Орталық базарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық деректері анықталды

Дата: 17 мая 2018 в 12:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Мемлекет басшысының  базарларда тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы Орталық базарының жұмысымен танысты.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Бауыржан Сыздықов хабарлағандай, орталық базарды тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының 32 бұзылуы дерегі анықталған. Эвакуациялық шығу есіктері үйінділермен жабылған, арнаулы өрт техникасының базар ғимараттары мен құрылыстарына бару жолы ескерілмеген, өрт белгі беруі жарақсыз, т.б. кемшіліктер орын алған.

— Барлық кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым берілді, оның мерзімі маусым айының соңына дейін. Бұдан басқа, ауданаралық экономикалық сотқа тәртіп бұзушылықтарды толық жойғанға дейін қызметтерін тоқтату туралы талап арыз жолданды, — деді

Б.Сыздықов.

Облыс әкімі базар қызметі мен баға құрылымын реттеу, осы қатарда санитарлық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қатаң бақылауда ұстау туралы тапсырма берді.

— Егер жұмыс істегісі келсе, адамдардың қауіпсіздігі туралы ойлансын және тәртіп бұзушылықтарды жолға қойсын. Егер олай істемесе, жауып тастау қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы бұдан басқа 2018-2019 жылдары пайдаланылуға берілетін «Ақтөбе» индустриялдық аймағындағы 11 жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын тексерді. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер учаскелерін беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындаса да, бірнеше жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі басталған жоқ.

— Бірінші қыркүйек — соңғы мерзім. Осы уақытқа дейін құрылыс жұмысын бастамағандардан жер учаскелері қайтарылып алынады, — деп облыс басшысы инвесторларға ескерту жасады.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы бірқатар маңызды әлеуметтік және өнеркәсіптік құрылыстардың жай-күйін тексерді. Олардың қатарында «Әсем» жыл бойы жұмыс істейтін лагері, аквапарк, Неке сарайы, «Аналарға тағзым» музей-үйі, тарихи-өлкетану музейі, мұз сарайы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аумағындағы қаладан шығатын өтпежол, «Көктас-Ақтөбе» АҚ силикат бұйымдары зауыты бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.