралы мәселе қозғалды.

Өткізу пунктін ашу және оған халықаралық мәртебе беру Қобда, Ойыл, Байғанин және Темір аудандарының, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының Ресей шекарасына дейінгі аймақтарында тұратын тұрғындар үшін 111 шақырым транзиттік жол жүруді азайтып, Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы өзара сауда-саттықтың дамуына серпін береді деп күтілуде.

Басқосу соңында тараптар бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтсақ, Ақтөбе облысының білім беру басқармасы мен Орынбор облысының білім министрлігі білім беру сапасын жақсартуға және ақтөбелік дарынды 120 баланың «Күншуақ елі» лагерінде, орынборлық 120 баланың «Әсем» лагерінде демалуын ұйымдастыруға бағытталған бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Орынбор облысының өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының және облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері жоғары технологиялар саласындағы бірлескен инвестициялық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар ресейлік «Tюльган машина жасау зауыты» мен «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Шара соңында екі өңірдің кәсіпкерлері бас қосып, шағын және орта бизнес субъектілері өздерінің өндіретін өнімдері мен өнім өткізу көлемін арттырудағы қызметтерін таныстырды.

Басқосудан кейін Бердібек Сапарбаев пен Юрий Берг Ақтөбе қаласындағы «Yo Yo» батут орталығының жұмысымен танысты.

САЯБАҚТАҒЫ САЛТАНАТ

Ақтөбедегі Орынбор облысы күндерінің салтанатты ашылуы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары мен Орынбор облысынан келген делегация қатысты.

Бұл күні таңертеңнен бастап орынборлықтар Орталық саябақ алаңына шатырлар құрып, сахнаны безендіріп, орыс халқының ескі тұрмысын бейнелейтін жеке аулалар жасақтады.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг көпшілікке жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

— Біздің міндетіміз — ата-бабамыздың жолын ары қарай жалғастыру. Қазақстан Ресей Федерациясы үшін ынтымақшыл, берекелі көршілес ел болды және солай болып қала береді. Ең бастысы, ол — адами қарым-қатынас. Біз екі облыстың азаматтары жақсы қарым-қатынас орнату үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, сонда экономика да, саясат та жақсы дамиды, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг салтанатты шараға жиналғандарға ризашылығын білдіріп:

— Көп жылдан бері екі өңір өзара достық қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Біз бәрін бірге құрып, бірге жұмыс жасап келеміз. Екі елдің Президенттері бізге айырылмас достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта біз болашақ ұрпаққа бейбітшілікте өмір сүріп, екі мемлекет арасындағы бірлік пен татулықтың сақталуы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек, — деді.

Бұдан кейін екі өңірдің басшылары Астананың 20 жылдығына орай жолға шыққан автокеруенді қарсы алып, оларға сәттілік тіледі.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға!» автокеруенін ұйымдастыру туралы бастаманы қолдағаны үшін Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергке шынайы ризашылығын жеткізді.

— Орынбор — Қазақстанның алғашқы астанасы. Қазақстанның мемлекет ретінде тарихы осы қаладан басталады. Сондықтан біздің автокеруен өз сапарын Орынбордан бастады. Бүгін ол Ақтөбеге келіп жетті. Бұдан кейін автокеруен екінші астанамыз — Қызылордаға, одан соң үшінші астанамыз — Алматыға, ең соңында елордамыз — Астанаға жетеді, — деді Бердібек Сапарбаев.

Салтанатты шарадан кейін Бердібек Сапарбаев пен Юрий Берг Орталық саябақта ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкені аралады.

ЖӘРМЕҢКЕ: САПАЛЫ ӨНІМ, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

Орталық саябақ алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге ағылған көпшіліктің қарасы көп болды. Қала тұрғындарының келуімен сауда қызды. Орынборлық 50-ден астам тауар өндірушілер мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын өз өнімдерін ақтөбеліктерге қолжетімді бағаға ұсынды.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген кәсіпорынның бірі — Орынбор облысындағы Орск ет комбинаты. Кәсіпорын бүгінде сиыр, шошқа, қой, жылқы етінен бұқтырылған консерві өнімдерін, сондай-ақ паштет, күріш, қарақұмық ботқасын өндіреді.

