Ешқашан ұмытпаймыз!

Дата: 10 мая 2018 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Төрт жыл, 1400 күн мен 1400 түнге созылған екінші дүниежүзілік соғыста 27 миллионнан астам адам ажал құшты. Бұл дегеніңіз, әр күн сайын 14 мың, әр сағат сайын 700, ал әр минут сайын 10 адамның өмірі қиылды деген сөз. Миллиондаған адамның қыршын өмірімен, тыл еңбеккерлерінің зейнетімен келген төрт жылдық үміттің жеңіске жеткен күні Ақтөбеде биыл да салтанатпен аталып өтті.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе өңірінен 120 мыңнан астам адам аттанған, соның жартысынан көбі қайта оралмаған… Бүгінде елге аман келген ардагерлердің көбі дүниеден озды. Жеңіс күнінің биылғы салтанатын тек 61 ардагер ғана тамашалай алды…

Бүгінгі ұрпақ үшін аңызға айналған жылдар өтеді, сол жылдарды аңызға айналдырған адамдар да арамыздан алыстайды. Бірақ ұрпақ жадында тарих жаңғырып тұрады. Жеңіс күні өткен шаралар соның айғағы.

Салтанатты шаралар «Мәңгілік алау» даңқ ескерткішінен, батыр Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешенінен басталды. Облыс, қала басшылары, облыстық, қалалық мәслихат, құқық қорғау, күштік құрылымдары ұжымдары, басқармалар, департаменттер, оқу орындары өкілдері, ұлттық мәдени орталықтар, партия өкілдері соғыста қайтыс болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.

«Мәңгілік алау» даңқ ескерткіші маңында шағын еске алу шарасы өткізілді. Аталарының, әжелерінің суреттерін көтеріп шыққан балалар өз батырлары туралы мақтанышпен айтты. Көзі тірі ардагерлер мен тылда еңбек еткендер, бүгінде сексен-тоқсаннан асқан аталар мен әжелер де майдандастарын, тылда бірге еңбек еткен достарын еске алысты.

Бауырластар зираты, Ә.Молдағұлова бюсті, «Зеңбірек» ескерткіштері маңында да еске алу шаралары өткізіліп, гүл шоқтары қойылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ бұдан кейін Батырлар аллеясында есімдері жазылған Кеңес одағының батырларының рухына тағзым етті.

Облыстық әкімдік алдындағы алаңдағы салтанатты шараларға 20 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысты. Қаламыздағы әскери оқу орындарының, күштік құрылымдардың курсанттары мен қызметкерлері қатар-қатар сап түзеген. Әскери көліктер тізіліп тұр. Аталары мен әжелерінің, әкелерінің портреттерін көтерген тұрғындар ерліктің туын көтергендей әсер береді.

Екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының батальон командирі, гвардия майоры Асхат Шапиев, сержант Айбек Қадырхан, Бердияр Төребаев, Ерқанат Заманбаевтардан тұратын Ту ұстаушы тобы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ортаға алып шықты. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерде, ант беру кезінде, жауынгерлік рәсімдер мен салтанаттарда орындалатын бұл рәсім кеудеңде мақтаныш туғызады. Ту алып шығу үздік әскери қызметшілерге тапсырылады.

Жеңіс күніне арналған шараға жиналған гарнизондық жеке құрамның дайындығын полковник Назаровқа подполковник Туғанбаев жария етті. Подполковник гарнизондық жеке құрамды Жеңіс күнімен құттықтады. Бұдан соң қала халқын мерекемен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады:

Біз ұрпақты Отанын сүюге, Отанына адал болуға тәрбиелеуіміз керек. Бұл шаралардың барлығы да соған арналған. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болса ғана дамимыз, үздік 30 елдің қатарына қосыламыз. Облыс басшылығы атынан барлық ардагерді, қала халқын Жеңіс күнімен құттықтаймын! Елімізде соғыс болмасын, Қазақстанның көк Байрағы желбірей берсін! — деді аймақ басшысы.

Бұдан соң Жеңіс күніне арналған әскери шеру басталды. Оған Ақтөбе қаласының әскери бөлімдері, әскери оқу орындарының өкілдері қатысты. Әскери шеруді 30/230 әскери бөлімінің әскери базасының офицерлер құрамы бастады. Аталған бөлімнің сержанттық тобы, Ақтөбе гарнизонының әскери қызметтегі әйелдер тобы, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының офицерлері, ұшқыш курсанттар, инженерлік-техникалық құрам курсанттары, әскери институттың әскери қызметтегі әйелдер қауымы, ҚР Ұлттық Ұланының 66/55 әскери бөлімінің жеке құрамы, ҰҚҚ шекарашылар тобы, ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты курсанттары, Ақтөбе гарнизонының құрама оркестрі шеруге сән берді. Облыстағы Екінші дүниежүзілік соғысының көзі тірі ардагерлері мінген көлік автокөлік шеруін бастады, одан соң әскери киім киген театр актерлері мінген әскери көліктер сап түзеді.

Соғысқа Ақтөбе облысынан 122 423 адам аттанған. Олардың ішінен 35 Кеңес Одағының Батыры, 9 «Даңқ» орденінің толық иегері шықты. 137 ақтөбелік жау қолына түсіп, мерт болды. 60 мыңнан астам боздақ майдан даласында көз жұмды. Екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары 35 Кеңес Одағының Батыры мен  9 «Даңқ» ордені кавалерлерінің портреттерін көтеріп, шеруге қосылды. Одан соң аталары мен әжелерінің суреттерін көтерген  20 мыңнан астам қала тұрғыны шерумен бірге сап түзеді…

«Мәңгілік полк» Әбілқайыр хан даңғылы бойымен жаяу жүріп, Орталық саябаққа ат басын тіреді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

По сообщению сайта Ақтөбе газеті