Кәсіпорынның сату бөлімінің жетекшісі Алена Ефанованың айтуынша, Орск ет комбинаты 1938 жылы құрылған. Бүгінде аталған комбинатта 330 адам жұмыс жасайды.

— Бүгінгі жәрмеңкеге бұқтырылған сиыр, жылқы, қой, шошқа еттерінің консервілерін әкеліп отырмыз. Орташа бағасы — 450-500 теңге. Ақтөбелік тұрғындарға мейлінше арзан бағаға ұсынып жатырмыз. Бұқтырылған еттің орташа сақтау мерзімі — 2 жыл, — дейді Алена Ефанова.

Жәрмеңкеде өз өнімдерін арзан бағаға ұсынғандардың бірі — Орынбор облысының Асекеев ауданынан келген «Хлебодар» ЖШҚ.

Шаруашылық рапс, күнбағыс, зәйтүн, қыша майын өндірумен айналысады. Олар жәрмеңкеге 1,5 тонна май әкелген. Олардың орташа бағасы — 380-400 теңге.

Сонымен қатар ауылшаруашылық жәрмеңкесінде орынборлықтар қала тұрғындарына шұжық, ірімшік, балық, май, ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді қолжетімді бағаға ұсынды.

 — Өткен жылы ақтөбеліктер Орынбор облысына барып, Ақтөбенің күндерін өткізгенін білеміз. Биыл орынборлықтар Ақтөбеге келіп, өздерінің өнімдерін арзан бағаға ұсынып, концерттік бағдарламаларын қойып, екі күн қатарынан мәре-сәре болып жатырмыз. Тауарлары сапалы, бағасы қолжетімді. Кейбір өнімдердің бағасы біздің сауда орындарына қарағанда арзан. Бүгінгі жәрмеңкеде балық, шұжық сатып алдым. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынасымыз дами береді деп ойлаймын. Достығымыз берік, аспанымыз ашық болсын! — дейді қала тұрғыны, зейнеткер Әбілғазы Рсалин.

ДӘРІГЕРЛЕР ҚАБЫЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

Орталық саябақ алаңында қала тұрғындарына Орынбор облысының денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері мен жоғары медициналық технологиялары таныстырылып, орынборлық дәрігерлер қабылдау жүргізді. Атап айтсақ, С.Федоров атындағы «Көз микрохирургиясы» салааралық ғылыми кешені Орынбор филиалы мобильді диагностикалық құрылғыларын таныстырып, офтальмологиялық кабинетте тұрғындарды қабылдады. Заманауи үлгіде жабдықталған кабинетте келген науқасқа барлық жағдай жасалған.

Офтальмолог-дәрігерлердің айтуынша, бұл күні 150-ден астам адам көз жанарын тексертіп, кеңес алған.

Сонымен қатар ақтөбеліктер Орынбор қаласы медициналық оңалту орталығы мен Орынбор облыстық перинаталды орталығының мамандарынан кеңес алып, арнайы жасақталған шатырларда қан қысымын өлшетіп, УДЗ аппараты арқылы қалқанша бездерін тексертті.

Алма ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Орынборлық дәрігерлердің қабылдауында болып, бірқатар кеңес алдым. Қалқанша безімді тексертіп, қан қысымымды өлшеттім. Эндокринолог дәрігерлер қалқанша безімде аздап өзгерістер бар екенін айтты. Алдағы уақытта жергілікті мамандарға барып, ем аламын. Жалпы мұндай шаралар жиі өтсе халыққа пайдалы. Себебі бірінші байлық — денсаулық.

Данагүл ҚАЗИХАН.